Басты бет » Рухани жаңғыру » Жаңғыру жолымен

Жаңғыру жолымен

Биылғы 3 қарашада Астанада Елбасының төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өткені белгілі.

Бұл жиында партияның 2017 жылдың 10 айында еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыруы аясында атқарған жұмысы қаралады.

Кеңейтілген отырыста ақтөбелік делегация құрамында — Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Сергей Вишняк, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің директоры, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Жеңіскүл Мұхамбетпайызова күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ойларын айтты. Төменде сол сөздерді оқырмандарға ұсынып отырмыз.

БІЗДЕР БІРГЕМІЗ!

Сергей ВИШНЯК,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары

Бүгін біз елімізді жаңғыртудың өте маңызды мәселелерін және біздің алдымызға жаңа дәуір қойып тұрған міндеттерді талқылаудамыз. Біз орасан зор жоспарлар жасау мүмкіндігіне иеміз, өйткені біздің Қазақстанымыз — ауқымды экономикалық, саяси, әлеуметтік, инновациялық, интеллектуалды, рухани, пассионарлық әлеуетке ие тұрақты, әлемге ашық және құрметке ие мемлекет.

Біз әр қадам сайын бұл жоспарларымызды өмірге енгізе аламыз деп ойлаймыз, өйткені Болашақтың баянды болуы үшін ең сенімді тұғыртасты қалап үлгердік. Ол — қазақ жеріндегі тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім.

Оның негізін Сіз қаладыңыз, құрметті Елбасы!

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ Сіз барлық қазақстандықтардың бірлігі мен теңдігін, этникааралық және конфессияаралық келісімді мемлекеттік саясаттың нағыз мызғымайтын негізіне енгіздіңіз. Сіз қазақстандықтардың бірлігін одан әрі нығайту үшін өз қолыңызбен бәрін де жасаудасыз.

Осыдан 22 жыл бұрын Сіздің бастамаңызбен Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді бірегей институт құрылымдалды.

Ассамблея Сіздің бұлжымас қолдауыңыз бен табысты қызметі арқасында жалпыхалықтық институтқа айналды және жоғары конституциялық мәртебеге ие болды. Бүгінгі күні еліміздің саяси бейнесін Қазақстан халқы Ассамблеясынсыз елестету қиын.

Бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделі, негізінен Қазақстан халқы Ассамблеясының баға жетпес тәжірибесі халықаралық қауымдастықта тыңғылықты зерттелуде, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен әлемдік жетекші институттар сүйсіне бағалауда.

Бейбітшілік пен келісімде жоғары және игі өнерде, тіпті мен айтар едім, талантта қазақстандықтар бүгіннің өзінде бәсекеге қабілетті.

Тұрақтылық және келісім — бұл Елбасының мақсатты саясатының, күллі Қазақстан халқының төзімділігі, жауапкершілігі және жасампаздық даналығының нәтижесі. Бұл — мемлекеттің, азаматтық қоғам институтының, әрбір адамның жылдан-жылға, ұрпақтан-ұрпаққа ұқыпты және жауапкершілікпен жүргізілуі тиіс ауқымды күн сайынғы жұмысы.

Бұл жұмыста Қазақстанның барлық патриоттары — ниеттестер және қанаттастар! Бұдан басқа, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясының мүшелері болып табылады.

Сондықтан да ұзақ жылдар бойы Ассамблея мен партия этникааралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі аясында бірлескен жұмыс жүргізіп келеді, ал 2016 жылы біздің өзара іс-қимылымызды жан-жақты әрі сапалық тұрғыдан күшейтуге бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Мәжілістегі Ассамблея депутаттық корпусы мен партия фракциясы бірлескен толыққанды заң шығарушылық қызметін жүргізуде.

Ассамблея өкілдері орталықта және аймақтарда партиялық сараптамалық және диалог алаңдарында, оның ішінде партиялық тыңдауларға, «Мирас» және демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы мәжілістеріне, қоғамдық қабылдаулар жұмысына, әлеуметтік маңызы бар партиялық жобаларды жүзеге асыруға және көптеген басқа бағыттар бойынша шараларға белсене қатысады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХV cессиясында Сіз Ассамблеяға «Нұр Отан» партиясымен бірге жүйелі жаңғырту міндеттеріне жауап беретін қоғамдық сананы қалыптастыру бойынша жұмыс құрылымдауға тапсырма бердіңіз. Бұл тапсырмаңыз біздің басты назарымызда тұр, Нұрсұлтан Әбішұлы!

Біздер «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық алты жобасын жүзеге асыруға барлық деңгейде: орталықтан бастап жергілікті жерлерге дейін бірлесіп қатысудамыз. Тұтастай алғанда, жылдың аяғына дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы рухани жаңғыруға бағытталған 600-ден астам шараны өткізуді жоспарлады.

Жүйелі жұмыстарды Сіздің тапсырмаңыз бойынша құрылған Қоғамдық келісім кеңестері жүргізуде. Қазіргі уақытта елімізде олардың саны бір жарым мыңнан асты, ал бұл дегеніңіз — салмақты күш.

Қоғамдық сананы жаңғырту тұрғысында медиация институтын дамыту ерекше маңызды. Бүгінгі күні республикада облыстық деңгейде 13 өкілдік жұмыс істейді, 500-ден астам кәсіби медиатор дайындалды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында Сіз бастамашы болған  «Туған жер — кіші Отан» жобасы Ассамблеяның мыңдаған мүшелері мен нұротандықтар үшін нағыз іс-қимылға шақыру үлгісі болды. Қазақстанның әр түкпірінен бизнестің, шығармашылық ортаның және ғылыми интеллигенцияның өкілдері біздің Отанымыздың ауыл-селоларында өз жерлестерін қолдау үшін жүз мыңдаған жобаларды жүзеге асырып үлгерді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы — Сіз алға қойған стратегиялық міндеттердің биігіне көтерілуге, тынымсыз еңбек етуге және жеңістерге жетуге үнемі дайын қос қанат іспетті.

МЕКТЕП БІТІРГЕН ЖАСТАР ҚОЛДАУҒА ИЕ

Жеңіскүл МҰХАМБЕТПАЙЫЗОВА,

Ақтөбе көлік, коммуникация және

жаңа технологиялар колледжінің

директоры, «Нұр Отан» партиясы

Саяси кеңесінің мүшесі

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сіздің алдыңызда сөз сөйлеу мен үшін үлкен жауапкершілік қана емес, аса зор бақыт!

Өз өмірімде осымен екінші рет осындай бақытқа ие болып отырмын. Осыдан тура 8 жыл бұрын Сіздің қатысуыңызбен Қазақстан ғана емес, бүкіл Еуропа мен Азияның көптеген мемлекеттері үшін ерекше маңызға ие «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автомагистралінің ақтөбелік бөлігінің салынуына байланысты өткен жиында сөз сөйлеу құрметіне ие болған едім.

Басқа жобаларды тізбелемей-ақ, тек осы жобаға ғана тоқталсақ: автомагистральдің 3000 шақырымға жуығы Қазақстан аумағынан өтсе, соның 630 шақырымы біздің өңірге тиесілі. Аталған тасжол Ақтөбенің ғана емес, еліміздің Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары экономикасының да тамырына қан жүгірткен нағыз күретамырға айналды. Ал бүкіл еліміз бойынша тәуелсіздік жылдары мыңдаған шақырымға жететін қаншама автомобиль, темір жолдары, әуе және теңіз порттары салынып, әлдеқашан ел игілігіне айналды.

Облысымызға келген сапарыңызда айтқан «Өсе бер, өркендей бер, Ақтөбе!» деген ақ тілегіңіз қабыл болып, бүгінде өңіріміз өсіп, өркендеген аймаққа айналды.

Ұдайы партияның бақылауында келе жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша облыста кейінгі 3 жылда ғана 42 миллиард теңге қаржы игерілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірімізде биылдың өзінде 5,6 миллиард теңгенің қаражаты игеріліп, облысымызда кезекте тұрған 2600 тұрғын баспаналы болады.

Міне, Сіздің осындай тұрақты қамқорлығыңыздың арқасында Ақтөбе облысы еліміз бойынша шағын және орта бизнестің дамуы жағынан бірінші орынға көтерілді. Партияның бақылауымен жүргізілген «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша да Ақтөбе барлық облыстардың алдына шықты.

Аса қадірлі Елбасы!

Сіз бар қазақты қамқорлыққа бөлеген кеңпейіл, мол мейіріміңізбен өткен жылы мектеп бітірген әрбір жасты жұмыспен қамту жөнінде нақты тапсырма берген болатынсыз. Осыған сәйкес партияның қадағалауымен облыстағы 25 колледж дуальды білім беру жүйесіне сәйкес өңірдегі 146 кәсіпорынмен үш жақты келісім жасап, әрбір түлек қамқорлыққа алынды.

Өткен жылы облысымызда мектеп бітірген 6419 түлектің 2502-сі ұлттық бірыңғай тестілеуден сырт қалды және шектік деңгейге жете алмады. Тікелей Сіздің тапсырмаңызбен жүзеге асырылып жатқан «Сәтті қадам» партиялық жобасы бойынша олардың барлығы партияның қамқорлығына алынып, нәтижесінде 2122 жасқа жоғары оқу орындары мен колледждерде білімдерін жалғастыруға мүмкіндік туды. Ал 309 түлек тұрақты жұмыспен қамтылып, қайта даярлау орталықтарында біліктіліктерін шыңдады және әскер қатарына шақыртылды. Осылайша өткен жылы облысымызда мектеп бітірген әрбір түлек оқумен және еңбекпен қамтылды.

Биыл 6566 түлек мектеп бітірді. Соның ішінде аталған сынақтан сүрінген және мүлдем қатыспағандар саны — 2442. Партиялық жоба аясында олардың 2186-сы кәсіби білімді таңдаса, 135 жас жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, 20 түлек әскерге шақыртылып, 12-сі қайта даярлау орталықтарында білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.

Міне, осылайша Сіздің дер кезінде берген бір ғана тапсырмаңыз мектепті енді ғана бітірген мыңдаған жастың арманына қанат бітіріп, өміріне нұрлы жол ашты.

Сіздің тікелей тапсырмаңыз бойынша кейінгі жылдары облысымызда осы заманға сай 78 мектеп пен 307 балабақша салынды. Тек биылдың өзінде 14 жаңа мектеп бой көтеріп, 65 балабақшаның құрылысы басталды. Солардың 34 балабақшасы бүгінде пайдалануға берілді.

Білім саласында дәл мұндай қамқорлық Ақтөбе облысында ешқашан болған емес.

Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз:

«Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын», – деген екен. Қазір заман тыныш, тамақ тоқ, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын кәсіпорын да, жастарымыз меңгеретін кәсіп те жеткілікті. Енді тек заманаға сай білім мен мамандық алып, білек сыбанып жұмыс істеу ғана қалды.

Осы тұрғыдан келгенде, Аса мәртебелі Елбасы, партиялас әріптестерімнің атынан, Сіз мың да бір қамқорлық жасаумен келе жатқан ақтөбеліктер әрдайым сеніміңізді ақтайды деп сендіремін.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*