Басты бет » Жаңалықтар » Қаржыландыру қомақты, нәтиже нашар. Неге?

Қаржыландыру қомақты, нәтиже нашар. Неге?

Биыл облыс спортын дамытуға 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Соңғы бес жылда бұл саланы қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Осыған қарамастан, Ақтөбенің спорт саласы айтарлықтай жоғары нәтижелер көрсетіп отырған жоқ. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында бұқаралық және кәсіби спортты, аймақтық спорт федерацияларын дамытудың жай-күйі мен келешегі талқыланды.

— Біз қаржыландыруды азайтпау және материалдық-техникалық базаны нығайту үшін барынша күш салып жатырмыз. Жаңа ғимараттар салынуда. Дене тәрбиесі мен спортты қаржыландыру жағынан біз республика бойынша алдыңғы бестікке кіреміз, ал спортшылардың нәтижесі бойынша соңғы орынның алдындамыз. Көптеген спорт түрлерінен ұстанымдарымыздан айырылдық, — деді облыс әкімі.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жүргізген талдауы бойынша бүгінгі күні облысымыз халықты дене тәрбиесі және спортпен қамту бойынша кенжелеп келеді.

Балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуда айтарлықтай мәселелер бар. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұловтың баяндамасына сәйкес қаржыландырудың соңғы төрт жылда 7 есеге ұлғайтылғанына қарамастан, балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің тиімділігі аз. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 28 БЖСМ спорттық базалармен 100% қамтамасыз етілген. Мұндай жетістіктер біздің өңірден басқа Алматы облысында ғана бар.

Аталған мәселе кәсіби жаттықтырушылар құрамының жетіспеушілігінен туындап отыр. Бүгінде 1 жаттықтырушыға спорт мектебінің 28 оқушысынан келеді, бұл республикалық көрсеткішке сай. Алайда, балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің 11-інде ғана жоғарғы санатты жаттықтырушылар бар. Кейбір БЖСМ ешқандай санаты жоқ қызметкерлерді жаттықтырушылық жұмысқа жіберіп отырған.

Бердібек Сапарбаев бұндай жағдай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығының жауапсыздығы салдарынан орын алды деп атап өтті.

— Былтыр басқа өңірлерде тұратын талантты ақтөбелік спортшылар мен жаттықтырушыларды қайтару туралы тапсырма бердім. Нәтиже қайда? Егер оларға материалдық көмек немесе тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет болса, келіп айту керек еді. Екі жыл бойы басқарма мен спорт мектептерінен ешкім бұл мәселені көтерген емес,- деді облыс әкімі.

— Егер жақсы жаттықтырушы болса, біз барлық қажетті қолдауды қамтамасыз етеміз. Бізде талантты балалар бар, тек оларға жақсы тәлімгерлер қажет.

Жоғары жетістіктегі спортты дамыту, облыс спортшыларының ҚР ұлттық және штаттық құрамаларының тізіміне енуі, жазғы, қысқы және ұлттық спорт түрлерін дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортпен және дене шынықтырумен қамту мәселелері де қанағаттанарлықсыз.

Спорт ардагерлері талқыланған тақырып бойынша өз пікірлерін білдірді. Олар бірнеше ұсыныстарын ортаға салды. Ұсыныстар қатарындағы болашағынан үлкен үміт күттіретін БЖСМ тәрбиеленушілеріне арналған жазғы спорт лагерін ашу туралы пікірді облыс әкімі де қолдады.

Талқылауды қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев спорт түрлерін, аймақтық федерациялар, спорттық секциялар мен клубтарды, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бойынша нақты шаралар қабылдау туралы бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс басшысы спорт ардагерлері, беделді жаттықтырушылар, спортшылар, қоғам қайраткерлері мен депутаттардан тұратын жұмыс тобын құруды тапсырды. Олар бір ай ішінде спорт және дене шынықтыруды дамыту мәселелеріне талдау жасап, өз ұсыныстарын енгізулері қажет.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*