Басты бет » Әлеумет » Күлпаршын Айдарханова: Ауыл әйелдері жаңа технологияны меңгеруі керек

Күлпаршын Айдарханова: Ауыл әйелдері жаңа технологияны меңгеруі керек

Әйелдер әлемі

Облыста 44 мың кәсіпкер болса, соның тең жартысын әйелдер құрайды.  Көпшілігі шағын бизнеспен айналысады. Ал ауылшаруашылығы өнімін өндіретін 5 мыңдай кәсіпорынның 700-ін әйелдер басқарып отыр. Бизнесте ерлермен тең иық тіресе жүрген  400 әйел ірі серіктестіктің тізгінін қолына алған. Жыл өткен сайын жеке кәсібін ашқысы келетін әйелдердің, оның ішінде ауыл әйелдерінің қатары көбейіп келеді. Жалпы ауыл әйелдерін бизнеске қалай тарту керек? Олардың немен айналысқаны жөн? Осы сұрақтар төңірегінде облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдархановамен сұхбаттасқан едік.

 — Жуырда ауыл әйелдерінің слеті өтті. Бұл шара ауыл әйелдеріне не береді?

— Астана қаласында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен «Әйел. Энергия. Болашақ» атты халықаралық форум өтті. Форумда жасыл экономика, IT технология туралы айтылды. Жиыннан түйгеніміз көп болды. Осы кезде бұндай шараны облыста өткізу туралы ой келді. Ауыл әйелдері де осындай жаңалықтардан құр қалмау керектігін түсіндім. Себебі жыл өткен сайын технология жаңарып, қарыштап дамып жатыр. Бүгін ойлап табылған нәрсе келер жылы ескіге айналады. Ал ауыл халқы да осы көшке ілесуі керек. Слетті өткізудегі бір мақсатымыз осы болды. Ауыл әйелдері де жаңа технология туралы түсініктерін кеңейтсін, бізді, балаларымызды болашақта не күтіп тұрғанын білсін деген мақсатта ұйымдастырдық. Сонымен қатар ауыл әйелдерін бизнеске тарту мәселесі көтерілді. Банктен, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан мамандар шақырылды. Олар ауыл-аймақтан келген үш жүзден аса әйелге кеңес берді. Мәселен, банктер 1С бухгалтерлік бағдарламаны бір ай тегін оқытатын болды. Сондай-ақ жиында Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева ауыл әйелдеріне арналған бірыңғай жоба ұсынды. Бұл жобада отбасы, бала тәрбиесі және өзге де әйелдерге қатысты проблемалар қарастырылады. Жоба аясында ауылдарда әжелер немесе келіншектер орталығы құрылуы мүмкін. Себебі қазір адамдардың барлығы ақпаратты интернеттен алады да оны сыртқа айтпайды. Ал жастарға тәрбиелік мәні бар әңгімелерді ауызбен айту керек. Жиынға қатысушылар да жобаға үн қоса алады.  Жоба мақұлданған соң сол бойынша жұмыс жасалады. Жалпы форумда көп мәселе көтерілді. Мәселен, Ырғыздан кәсіпкер келіншек келді. Отбасымен шағын шаруашылықты жандандырып отыр. Өзі сиыр сауып, құрт, ірімшік, май, айран жасайды екен. Оны күйеуі мен баласы сатады. Осылайша шаруашылығын дөңгелентіп отыр. Өзі секілді отбасылық кәсібі бар адамдармен сөйлесіп, тәжірибе алмасқысы келетінін айтты. Қатысушылардың барлығы өз ойларын білдірді. Оларға арнайы тренингтер ұйымдастырылды. Менің ойымша, бұндай слеттерді аудан орталықтарында да ұйымдастыру керек. Шалғай ауылдардан әйелдер келіп қатысса, олардың көзқарасы өзгеріп, бизнеске деген құлшыныстары артады.

Сондай-ақ слетті өткізудегі тағы бір мақсатымыз —   үйде отырып инстаграм арқылы сауда жасап отырған әйелдерге бағыт беру, заңды түрде кәсіппен айналысып, оны кеңейтуге шақыру. Олар үйде 10 торт дайындаса, біз оларға 50 торт шығара алатын мүмкіндіктері бар екенін айттық.

—  Кәсіппен айналысамын деген ауыл әйеліне қандай кеңес бересіз?

— Ауылда негізгі кәсіптің көзі — мал шаруашылығы. Мал өсіріп, оның өнімін сатып, пайда көруге болады. Ол үшін ерінбеу керек. Мәселен, қарапайым мысал келтірейін. Жақында Мұғалжар ауданындағы туыстарыма бардым. Сол жақтан таныс адамдардан құрт сатып алдым. Олар құртты кәдімгідей бизнестің түріне айналдырған. Ауданнан бөлек, қалаға, одан қалса көрші Атырау облысына апарып сатып келеді. Тағы бір ерекшелігі — кәсібіне адал. Құртты ешқандай қоспасыз таза жасайды. Әрине, еріншек адам қаржы немесе тағы басқа жоқ деп сылтау айтуы мүмкін. Бірақ осылай кәсібін дөңгелентіп отырған адамдар бар. Ауылда тігіншілікпен айналысуға болады. Жақында Шалқар ауданы Мөңке ауылынан бір келіншек келді. «Тігін тігемін, бірақ қалай осыны жолға қою керектігін білмеймін» дейді. Мен оған мектеп формасын тігіп үйрен дедім. Мектептерден тапсырыс алуға болатынын айттым. Осылайша тапсырыс аясын кеңейтуге болады.  Әйтеке би ауданынан келген жас қызға тырнақ маникюрін үйреніп ал дедім. Кейін ол қыз оқып алып, қазір аудан келіншектерін сәндеп жүр.
Мәселен, Шұбарқұдықта осыдан екі жыл бұрын «Шұбар текстиль» деген тігін цехы ашылды. Он әйел жүз мың теңгеден шығарып, бір миллион теңгеге тігін машинасы мен бөлме сатып алады. Осылайша барлығы бірігіп іс тігуді  бастайды. Алғашқыда көйлек, кофта тіксе, кейін мектептерден тапсырыс алады. Цехтың шаруасын жүргізіп жүрген Самал Икембаева бір күні тапсырыстың көптігі сондай, адамдардың кезекке тұрып жатқанын айтты.

Ерінбей еңбектенген әйел қолдағы малын күтіп, содан-ақ пайда табуға болады. Осыдан біраз бұрын Ойылға бардым. Танысым қонаққа шақырды. Дастарқанында ауылдың бірде-бір тамағы жоқ. Бәрі дүкеннің өнімі. Таңғалдым. «Мал ұстап, неге сиыр саумайсыңдар», — дедім. Мысалы, мен айына бір рет Қазалыдан ірімшік, құрт, тағы басқа үйдің тағамдарын 16 мың теңгеге сатып аламын. Сатушы өнімді таза істейді. Қарапайым пакеттерге салып, әдемілеп беріп жібереді. Қорапқа салып, артық шығын шығармайды. Осыны ойылдық келіншектерге айттым.  «Сендер неге осылай сатпайсыңдар. Мен сендерден алар едім», — дедім. Олар әртүрлі сылтау айтты. Жалпы кәсіппен айналысамын деген әйелдің жанында көңілді, өмірге құштар адамдар жүруі керек. Өзіңе кедергі келтіретін, сені қолдамайтын, «оны қайтесің» дейтін әйелдерден аулақ болған жөн.

—  Ауыл әйелдерінің белсенділігі қандай? Кәсіп ашуда қандай проблема бар?

— Соңғы бес жылмен салыстырғанда қазір ауыл әйелдерінің қозғалысы жақсы. Олар бос отырғысы келмейді. Мәселен, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының «Бизнес бастау»  бағдарламасына қатысатындардың алпыс пайызы әйелдер. Бұл — қуантарлық көрсеткіш. Жалпы әйелдердің табиғаты шағын бизнеске бейім. Біздің қолымыздан ірі зауыт немесе кәсіпорындарды ашу келе бермесе де шағын шаруашылықты дөңгелентіп әкете алатын күш бар.

Ауылда ақпарат аз, тренингтер ұйымдастырылмайды. Ал қала әйелдері әртүрлі тренингтерге барады. Білім көкжиегін кеңейтіп, белгілі бір мақсаттарға жетуге деген құлшыныстарын арттырып отырады. Егер осындай тренингтер ауылда өткізілсе, аз да болса көмегі тиер еді.

Ауыл әйелдерінің слеті өткеннен кейін көп шаруаның шеті шықты. Қазір бірқатарын қолға алып жатырмыз. Ауыл әйелдеріне арнап бизнесті қалай ашу керектігі туралы нұсқаулық шығарғымыз келеді.

— Кәсіппен айналысу оңай емес. Бұл тұрғыда кедергілер де көп…

— Ол рас. Байғанин ауданына барғанымызда зейнет жасындағы бір апай шағым айтты. Өзінің шағын шаруашылығы бар екен. Енді соны кеңейтіп, вокзалдың жанынан бәліш сататын орын алмақ болады. Идея өзіне ұнап, алып-ұшып әкімдікке келеді. Вокзал маңындағы бос жерді берулерін сұрайды. Бірақ әкімдік қызметкерлері «апа, тұра тұрыңыз» дейді. Осылайша біраз жүріп қалады. Әлгі апай көңілі түсіп, барлық идеясының күлі көкке ұшқанын ренжіп  айтты. Осындай кедергілер кездесетіні анық. Бірақ көздеген мақсаттың жолында табандылық таныту керек. Қазір барлық басқарма мен әкімдіктің есігі ашық. Тікелей басшыға барып, мәселені айту керек. Болмаса әкімдіктердің инстаграм парақшалары мен сайттары бар. Соларға айқайлап, артық сөз айтпай «Бизнес бастағым келеді қандай кеңес бересіз?» деп жазып жіберуге болады. Парақшаларды әкімдік қызметкерлері қадағалап отырады. Сұрақ жауапсыз қалмайды деп ойлаймын.

— Кәсіпкер әйелдерге мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі?

— Қазір мемлекеттік бағдарламалардың түрі көп. Мал сатып алу, тағы басқа да шаруашылықтарға бағдарлама игіліктерін пайдалануға болады. Кәсіппен айналысамын деген әйелдер аудандағы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдігіне барып кеңес алуларына болады. Бұл жерде мамандар әр бағдарламаның тиімділігін жан-жақты түсіндіріп береді.

— Ауыл бинзесі жандануы үшін қандай проблеманы шешу керек?

— Мен ауыл кәсіпкерлігіне берілетін несиенің үстеме пайызы 3-4 пайыз болса деп армандаймын. Осы кезде бизнес жанданар еді. Әрине, мемлекет тарапынан жеңілдіктер бар. Бірақ көп жағдайда пайыздық үстеменің көптігінен кәсіпкерлер тынысын аша алмайды. Сондай-ақ арнайы жоба ұсынған әйелдерге үстеме ақысыз  гранттар берілсе, шағын бизнесті жандандыруға болар еді.

— Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Алдағы уақытта Ырғыз ауданына барып шеберлік сабақтарын өткіземіз. Қыз-келіншектерді тігіншілікке, шаш қиюға үйретеміз. Үйде отырып туризмді қалай дамытуға болатынын оқытамыз. Жалпы ауыл әйелдерін қолдауға арналған жобаларымыз көп.

Әйелдің ең негізгі міндеті — отбасын сақтау, балаларына қамқор болу. Қазіргі қоғамда оларға тағы бір міндет қосылды. Ол — іскер болу. Әйел отбасына қамқор болып, күйеуіне қолдау білдіріп отырса, отбасының берекесі болады. Кәсіппен айналысамын деген әйелдерге бірінші кезекте отбасының қолдауы қажет. Қазір интернеттің дамыған кезі. Ауылда отырып-ақ  тіл үйреніп, қажетті ақпараттарды алуға болады. Осы арқылы балаларына тәлім-тәрбие бере алады.

 Сұхбаттасқан Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*