Басты бет » Әдебиет » Көңілдің кейбір кездері

Көңілдің кейбір кездері

Жақсылық Айжан

 

Тәуелсіздігім – бақытым

Тәуелсіздігім,

Саң ғасыр күткен бағым ең,

Жырлаймын сені тағы мен,

Аңырақайда қорғаған жерді, елді де

Батырлар төккен қанымен.

Тәуелсіздігім,

Көк байрағымсың көктегі,

Өмірдің сенде шын бақыты да, көктемі.

Дінім мен тілді қадірлей алмай жүрміз бе

Ағайындардай тау асып кеткен шеттегі.

Тәуелсіздігім,

Аламандарға сәйгүліктерді қосып ем,

Бірақ, кейде неге қуанамын осы мен…

Құлагерлерді құлататындарды ортамда

Түсімде көріп шошып ем…

Тәуелсіздігім,

Бабамның ары ең — алдаспан,

Замана мынау жемқорлықпенен жалғасқан

Қазыбек, Төле, Әйтеке келсе қайтер ек

Жерің мен елге адал бол деп кеткен талмастан.

Тәуелсіздігім,

Арқаңда сенің өзгерді бүгін қосымыз,

Көбейді бірақ, жүзін жасырған тоты-қыз.

Маңдайды ашып жарқылдап жүрер дәуірде

Тәуелсіздікті аялаймыз ба осы біз…

Жанарымдағы тамшысың мөлдір дір еткен,

Сен үшін бабам тіресті

Қалқан, қылышпен және білекпен.

Жанын берген-ді осы бір ғасыр үшін де

Тәуелсіздікті қастерлеу керек жүрекпен.

 

Дәуітке хат

Ойыма алсам, алдыңда қарызданам,

Өрлігің мен ерлігің аңыз бабам.

Түңілгенде тірліктен әділетсіз,

Түнде өзіңе түсімде арызданам.

 

Сары даланың толқыған сағымдары,

Өмір өткел секілді ағымдары.

Күл астынан көмілген шоқты үрлесем,

Ол өзіңді,

Жан бабам, сағынғаным.

Атақоныс деуменен дара бағым,

Тәуелді боп жүруді қаламадың.

Қасіретін халқыңның сезіндің де,

Елемедің жүректің жараларын.

 

Сырларым көп,

Айтарым таусылмаған,

Құпияңды аш,

Беу, менің тау, шың, далам.

Қайран бабам, ал сенің ұрандаған,

Естіледі қияннан даусың маған.

 

Тәуелсіздік жоғымды тауып бердің,

Күні кеше айтуды қауіп көрдім.

Азаттығым бүгінгі армандаған

Ерлігінің арқасы ол — Дәуіттердің.

 

Мөңке би ескерткіші жанындағы ой

Баба, сенің байыппенен барлаған,

Заманыңда туған ұрпақ бірімін.

Тым азайып бара жатыр арлы адам,

Шындығында біреулердің құлымын.

 

Асан Қайғы айтқанына көнбедік,

Ұлы Мөңкем, болжамыңды елемей.

Түтіндедік, бықсып жанып, сөнбедік,

Қалтырадық теңіздегі қалжыраған кемедей.

 

Бұқардың да аңдамадық кеңесін,

Кердеріні кері кеткен деп білдік.

Ұға алмадық көрегендік өресін

Өмірді ойлап екі күндік.

 

Еліктедік Еуропа озық деп,

Қашаннан да Шығыс нұрлы емес пе ед,

Жіктелу мен бөлінуден тоздық көп,

Жеке бақыт талайларға елестеп.

 

Өзің айтқан

Кімге ғана үміт артпақ ел ертең,

Аңқау ғалам бара жатыр ұшынып.

Пенделігің мағынасыз көлеңкең

Жоғалса егер Жүректегі кісілік.

 

Ұқсап тұрсың тұғырдағы қыранға,

Бәлкім, елдің қайта оралдың бағына.

Сабақ болсын есін жияр ұланға,

Үш ғасырды болжап берші тағы да…

 

Баһадүр Бөкенбайдың сыры

Ей, адамдар,

Алаңдадым батысқа да шығысқа,

Сарапқа сал, таразыла, бұрыс па…

Елім-айлап еңіреген көш көрдім,

Ал содан соң, түстім ұлы ұрысқа.

 

Жерім — құтым, елім — арым байлығым,

Сол үшін де тарттым азап қайғыны.

Ат үстінде өтті бүкіл ғұмырым,

Бір болған жоқ жатқан менің жай күнім.

Жанарында жер тұрған соң жаттардың,

Қарақұмда жауға қарсы аттандым.

Бұлантыда байтақ далам дірілдеп,

Дүбіріне құлақ түрді аттардың.

 

Жүрегімнен арманды ойдың мұңы есті,

Қарыс жердің жусаны үшін күрестім.

Төктім қанды мен болашақ бала үшін

Дүлей күшті дұшпаныммен тірестім.

 

Таласқам жоқ атақ пенен шенге де,

Таласқандар ер ме, әлде пенде ме?

Әділдікті ту көтердім тірлікте,

Жатам және тілеп соны көрде де.

 

Таппайсыңдар шын бақытты ай барып,

Өз сертімде қалдым анық байланып.

Қастерлім де, кием жері қазақтың,

Топырағына ал мен кеттім айналып.

 

Көп болады ерлік деген іске сын,

Жаулық етті қандасым да күштесім.

Қара жердің қойнынан бір тілерім,

Ал оған

Дұшпандардың ізі түгел, көлеңкесі түспесін.

 

Талантқа тағзым

Әбіш Кекілбаевтың рухына арналады

Ұлыларымды іздеп, далада ұлыдым қанша,

Ұлықтай алмау тұзды жаңбырдай өкініш.

Бабаларымның текті боп туған құлыны қанша,

Тұғырға қою үміті — жалғыз бекініс.

 

Шер қалалардан шертіліп шығар сыр бөлек,

Маңғаз өлкеден қыраным көкке самғадың.

Өзіңді еске ап тебіренеді қыр кенет,

Ертеңін елдің ойлаудан бір сәт таңбадың.

 

Көштегі жолдан көміліп қалған шоқты үрлеп,

Дарабоздардың жалғадың қайта тірлігін.

Толғандым сонда жалын боп лаулап кеткім кеп

Көк аспанымның айқара аштым түндігін.

 

Даралығыңа, даналығыңа әулиелігің жарасып,

Табынды халқым кемелді керім ойыңа.

Сағынды халқың жанарында мөлдір дара шық,

Барады жиі Маңғыстау жақтың қойнына.

 

Азаматтығы мен тірлігі ғажап абызым,

Табиғатыңа таңғалып тұрар бар әлем.

Көктегі емес, өмірдегі Темірқазығым,

Шабысы бөлек Тұлпар ең өзің,

Көрінер әр кез мәреден.

Әбіші болдың, Қазақтың қайталанбайтын тұлғасы,

Қағысы едің бір күйдің, Алатау да ұйып тыңдаған.

Іздейді сені талмастан әлі бұл ғасыр

Биіктеріне көтеріп әр кез Шың, Далам.

 

Тұшпарахана

Қырандайын қомдап алар қанатын,

Мұқағали мұнда жиі болатын.

Бархыт сыра шөл басатын алдында,

Терең ойға шоматын.

 

Сол ақынды іздегенмен көрмеймін,

Көшесінен Миронұлы Сергейдің.

Көз алдымда тұрып алар бейнесі,

Кеңсай жақта дегеніне сенбеймін.

 

Жан таба алмай сырларын бір тербейтін,

Отыратын жоғалтпастан өр кейпін.

Сәлем берсе жылы жүзді бір кісі,

Өлеңменен нөсерлетіп селдейтін.

 

Басылатын татып бір сәт сырасын,

Содан кейін қайта жаяр құлашын.

Сусындатар кәусар жырмен жүректі

Енді амалсыз естелік қып тұрасың.

 

Танытатын тұлпарлардың шабысын,

Танытатын тау суының ағысын.

Жылдар өте аңсап, іздеп келгенде,

Естімейміз Мұқағали дауысын.

 

Кіріп шығып жатыр қарт пен жас үнсіз,

Бәріне де қандас және жақынсыз.

Жыр сарайы секілді еді бұл орын,

Енді, міне, құлазып тұр ақынсыз.

 

Сол бір қырға

Сол бір қырға қаншама рет бұрылдым,

Елемеуші ем бұрын мен.

Бір төмпешік сыры болдың жырымның

Кез бе осы бұл өмірде сүрінген.

 

Қақ төбемнен төніп көшті қара бұлт,

Қоңыр күздің сыйлаған бұл мұңы ма?

Кетер ме екен, бәлкім, бір күн таралып,

Қалай ғана шыдар екен сынына.

 

Төмпешікке талай келіп тірелдім,

Қалай келдім, білмеймін.

Сыйлысы едің бір ауылдың, бір елдің,

Түні бойы ойлап көзді ілмеймін.

 

Сарғайып тұр мендік көңіл секілді

Сәмбі тал мен қайың да,

Құрғыр жүрек өксіп-өксіп өкінді,

Төгіп өлең жан анашым жайында.

 

Тұрушы едің шығарып сап, қарсы алып

Кетсем әр кез сапарға.

Үзілгендей болып енді барша үміт,

Жалғыз қалып қойғандаймын жаһанда.

 

Голландия гүлдері

Гүлдер жайлы қаншама ақын жырлады,

Гүл базары жүректердің сыр-бағы.

Голланд гүлі лайнерлермен келеді

Таңданады Қазақстан қырлары.

 

Салтанатқа бөлер мейрам күндерін

Біз күтеміз Голландия гүлдерін

Таңдап, таңдап

Тоқтаймыз кеп осы гүлдер қасына

Сырым емес бұл менің.

 

Алты ай қыста соқпас желдің аптабы

Ол жақта да,

Біздің жақта ақ қарлы,

Бірак, бірак

Хош иісті қызыл күрең сол гүлдер

Бөліседі бізге келіп қуанышты шақтарды.

 

Жері шалғай болғанменен соншама,

Жетеді олар суыққа сәл тоңса да.

Талдырмаш гүл хас сұлудай сымбатты

Сыйланады аруларға

Қанша қымбат болса да.

 

Голландия ұсынғанда көңілінің көктемін

Жанарыңда ойнар ғажап от керім.

Қызғалдағы жатқан қардың астынан

Біздің жақтан естілгендей өкпелі үн.

 

Теңіз, тау бар, арамыз да қашық тым

Ей бауырым ,

Аруларға гүл сыйлауға асыққын

Жеткізетін іңкәр сезім сәлемін

Голланд жері мен гүліңе ғашықпын.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*