Басты бет » Басты жаңалықтар » 285 студент облыс әкімінің атаулы стипендиясын алды

285 студент облыс әкімінің атаулы стипендиясын алды

Сәрсенбі күні Студенттер сарайында «Мен Ақтөбені таңдаймын!» атты жастарға арналған шара өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, «Қазақстан КТК одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі Тоқтар Болысов қатысты.

Кешке сондай-ақ жастар ұйымдарының жетекшілері, аудандардан келген белсенді жастар, еріктілер, жоғары және арнаулы оқу орнының студенттері, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жастарға жылы лебізін білдірді.

Әрбір мемлекеттің, қоғамның дамуы жастарға байланысты. Себебі жастарда жігер, қайрат, жаңашылдық, ізденімпаздық бар. Сондықтан әрбір мемлекет өзінің болашағы үшін жастарға ерекше көңіл бөледі. Өткен ширек ғасырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға қалай көңіл бөліп, қамқорлық жасағанын өздеріңіз білесіздер. Міне, соның нәтижесі деуге болады, қазір Қазақстанды, қазақ ұлтын бүкіл дүниежүзі біледі. Біздің жастарымыз мәдениет саласында, білімде, өнерде, спортта еліміздің атын шығарып жүр. Біздің жастарымыз барлық мемлекеттік бағдарламаларға, әсіресе «Серпін», «Жасыл ел» жобаларына белсене қатысуда. Жалпы қазір Ақтөбенің жастарының Қазақстанның жастарының арасында өзіндік орны бар. Ақтөбе жастарын барлығы сыйлайды, құрметтейді. Себебі еліміздің жеткен жетістіктерінде Ақтөбенің жастарының да үлкен үлесі бар.

Мен облыс басшылығы атынан сіздердің бізді қолдағандарыңыз үшін, сондай-ақ жаңа идеяларыңыз үшін рақмет айтамын.

Бүгінгі шараның «Мен Ақтөбені таңдаймын!» деп аталуы бекерден-бекер емес. Себебі әрбір адам кіндік қаны тамған жеріне өз шамасы келгенше еңбек етеді, үлес қосады. Мемлекет басшысының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, әрбір қазақстандық азамат, оның ішінде жастар өзінің елін, өзінің ұлтын сүйіп өсуі керек, өзінің Отанына еңбек етуі керек. Өзінің білімі мен еңбегімен елінің абыройын көтеру керек. Осы іс-шараны өткізудегі басты мақсат та — осы. Ақтөбенің жастары өзгелерге «Мен ақтөбелікпін», «Мен Ақтөбеде туғанмын», «Мен Ақтөбеде білім алғанмын» деп мақтануы керек, — деді облыс әкімі.

Құттықтау сөзінен кейін Бердібек Сапарбаев жақсы оқу үлгерімімен, жетістіктерімен ерекшеленген, аз қамтылған отбасылардан шыққан жоғары және арнаулы оқу орындарының 285 студентіне облыс әкімінің атаулы стипендиясын табыстады.

Оның ішінде жоғары оқу орнының 220 студентіне 140 мың теңге, арнаулы оқу орнының 65 студентіне 80 мың теңге көлемінде стипендия берілді.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев әр салада жетістікке жеткен облыстың белсенді жастарына облыс әкімінің «Жас Ақтөбе» жастар сыйлығын табыс етті. Жеңімпаздар 10 номинация бойынша марапатталды. Атап айтсақ, «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет», «Ең үздік жұмысшы жастар кеңесі», «Құқық қорғау органдарының үздік жас қызметкері», «Үздік жас көшбасшы», «Үздік жас шығармашылық ұжым», «Үздік жас ерікті», «Жыл жұлдызы», «Жастармен жүзеге асырылған үздік әлеуметтік жоба», «Үздік аудандық жастар ресурстық орталығы», «Өндіріс саласының ең үздік жас маманы».

Бұдан кейін шарада «Жасыл ел» еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі Тоқтар Болысов құттықтау сөз сөйледі.

  • «Жасыл ел» жобасы — еліміздегі экологиялық мәселелерді шешетін, сондай-ақ жастардың жұмыспен қамтылуына ықпал ететін бірден-бір жоба. Биылғы жылы біздің ұйымда көптеген өзгерістер болды. Атап айтсақ, жобаға бөлінетін қаражат республикалық бюджеттен облыс әкімдіктеріне берілді. Биыл елімізде барлық өңірлер өз белсенділіктерін көрсете білді. Бүгінде еліміз бойынша аталған жоба аясында еңбекке орналасқандардың саны 500-ден 2 500-ге дейін жетеді. Биыл тек қана Ақтөбе облысының өзінде 5 мыңға жуық жас жұмысқа орналастырылды. Жастардың мұндай жетістікке жетуі облыс әкімдігі мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауының арқасында. Сізге көп рақмет! — деп тілегін білдірген ол «Жасыл ел» жасағының Ақтөбе облыстық штабына «Үздік штаб» номинациясы бойынша арнайы диплом табыс етті.

Сондай-ақ биылғы жылы еңбек жасақтарында белсенді жұмыс жасаған 25 жасқа Астана қаласына тегін жолдама тапсырды.

Шарада «Жасыл ел» жасағының белсенділері сахнада көрініс қойып, белгілі әндерден попурри орындап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Бұдан кейін сахнаға «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен шығып, жастарға жылы лебізін білдіріп, жерлестеріне сәлем жолдады.

Кеште «Кемал» жастар театры әртістері Ақтөбе туралы арнау өлеңдер оқыса, «Фемида» жайдарман тобы жастарға жеңіл әзіл, ойнақы қалжыңдарын жолдады.

Шара соңында «Алау» тобы көрермендерге көңілді әндер тарту етті.

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*