Басты бет » Денсаулық » Өсімдік майы А және Д дәрумендерімен байытылуы тиіс

Өсімдік майы А және Д дәрумендерімен байытылуы тиіс

ҚР Президенті жанындағы  әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы Ақтөбеде өтті. Жиында өсімдік майын фортификациялау  жөнінде мәселе көтерілді. Отырысқа еліміздегі өсімдік майын өндіретін компаниялардың және немістің «BASF» компаниясының өкілдері мен Қазақ тағамтану академиясынан ғалымдар қатысты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2015 жылғы мәліметінше, Қазақстандағы өлім-жітімнің 81 пайызы инфекциялық емес аурулардан болып отыр. Бұл дегеніміз —  адамдардың дұрыс тамақтанбауының нәтижесі. Қазір халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тағамдардың құрамында дәрумендер жоқтың қасы. Соның салдарынан дәрумен жетіспеушілігі орын алып, соңы түрлі аурудың пайда болуына әкеліп отыр. Қазақ тағамтану академиясының профессоры Шәміл Тәжібаевтың айтуынша, еліміздегі әйелдер мен балаларда қаназдық ауруы көп. Осы проблеманы көтерген ғалымдар анемияның алдын алудың ең қарапайым жолын ұсынды. Ол — бидай ұны мен ұн өнімдерін  фортификациялау, яғни ұнды темір және өзге де дәрумендермен байыту. Себебі ұн —  арзан әрі халық жиі тұтынатын өнім. Ұнды дәрумен және минералдармен міндетті түрде байыту туралы заң қабылданды. Алайда қазір еліміздегі ұн өндіретін компаниялар бұл талаптарды толық орындап отырған жоқ. Шәміл Тәжібаев осы мәселеде мемлекет тарапынан қатаң бақылаудың болуы керектігін айтады.

Халық жиі пайдаланатын азық-түліктің бірі — өсімдік майы. Комиссия мүшелері мен ғалымдар өсімдік майын фортификациялау да кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты. Мәселен, өткен жылдың көрсеткіші бойынша Қазақстанда жан басына шаққанда өсімдік майын  орташа тұтыну мөлшері 19,5 литрді көрсеткен. Майды ең аз тұтынатын Алматы облысының тұрғындары, яғни  көрсеткіш — 12,5 литр. Ең көп пайдаланатын Қарағанды облысының тұрғындары, яғни көрсеткіш — 23,4 литр. Бұл ретте ақтөбеліктер де өсімдік майын жиі пайдаланатындардың тізімінде. Әрбір жан басына шаққандағы май мөлшері — 18, 6 литр. Ақтөбедегі өсімдік майын шығаратын «Ақтөбе Фудс» компаниясының өнімдері дәрумендермен байытылмаған. Басқосуда өсімдік майын А және Д дәрумендерімен байыту мәселесі көтерілді. Неліктен бұл дәрумендерге басымдық беріліп отыр? Себебі бұл дәрумендер адам ағзасында жетіспесе, түрлі сырқаттар бой көтереді. Мәселен, А дәрумені көздің көру қабілетін жақсартып, ағзаның инфекцияға қарсы тұру мүмкіндігін арттырады. Түрлі жұқпалы аурулардың алдын алады. Ал Д дәрумені қазір балалардан бөлек, ерексектер үшін де маңызды болып отыр. Егер бұл дәрумен жетіспесе адамның иммунитеті әлсірейді, семіздік, жүрек-қан тамырлары, тағы да басқа ауру түрлері өршиді.

Жиынға қатысушылардың айтуынша, қазір ел тұрғындарының басым бөлігі дәрумен жетіспеушілігіне шалдыққан. Дәрумен тапшылығы адам ағзасында жасырын жүреді. Көпшілігі өзінде қандай минералды заттардың жоқ екенін біле бермейді. Сондықтан әрбір азамат өз денсаулығын сақтауы үшін дәрумендермен байытылған азық-түлікті тұтынуы тиіс. Жиында ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко фортификацияланған өнімнің маңызын айтты. Сондай-ақ Ақтөбдегі өсімдік майын өндіретін компаниялармен келісім жасалатыны сөз болды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*