Басты бет » Жаңалықтар » Толық әрі тиімді игерілуі тиіс

Толық әрі тиімді игерілуі тиіс

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс бюджетінің биылғы жылдың он айында орындалуының қорытындысын тыңдады.

Қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның мәліметі бойынша облыс бюджетінің кіріс бойынша нақты орындалуы 101,9%, шығыс бөлігі 98,7% құрады.

Осыған байланысты облыс басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдеріне бюджет қаражатының қаржыландыру жоспарларына сәйкес толық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырып, жұмсалуын қатаң бақылауды талап етті.

— Жылдың аяқталуына екі айдан аз уақыт қалды. Осы уақыттың ішінде біз бюджеттің толық игерілуін қамтамасыз етуіміз қажет. Бұдан өзге, бюджеттің шығыс бөлігін толтыратын қорларды іздестіру жұмыстарын жалғастыру керек, — деді Б.Сапарбаев.

Жиын аясында облыс әкімі сондай-ақ облыстық әділет департаментінің қызметі туралы есебін де тыңдады.

Департамент басшысы Берік Беркімбаевтың айтуынша, осы жылдың он айы ішінде ведомствоның тіркеген нормативтік-құқықтық актілер саны 17,4% артқан. «Жүз қадам» Ұлт жоспарының 27 қадамын жүзеге асыру шеңберінде жеке сот орындаушылары институты дамып келеді. Бүгінде өңірде жетпіс жеке сот орындаушысы жұмыс істесе, оның 15-і – облыс аудандарында. Жыл басынан бері олар 24 миллиард теңгеден астам сомаға 40 мыңнан аса орындау құжатын аяқтады.

Облыс әкімінің жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша тапсырмасы аясында 1944 тіркелмеген нысан анықталып, оның 1894-і тіркеуден өтті.

Көліктік бақылау саласындағы проблемалық мәселелер де күн тәртібіне ұсынылды. Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарында ұсталған көлік құралдарын қою үшін арнайы тұрақтарды ұйымдастыру, инспекцияны арнайы автокөлікпен қамтамасыз ету, сонымен қатар, жергілікті жолдарда көктем мен жаз кезінде шектеу қою және  жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы автоматтандырылған өлшеу жүйелерін орнату жайы талқыланды.

Ағымдағы жылдың он айында жасалған бақылаудың қорытындысы бойынша жауапты және шетелдік тасымалдаушылар тарапынан жіберілген әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы барлығы 1200 хаттама жасалды. Шетелдік жеке және заңды тұлғаларға қатысты 58 миллион теңгеден аса сомаға айыппұл салынды. Нәтижесінде айыппұл тұрағына ұстау себебі анықталғанға дейін 342 көлік құралы қойылды.

Автомобиль көлігі құралдарын ұстайтын 46 шаруашылық жүргізуші субъектіге тексеру жүргізіліп, 6421 заңнамалық талаптардың бұзылуы анықталды.

Облыс басшысы тиісті органдарға көліктік бақылау инспекциясының көтерген мәселелерін қарап, ұсыныстар енгізуді тапсырды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*