Басты бет » Жаңалықтар » Басты талап — үш ойында жоғары нәтиже көрсету

Басты талап — үш ойында жоғары нәтиже көрсету

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» футбол клубымен кездесіп, жоғары нәтиже көрсете алмаған ойыншыларды сын тезіне алды.

Облыс әкімінің орынбасары әрі облыстық футбол ассоциациясының президенті Қайрат Бекенов, «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Мақсат Тюмалиев, футболшылар қатысқан жиында Бердібек Сапарбаев:

Бас бапкер тағайындалғанда, осындағы барлық футболшылар жақсы ойын өрнегін көрсетеміз деп сөз берген болатын. Алайда ол уәде орындалмады. Қазіргі уақытта турнирдегі кестеде командамыздың нешінші орында тұрғанын жақсы білесіздер. Сіздер әр ойын сайын құлдилап, төмен нәтиже көрсетіп келесіздер. «Тараз», «Қайсар» сияқты командаларға қалай жеңілгендеріңізді түсінбеймін. Мұндай деңгей «Ақтөбенің» тарихында болған жоқ.

Жалақыларыңыз, еліміздегі басқа клубтағылармен салыстырғанда, жақсы. Бар жағдайды жасап, қаржыландырып отырмыз. Бірақ, дұрыс ойнамайсыздар. Соның ішінде легионерлердің ойынына көңілім толмайды. Барлықтарыңызда жан-тәнімен беріліп, ойынға жүз пайыз берілу деген жоқ. Соның салдарынан осындай жағдай болып отыр. Соңғы уақытта ойындарыңызға бармай жүргенім сондықтан. Маған ондай футболды көрген қызық емес. Сіздер кәсіби футболшы екендіктеріңіздіі ұмытпаңыздар. Футболды талапқа сай етіп ойнау — сендердің жұмыстарың.

Премьер-лиганың биылғы чемпионатында үш ойын қалды. Ең басты талап — сол үш ойында жоғары нәтиже көрсету, — деп тапсырма берді.

Одан соң сөз алған Мақсат Тюмалиев, бас бапкер Владимир Мухановтар команданың соңғы бір жылдағы ойын өрнегіне тоқталып, құрамның жаңаруы да өз әсерін тигізгенін атап өтті. Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы спортшылар шынымен талаптанса, бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болатынын алға тартты.

Кездесу соңында футболшылар Бағдат Қайыров, Андрей Сидельников, Игорь Зеньковичтер сөз алып, маусым аяқталғанша бар күш-жігерлерін салатынын айтты. Бұл ретте облыс әкімі ақтөбелік жанкүйерлердің алдында ұятқа қалмай, намысты қолдан бермеу керектігін ескертті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*