Басты бет » Мәселе » Суицид оқиғалары неге көп?

Суицид оқиғалары неге көп?

Дөңгелек үстел

Соңғы жылдары дүниежүзінде өз-өзіне қол жұмсау деректері азаймай отыр. Соңы қайғылы оқиғаларға ұласатын жайттар елімізде жиі кездеседі. Жасөспірімдер арасында суицид неге көп? Оған не себеп және қалай алдын алуға болады?

Міне, осы сауалдар төңірегінде «Баспасөз құралдары мен теле-радио эфирлерінде суициалды оқиғаларды жариялаудың ерекшеліктері» тақырыбында  дөңгелек үстел өтті.  Жиында «Bilim foundation» қоғамдық қорының директоры Алмас Нұрбақытов пен аталмыш қордың өкілі Нұрбек Матжани журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

Алмас Нұрбақытовтың айтуынша, әлем елдері арасында Қазақстан өз-өзіне қол жұмсаудан алғашқы ондыққа кіреді. Осыған байланысты, биылғы оқу жылынан бастап жасөспірімдер арасында суицидті жоюға арналған  ұлттық бағдарлама дайындалды.

— Мамандар суицид оқиғасының жиiлеуiне әртүрлi себептердi алға тартады. Соның ішінде әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық,  психикалық ауытқу салдарынан болуы мүмкін. Кез келген адам, әсіресе, жасөспірімдер қиналған сәттерде сөздерімен, іс-әрекеттерімен қоғамға белгілер бере бастайды. Жақсы оқыған бала нашар баға алуы немесе өзін керексіз сезінуі мүмкін. Сондықтан мұндай белгілерді танып, бейжай қарамау керек. Біз қоғамдық ұйым ретінде осы бағытта БАҚ өкілдерімен жұмыс істеуге дайынбыз, — деді А.Нұрбақытов.

Сонымен қатар, бұл ретте Нұрбек Матжани тілшілер қауымына ұсыныстарын жекізді. Мәселен, жастардың психикасы әлі қалыптаса қоймағандықтан, өмірлік тәжірибелері де жеткіліксіз. Сондықтан олардың болашағына да алаңдаушылық білдіріп, мақала дайындауда белгілі бір шектеуші талаптар қойылғаны жөн. Жан түршігерлік жағдайларды басылымдардың бірінші бетіне беруге, оқиғаның болған жерін нақты айтуға, суицид құрбандарының аты-жөнін толық және суреті мен бейнекөрінісін жариялауға болмайды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*