Басты бет » Жаңалықтар » Мал шаруашылығының бүгіні және ертеңі

Мал шаруашылығының бүгіні және ертеңі

«Aktobe Invest-2017» форумы

«Aktobe Invest-2017» форумының аясында Шығармашылық академиясы ғимаратында «Жаһандану кезеңіндегі агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі» панельдік сессиясы өтті. Оның екінші тобына негізінен мал шаруашылығы саласында бизнеспен шұғылданатын кәсіпкерлер жиналды. Олар бұл саладағы қазіргі қол жеткен табыстарды жалғастырып, жаңа белестерге шығудың мүмкіндіктерін қозғады, сауалдары да осы төңіректе болды.

Форумның модераторы болған Қазақстан ет қауымдастығының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев ресми шараның аграрлық салалардағы өнімділікті арттыруға бағытталған  инновациялық шешімдерді, инвестициялық жобаларды атап өтті.

Ауыл шаруашылығында, оның ішінде мал өсіруде Ақтөбе облысының жеткен жетістіктерін атап өте келіп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрмұхан Сарыбаев:

— Ақтөбе облысының бұл саладағы әлеуеті аса жоғары. Бұл ретте бір ғана жайылымдық жер ыңғайының кеңдігін алсақ та жеткілікті. Ол кемінде бұл саланы үш есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өндірісті әртараптандыру жағдайында, мал азығы өндірісін дамыту, жайылымды жақсарту, тағы басқа шараларды жүзеге асыру арқылы, тіпті он есе ұлғайтуға болар еді, — деп атап көрсетті.

Оның осы жиында білдірген ойынша, біздің аймаққа күллі Қазақстанның ірі қара малын орналастыруға болар еді. Осының нәтижесінде өсімдік шаруашылығын, өңдеу салаларын кең ауқымда дамытуға жол ашылады. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021 жылдарға дейінгі арналған бағдарламасы бірте-бірте тікелей қаржылай қолдаудан бас тартуды көздейді. Бұл жерде шағын несиелеу мекемелерін, несиелеу серіктестіктерін дамыту, лизингтік компаниялардың, екінші деңгейдегі банктердің тұрақты қаржыландыру құрылымдарын агроөнеркәсіп кешеніне көбірек тарту қажет болып отыр.

Қазір қаржылай қолдау қоры экспорттық әлеуеті жоғары саланы қаржыландыруға белсенді бағыт ұстауда. Сондықтан да осымен байланысты мейлінше икемді шаралар қарастырылуда. Алдағы міндет — жобаларды осы мақсаттарға ыңғайлау болмақ.

Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еленов өзінің сөзінде экспорттың елу пайызы агроөнеркәсіп кешенінің үлесіне тиетінін еске салды. Мұнымен бірге, ол еліміздің сыртқы саудасында еліміздің ауыл шаруашылығының дәстүрлі орны барын, палатаның әр кәсіпкердің мүддесін көздейтінін, сыртқа шығатын нарыққа да жәрдемдесетінін атап көрсетті.

Осының бір мысалы, көрші Қытай елі Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуші ретінде қарайтынын жеткізді. Таяуда палатаның ықпалдастығымен екі тауарөндіруші тарапынан 250 миллион долларға шарт бекітілген.

— Сондай-ақ біз қазақстандық компанияларға электрондық алаңға шығуға жәрдемдесеміз. Мұнымен бірге, Ресей, Иран, Қытай — осы үш аймаққа бөліп, рынокқа шығу әлеуетін зертейміз. Қазір Ресеймен сауда белсенді түрде дамып келеді. Әрине, аздаған проблемалар да бар. Ал Қытай біздің елімізге кең рынок ұсынады. Мәселен, ол көп мөлшерде ет, астық сатып ала алады. Бірақ ол маусымдық, бір жолғы болмай, жүйелі түрде қалыптасуға тиіс. Бізге қоятын бірден-бір талабы — осы. Біздің палата жеткізуші іздемейді, біз сіздер үшін тұтынушы іздейміз, — деді А.Еленов.

Ақтөбе аймағының мүмкіндіктері хақында өзінің сөзінде облыс әкімінің орынбасары  Мавр Абдуллин мол деректер келтірді. Оның атап көрсеткеніндей, бізде қазір 4,5 мыңның үстінде аграрлық құрылымдар жұмыс істейді. Облыс әкімінің орынбасары көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау шараларына  кеңірек тоқталды. Оның көлемінің жыл сайын ұлғайып отырғанын айтты. Айталық, өткен жылы ол 54 миллион долларды құраса, соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 61,6 миллион долларға ұлғайып, 582 миллион долларға жеткен.

— Импортты азайтып, экспортты ұлғайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда агроөнеркәсіп кешені саласында импорт өнімдері 25 пайызға азайып, экспорт 14 пайызға ұлғайды, — деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары.

Панельдік сессияда көрші Орынбор облысының агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті жөнінде осы облыстың үкіметінің төрағасының орынбасары — ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібінің министрі Михаил Маслов таныстыру жасады.

Бұдан соң әңгімені агроөнеркәсіп кешені саласында үлкен табыстарға қол жеткізіп жүрген ақтөбелік кәсіпкерлер Нұрлан Сағыналин, Гайк Тертерян жалғастырды.

Панельдік сессия бірқатар меморандумдарға қол қоюмен аяқталды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*