Басты бет » Басты жаңалықтар » Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерейі

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерейі

Сенбі күні Ақтөбе қаласының ипподром алаңында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, аудан әкімдері мен мекеме басшылары, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпорын басшылары қатысты.

 Озық өнім және асылтұқымды мал

Ипподром алаңына 13 киіз үй тігіліп, ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі  ұйымдастырылды. Көрмеге Ақтөбе қаласы мен облыстың 12 ауданында өндірілетін ауыл шаруашылығының озық өнімдері қойылды. Асылтұқымды төрт түлік түрлері әкелінді. Атап айтсақ, балық, ет, сүт өнімдері, нан, шұжық, бал, күнбағыс майы, көкөніс түрлері, т.б. Сондай-ақ көрмеге «Қазақ асылдары», «ТS AGRО»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Жансая» шаруа қожалығы асылтұқымды жылқы малын, «АкТеп», «Степное» серіктестіктері мен «Еңбек» шаруашылығы, «Қызыл-Жар» ауылшаруашылық кооперативі асылтұқымды ірі қара түрлерін, «Шекшек Ата» кооперативі, «Алтын-Әсел» серіктестігі мен «Тоқмансай», «Аққұбай», «Нұр-Мұрат» шаруашылықтары асылтұқымды қой түрлерін әкелді.

Бүгінгі көрмеге облыстың аудандары асылтұқымды мал ішінен жылқының үш, ірі қараның бес, қойдың төрт тұқымын әкеліп отыр. Биылғы жылы облыста мал шаруашылығы саласы бойынша жоғары көрсеткішке ие болып отырған аудан — Алға ауданы. Бұл ауданда биыл жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдер арқылы мақтауға тұратын шаруалар жасалып жатыр. Атап айтсақ, бір мезгілде 21 мың бас мал бордақылайтын алаң, 40 мың шошқаға арналған фирма, 3 мың тонна құс етін өндіретін фирма жұмыс жасайды. Сондай-ақ ауданда алдағы уақытта 10 мың тонна құс етін өндіретін фирма мен 70 миллион жұмыртқа өндіретін құс фирмасы салынбақшы. Биылғы жылы аталған сала бойынша барлық аудандарда ілгерілеу, өсім бар. Ал Алға ауданында өнім көлемі 10 пайызға артып отыр, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.

Көрмеге өз өнімдерін әкеліп, көпшілік назарына ұсынған аудандардың бірі — Қарғалы ауданы биыл егіннен жақсы өнім алыпты. Егін шаруашылығы бойынша биыл ауданда астық егетін алқаптың аумағы 12 пайызға артып, егіс алқабы 129 мың гектарға жетіпті. Оның ішінде дәнді дақылдар 91 мың гектарға егілген. Биыл диқандар әр гектардан 13,8 центнер өнім алған. Ал мал шаруашылығы саласы бойынша ауданда өндірілген өнім көлемі 103 пайызға артқан.

  • Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесіне біздің ауданда өндірілетін «Степное» серіктестігінің 1,2 сұрыпты ұнын, арпа жармасы мен бидай ұнтағын, шұжығын, «Кең дала тас» өндірістік кооперативі шағын наубайханасының пісірген нан өнімдерін, тұшпара, күнбағыс майын, «Медовик» шаруа қожалығының негізінде Петропавловка ауылында құрылған «Ақтөбе омарташылары» өндірістік кооперативінің балын, «Ардағым» шаруа қожалығының балығын әкеліп отырмыз, — дейді Қарғалы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жаңылсын Исмағұлова.

Оның айтуынша, бүгінгі күні ауданда 170 шаруа қожалығы, 14 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жұмыс жасайды.

Ал Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амантай Досекешевтің айтуынша, биыл Ырғыз ауданында 293 гектар суармалы жер игерілген. Оның 155 гектарына картоп, қалғанына көкөніс түрлері егілген. Сондай-ақ биылғы жылы ауданда қой саны 110 мыңға, ірі қара саны 38 мыңға, жылқы саны 8 мыңға, түйе саны 1200-ге жеткен.

  • Біз биыл мемлекеттік бағдарламаларды ойдағыдай орындадық. Балық шаруашылығы бойынша ауданда 14 су айдыны 8 кәсіпкерге берілді. Олар балық шаруашылығымен қарқынды айналысып жатыр. Биылғы лимит мөлшері — 245 тонна. Осыдан үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 30 тонна болса, биылғы жылы облыс әкімінің тапсырмасымен лимит мөлшері бірнеше есеге көбейіп отыр, — дейді ол.

Көрмеге Ырғыз ауданының орталығынан «Рауан Керекова» жеке кәсіпкерлігі өндіретін нан өнімдері, Аманкөл ауылдық округінен балық, Жайсаңбай ауылдық округінен қой, сиыр, жылқы еті, Нұра ауылдық округінен «Әлинұр» жеке кәсіпкерлігі шығаратын құрт пен балық өнімдері, Қызылжар ауылдық округінен шұбат, тары-талқан, сүзбе, Құмтоғай ауылдық округінен құрт, ірімшік, Тәуіп ауылдық округінен «Қожакөл» шаруашылығының көкөніс өнімдері әкелініпті.

 Жүйріктен жүйрік озған күн…

Мерекелік шараға келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көрмені аралап, аудандардан келген шаруашылық басшыларымен тілдесті.

Бұдан кейін облыс әкімі ауыл шаруашылығы қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде әр өңір азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Осы мақсатта биыл облыстағы ауыл шаруашылығы қызметкерлері нәтижелі жұмыс жасады. Біздің ең негізгі мақсатымыз — Ақтөбе өңірінің ауыл шаруашылық әлеуетін толығымен пайдалану. Ол үшін жердің құнарлылығын арттырып, ауылшаруашылық өнімдерін өндіріп, оны тиімді бағамен сатуымыз керек. Биыл өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 89 мың гектарға артты. Бұл — тыңайтқыштың, мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Биыл Ақтөбе тарихында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Әр гектардан 13,2 центнерден өнім алдық. Дәнді дақылдарды 500 мың тоннадан асырдық. Бұл да жақсы көрсеткіш. Мал шаруашылығында да биыл орташа есеппен 7-10 пайыздың төңірегінде өсім бар. Алдағы уақытта сүт, ет комбинаттары толығымен жұмыс жасауы керек. Ол үшін біз тиісті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуіміз керек.

Мемлекет басшысының кооперативтер құруға байланысты берген тапсырмасына сәйкес облыста жалпы саны 191 кооператив құрылды. Оған 4 мыңға жуық шаруа қожалықтары қосылды. Осы кооперативтер биыл 5 мың тоннадан артық өнім шығарды. Мемлекеттен 4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ендігі мақсатымыз — кіші шаруашылықтарды ірілендіріп, олардың өнімділігін арттыру.

Облыс басшылығы атынан ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне биылғы жасаған еңбектері үшін үлкен рақмет айтамыз. Сіздерге зор денсаулық, жақсылық, табыстар тілейміз, — деді облыс әкімі.

Құттықтау сөзінен кейін Бердібек Сапарбаев облыстың ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен алдыңғы қатарлы қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мараппаттары мен облыс әкімінің Алғыс хаттарын, бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Сондай-ақ шарада облыстағы үздік кәсіпорындар мен биылғы жылы Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткізілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне белсене қатысқан кооперативтер мен серіктестіктер марапатталды.

Марапаттау рәсімі облыс өнерпаздарының концертіне, сондай-ақ ат жарысына ұласты.

Жарыс жолына алдымен тоқ бәйгеге қатысатын 8 сәйгүлік шықты. Бұл жарыста Қызылорда облысынан келген Бесқасқа сәйгүлігі бірінші болып келді. Шабандозы —Ринат Аршыбаев. Екінші орынды ақтөбелік Сергей Үргенішбаев мініп шапқан тұлпар олжалады, ал жүлделі үшінші орынды ақтөбелік Қадір есімді шабандоз мінген тұлпар иеленді.

Көпшілік асыға күткен аламан бәйгеде Оралдан келген Аймаңдай атты тұлпар топ жарды. Шабандозы — Ерасыл Бүркіт. Шалқар ауданы Бозой ауылының Бекқали Давленов мінген Алау сәйгүлігі екінші келді. Маңғыстаулық шабандоз Бақытжан Жеткізгеннің астындағы Мерседес тұлпары мәреден үшінші болып өтті.

Жарыстың қорытындысында тоқ бәйгеде І орынға 600 мың, ІІ орынға 400 мың, ІІІ орынға 200 мың теңге, ал аламан бәйгеде І орынға 1 млн, ІІ орынға 700 мың, ІІІ орынға 300 мың теңге ақшалай сыйақы берілді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*