Басты бет » Мәдениет » Достық мерекесі

Достық мерекесі

Елімізді мекен еткен кәріс ұлтының Ақтөбедегі өкілдері 80 жылдық мерейтойларын салтанатты түрде атап өтті.

Достық үйінде өткен мәдени шараның ашылуында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын жеткізді.

«Қазақстан кәрістер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе филиалы 1996 жылы құрылды. Этномәдени бірлестік қазіргі күні облысымыздың барлық шараларында белсенділік танытып жүр.

Мерекелік концерт барысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, Ангелина Югай ән шырқап, «Тансим» және  «Чхинсон» кәріс халықтық би ансамбльдері өнер көрсетті.

— Мен туған жерім Ақтөбе қаласына бүгінгі айтулы мерекемен құттықтай келдім. 18 жасымнан бастап,  облыстық филармонияда, этномәдени бірлестік орталығында өнер көрсеттім. Бұл мереке – корейлердің Қазақстанды мекен еткеніне 80 жыл толуы. Әрине, ата-бабаларымыз қиын кезді, ауыр сәтті бастан өткерді. Бірақ қазір қазақ жеріне орнығып, халықтың бір бөлігіне айналды. Ата-балаларымызға  қиын-қыстау заманда демеу болған қазақ халқына үлкен алғыс. Біз оны ұмытпауымыз, әрқашан құрметтеуіміз керек, — деді Алматы қаласындағы Корей мемлекеттік академиялық театрының солисі Ангелина Югай.

Сондай-ақ шара барысында жұртшылыққа жергілікті суретшілердің жұмыстарынан жасақталған көрме ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсетілді.

​Алғашқы кәрістер 1929 жылы Қазақстанға күріш өсіруді дамыту бағдарламасы бойынша келіп, 1937 жылы жаппай қоныс аударған алғашқы этникалық диаспоралардың бірі болды.

Бүгінде өңірімізде 1300-ден астам кәріс ұлтының өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл —  екі елдің өзара ынтымақтастығы мен бірлігінің белгісі.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*