Басты бет » Жаңалықтар » Ауа тазалығы қалай?

Ауа тазалығы қалай?

Экология

Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты ластамай, ауаның тазалығын сақтау—мемлекет пен қоғамның бақылауындағы іс. Ол құзырлы мемлекеттік мекемелер арқылы қатаң бақыланады. Облыстық экология департаменті аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша ағымдағы жылдың тоғыз айында жүргізілген жұмыстардың қорытындысын шығарды.

Аталған департамент басшысының орынбасары Ерболат Қожықов биылғы жылы экология мәселесінде басты назардың 2015-2017 жылдарға есептелген экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі аймақтық шаралар жоспарын жүзеге асыруға бағытталғанын атап көрсетті.

Бұл мәселе жөнінде негізгі ақпаратты бақылау-инспекциялық бөлімнің басшысы Мақсат Нағымов беріп, оны экологиялық реттеу  бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлнұр Мүсіркепова толықтырды. Кеңестің өту барысында «Ақбұлақ» және Ақтөбе хром қосындылар зауыты акционерлік қоғамдары, «Стройдеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерінің есебі тыңдалды. «Поколение» ашық қоғамынан Елена Бошкова мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бұл мәселеде бірлесіп жұмыс жасауы жөнінде өз ойларын білдірді.

Кеңесте айтылған мәліметтерге қарағанда, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша үстіміздегі жылдың тоғыз айында қауіптіліктің бірінші санатындағы 181 кәсіпорында 10,47 миллиард теңгеге 380 іс-шара өткізілген. Департамент тарапынан 357 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Экологиялық сараптамаға қабылданған 240 құжаттың 108-іне келісім берілген.

Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру үшін 100 өтінім түсіп, 52 рұқсат берілген.

Биылғы жыл бойынша ауға ластаушы заттардың шығарындылары тұтастай алғанда 351, 77 мың тоннаны құраған. Ал ол өткен жылы 430,8 мың тонна болған еді.

Ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде табиғат пайдаланушылардан қоршаған ортаны ластағаны үшін облыс бюджетіне 7,97 миллиард теңге бөлінді.

Осы тоғыз ай ішінде жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша бірқатар экологиялық талаптардың бұзылғандығы анықталды. Мысалы, Ақтөбе хром қосындылары зауыты акционерлік қоғамының күйдіру пештерінен азот оксиді шығарындыларының нормативтен асу дерегіне жол берілген. Сондай-ақ «Стойдетель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  күйдіру пеші көзінен де нормативтен тыс шығарындылар дерегі тіркелген.

Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап экология департаменті мен ішкі істер департаменті Ақтөбе қаласының 647 автокөлік құралдарының түтіндігіне және улылығына бақылау жүргізген. Осы бақылау кезінде түтінділік нормаларының шектен тыс асуы бойынша 59 дерек анықталған.

Табиғат пайдаланушылар қызметіне жүргізілген тексерулер, прокуратура органдарының талабы және азаматтардың  шағымдары, Ақтөбе қаласы әкімдігінің сұраныстары бойынша жүргізілген тексерулер барысында да көп кемшіліктердің беті ашылды. Осы тексерулердің қорытындысы бойынша экологиялық талапты бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, әкімшілік айыппұл салу туралы қаулылар шығарылды. Қоршаған ортаға келтірілген шығынды өтеу туралы наразылықтар берілді.

Осы кезеңде құрылыс жұмыстарын жүргізуші кәсіпорындарға қатысты да тексерістер жүргізіліп, экологиялық заңнаманы бұзудың 35 дерегі анықталды.

Осы болған жиында «Экотон Батыс», «Мега Групп Ақтөбе» «ЖБИ-25», «СтройБетонИндустрия», «Нағыз Бетон», қаладағы тағы басқа да құрылыс жұмыстарымен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өндіріс және тұтыну қалдықтарын шығаруда экологиялық талаптарды орындамай отырғаны айтылды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*