Басты бет » Жаңалықтар » Бюджеттің кіріс бөлігін орындауды қамтамасыз ету қажет

Бюджеттің кіріс бөлігін орындауды қамтамасыз ету қажет

Салық салынатын негіздерді ұлғайту және бюджеттің кіріс бөлігін орындау мәселелері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, аудандардың әкімдері, басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.

Облыс басшысы салық салу негіздерін кеңейту мақсатында 5 бағыт бойынша жұмыс топтары құрылғанын атап көрсетті. Негізінен алғанда, олардың тарапынан еңбек құқықтарын сақтау және еңбек нарығы қатысушыларының табысын жария ету, жасырын көлік қызметін көрсететін субъектілерді анықтау, көлік құралдарын есепке алу, тіркелмеген жылжымайтын мүліктерді анықтау, шағын және орта бизнесті дамыту, т.б. мәселелер бойынша жұмыстарды жүзеге асыру шаралары қабылдануы тиіс.

«Жұмыс тобын құрдық, басқармалар өзара әрекеттерін күшейтуі тиіс, алайда бұл бірлескен қызметтердің нәтижелері нашар екенін байқап отырмыз. Жақсы талдау жасалды, алайда нәтижесі қайда?», — деп облыс әкімі топтар жұмысын сынға алды.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов биылғы жылғы 10 айда бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы және салық салу негіздерін ұлғайту туралы хабарлама жасады. 2017 жылға облыстық бюджеттің кіріс бойынша жоспары 98,8 миллиард теңге мөлшерінде бекітілді. Есепті мерзімде нақты орындалуы 77,2 миллиард теңге құрап отыр немесе 102%. Тұтастай алғанда, 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,2 миллиард теңгеге немесе 105,8%-ға өсім байқалады.

Салық салу негіздерін ұлғайту бойынша шаралар жоспарын орындау аясында ағымдағы жылдың 10 айы ішінде 3 070 миллион теңге жоспар 79,9%-ға орындалды. Аталған жоспардың орындалмауы облыстың бірнеше аудандарында және Ақтөбе қаласында орын алды. Бірқатар аудандар жылдық жоспарды асыра орындады. Олардың арасында Қобда ауданы — 127,8%, Қарғалы ауданы — 171,1%, Байғанин ауданы 271,9 миллион теңге, Мәртөк ауданы 46,9 миллион теңге сомада қосымша резервтерді тапты.

Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Айбек Паяев 10 ай ішінде жергілікті бюджетке 77,1 миллиард теңге түскенін айтты. Жергілікті бюджетке салықтар мен алымдардың түсуін ұлғайту үшін департамент тарапынан бекітілген жоспар аясында тұрақты негізде шаралар жүргізіледі. Соның нәтижесінде жылдық болжамдағы 4 миллиард теңгенің 2,4 миллиард теңге қосымша түсімі қамтамасыз етілді.

Маңызды мәселелердің бірі — жеке тұлғалар бойынша меншік салығы қарыздарын қайтару, бүгінгі күні сот орындаушылардың қолында жалпы сомасы 200,6 миллион теңгенің 3476 материалы бар.

А.Паяев өздерінің жоспарларының өкілетті органдармен бірлескен шараларды қарастырғанын да еске салды, алайда салықтар мен алымдардың 80% түсімі мемлекеттік кіріс департаментінің өз күшімен қамтамасыз етілуде.

Облыс басшысы жиын қорытындысында бұл жұмыстарды жандандыруды, қосымша резервтерді қарастыруды, сондай-ақ шығындарды оңтайландыру арқылы бюджетке жүктемені азайту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*