Басты бет » Білім » Облыста 14 084 оқушыға ыстық тамақ тегін беріледі

Облыста 14 084 оқушыға ыстық тамақ тегін беріледі

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен оқушылардың ыстық тамақпен қамтылу мәселесіне қатысты жиын өтті.

Жиынға мемлекеттік мекемелердің басшылары, аудан әкімдері мен мектеп директорлары қатысты.

Оқушыларды ыстық тамақпен қамту туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Бегімбетов баяндады.

Оның айтуынша, биыл 404 мектептің 376-сында оқушылар ыстық тамақпен қамтылған.  Аталған мектептердің ішінде 290-ы ауылдарда болса, 86-сы — қала мектептері.

133 648 оқушының 129 900-іне (97,1%) ыстық тамақ беріледі. 14 084 оқушы тегін тамақтандырылады, оның ішінде 13 881-і аз қамтылған отбасылардың балалары болса, 343-і буфеттен қамтамасыз етілген.

Өз сөзінде Руслан Бегімбетов білім беру мекемелеріндегі асхана немесе буфет орналасатын бөлмелердің жоқтығы, тозығы жеткен материалдық-техникалық база мен ас үй жабдықтары туралы бірқатар мәселелерді көтерді.

Бұдан кейін облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева биылғы жылдың 9 айында жалпы білім беретін мекемелерде топтық ауру мен тамақтан улану оқиғасының болмағандығын мәлімдеді.

Ақтөбе қаласында бір оқушының тамағына 142 теңге, аудандарда 200-ден 400 теңгеге дейін бөлінеді. Мектептегі мәзір балалардың биологиялық құнды заттарға физиологиялық тұрғыда тәуелділігіне қарап емес, азық-түлік бағасын есепке ала отырып жасалады. Егер бір оқушының тамағы 400 теңгені құрайтын Мұғалжар ауданында рационалды тамақтандыруды ұйымдастыруға болатын болса, онда Ақтөбе қаласында 142 теңгеге бұл мүмкін емес, — деді департамент басшысы.

Ербол Нұрғалиев облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тамақтану рационына бал мен сүт өнімдерін қосу бойынша тапсырмасының орындалуына қызығушылық танытты.  Бал балаларға аптасына бір-екі рет беріледі, қышқыл сүт өнімдерінің мәселесі әліге дейін шешілмеген.

— Бұл өте маңызды, өйткені дұрыс тамақтану ғана балалар мен жасөспірімдердің ағзасын, өсіп келе жатқан адамды барлық қажетті энергия көздерімен қамтамасыз ете алады. Осы мәселені шешулеріңізді сұраймыз, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 199 тексеру жүргізіліп, тамақ дайындау кезіндегі технологиялық процестердің, техникалық және мұздатқыш құралдарының жеткіліксіздігі мен ескіргендігі және т.б. санитарлық талаптардың бұзылғандығы анықталды. Тексерулердің нәтижелері бойынша 5 млн теңгеден астам қаржыға айыппұл салынып, олқылықты жою туралы 98 нұсқама берілген.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев аудан әкімдеріне кәсіпкері бүтіндей мектепті ыстық тамақпен қамтамасыз етуді мойнына алған Қарғалы ауданының оң тәжірибесін қолдануды тапсырды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары:

  • Мұндай мысалдар көп болуы тиіс. Осы мәселенің шешілуі үшін демеушілермен жұмыс жасау қажет. Ыстық тамақпен қамту — балаларымыздың денсаулығына қатысты маңызды мәселе. Сондықтан жұмыстағы барлық кемшіліктер жойылуы керек, — деді.

 А.АЙДАРОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*