Басты бет » Тарих » Ұстаз берген үлгі еді…

Ұстаз берген үлгі еді…

Тағзым

Университетке студент болып қабылданған күнімді әлі ұмытпаймын. Бұл  2009 жылдың қыркүйек айының алғашқы аптасы болатын. Сол күні біздер, яғни экономика және менеджмент кафедрасының студенттері қоғамдық қайраткер, профессор, экономика ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі, батыс Қазақстандағы жетекші оқу орнының экономика факультетінің негізін қалаушылардың бірі Үкітай Серікбайұлы Байжомартовпен алғаш рет кездестік.

Аудиторияда қазақ және орыс бөлімшелерінде білім алатын отыздай болашақ экономистер бас қосыппыз, біздер кураторларымызбен таныстық. Олар университет туралы мағлұмат беріп, студенттік өмірдің қыр-сырлары туралы әңгімеледі. Сол арада топ старостасы тағайындалды.

Болашақ студенттік өмірімізге қатысты сан ойларға беріліп отырған біздің алдымызда факультет деканы Бауыржан Жүнісов пен жіптіктей киінген, сөздерінен ұшқын шашып тұрған Үкітай Байжомартов тұрды.

Профессор күтпеген жерден бәрімізге қарата «Әлемді не құтқарады?» деген сауал қойды. Ол сосын осы сауалға дұрыс жауап берген екі зерек студентке «Жалпы экономикалық теория» оқулығын сыйға тартатынын мәлімдеді. Әртүрлі жауаптар айтылып жатты, әдеттегі «сұлулық» деген тіркес те ұсынылды. Алайда профессор күткен жауап мүлдем басқа еді.

Ол қолына борды алды да тақтаға ірі әріптермен Т, К, Ү деп жазды. Ақырында біз өз ойларымызды жарыса айта отырып, ақиқатқа дейін жеттік. Жауап қарапайым, бірақ ой салатын салмағы бар еді: Т – тамақ, К – киім және Ү – үй.

Шынында да, кезекті сабақтар барысында біз әрбір адам немесе отбасы тіршілік үшін қажетті игіліктерді — азық-түлікті, киім-кешекті, күнделікті тұрмысқа қажетті барлық заттарды өздері өндіретін экономикада өмір сүретіндігімізді бағамдадық. Мұндай экономика заттай деп аталады. Сол ғана бізді құтқарады. Шаруашылық қызметтің тарихи алғашқы типі — заттай шаруашылықтың арқасында ғана біз тіршілік етіп келеміз. Профессор осылайша бізді алғаш рет экономикалық пайымдауға жетеледі.

Пікірталас нәтижесінде профессор екі топтың старосталарына оқулықтарды сыйға тартты. Содан кейін кураторлар бізге факультет бойынша таныстыру саяхатын жасап, оқу бөлмелерін аралатты. Университеттегі алғашқы күн менің жадымда осылай болып сақталып қалды.

2011 жылғы қаңтар айы есімде жақсы сақталыпты. Біздер, үшінші курста оқитын бір топ белсенді студенттер, Үкітай Байжомартовтың 80 жылдығына арналған салтанатты шараны ұйымдастыруға қатыстық, сол жолы ұстазымыздың «Екі басты бүркіт бейнеленген түйме хикаясы» кітабының таныстырылымы болды. Бұл жиынға ТМД елдерінен, республикамыздың әр қиырынан қонақтар келді, профессордың көптеген әріптестері бас қосты. Мереке өткен соң біздер жиынның ұйымдастырушылары ретінде Алғыс хаттарға ие болдық.

Бірінші-үшінші курстарда профессор бізде белгілі бір пәндерден дәріс бермегенімен, кейде басқа оқытушыларды алмастыратын кезі кездесті. Оның сабақтарының өзгешелігі бірден сезілетін. Ол теориялық мәселелерді практикамен нықтап отыратын, нақты өмірден мысал келтіріп, пайдалы кеңестер беретін. ХІХ ғасырда экономика ғылымына кәдімгідей төңкеріс әкелген және жастық шағында Үкітай Серікбайұлының өміріне өзгерістер енгізген Карл Маркстің «Капиталын» оқыған-оқымағанымызды ылғи да сұрастырып отыратын. Біздің естіген әңгімемізге қарағанда Үкітай ата балаң кезінде үйде от жағу үшін пайдаланылып жатқан «Капиталды» кездейсоқ қолына түсіріп, қызығушылықпен оқып шыққан көрінеді. Содан бастап марксизм әлеміне еніп кетсе керек. Оның экономикаға, жалпы ғылымға, тіпті ұстаздық қызметке құштарлығы сол кезден бастау алған секілді.

Біз төртінші курста оқыған тұста Үкітай Серікбайұлы «Кәсіпкерлік» пәнінен дәріс берді. Біздер, жоғары курс студенттері, оның сабағынан қалмауға тырысатынбыз.

Оның лекциялары қызғылықты және тағылымды болып келетін. Негізгі материалды түсіндіре отырып, ол бірте-бірте өзінің шетелдерге сапары, энергияны жасау үшін табиғи желдің күшін пайдалану, қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындарының пайдасы сияқты жайларға еріксіз еніп кететін. Әсіресе ауыл шаруашылығын серпінді дамытуды дұрыс деп бағалайтын және Елбасының бұл бағыттағы саясатын үнемі қолдап отыратын.

Оның әрбір айтқан сөзінде астарлы мағына жататын. Сондықтан да болар ұстазымыздың «Еңбек өнімділігі жоғары болған мемлекет қана өркендейтін болады», «Кәсіпкер — мемлекеттің алтын қоры», «100 адамға 4-6 кәсіпкерден келеді, қалғандары — жалдамалы жұмысшылар» деген тіркестері жадымызда сақталып қалыпты. Кейде қуақылана отырып, «Қазақстан жеріндегі алғашқы көпестер татарлар болған», «Әйел адам ерінен кемінде он жасқа кіші болуы тиіс» деген сияқты еркін әңгімелерге жол бастайтын.

Сондай-ақ, оның «Экономикада екіні екіге көбейткенде қанша болады?», «Ер адам әйелінен жасырған ақшасын қайда сақтауы керек?», «Ақтөбе облысы аумағында өсетін өсімдіктердің қайсысынан монша сыпыртқысын әзірлеген дұрыс?» деген сауалдарының жауабын біз дер кезінде өз аузынан ести алмай қалдық.

Үкітай Серікбайұлы мен менің атам Пана Оралбаев екеуі көзі тірісінде жақсы қарым-қатынаста болып, ортақ тақырыпта әңгімелесетіні, бірін-бірі іздеп тұратыны менің де жүрегімде жылылық сезімін тудырған болуы керек. Аталарымыздың сол салған жақсы жолын қазір біздер жалғастырып келеміз.

2013 жылы мен бір топ курстастарыммен бірге Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылыми-педагогикалық бағыты бойынша магистратураға түстік. Үкітай Серікбайұлы комиссия құрамында қабылдау емтиханына қатысып, магистратурада оқыған кезеңімізде бізге дәріс берді. 2015 жылы біздер, магистранттар, мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсырып, магистрлық диссертациялық жұмысты қорғауға жолдама алдық. Алты жыл бойы мен осындай, шын мәнінде үлкен әріппен жазылатын Ұстазбен бірге болғаныма қуанамын. Оның алдына балаң студент болып кіріп, экономика ғылымдарының магистрі болып шықтым.

Біздер өзіміздің өмір жолымызда көпшілікке құрметті, әділ, нағыз парасатты, әзілді сүйетін, бір сөзбен айтқанда, жақсы адамға кезіккенімізді тағдырдың сыйы деп білеміз.

 Нұртуған ОРАЛБАЕВ,

экономика ғылымының магистрі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*