Басты бет » Жаңалықтар » Қолдау. Субсидия. Кепілдік

Қолдау. Субсидия. Кепілдік

Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында «Aktobe Invest-2017» V халықаралық инвестициялық форумы аясында «Өңірдің әлеуетін ескере отырып мемлекеттік қолдаудың шаралары» тақырыбында панельдік сессия өтті.

Сессияны «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жобалық қаржыландыру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік департаментінің басшысы Дамир Мусин жүргізді.

Оның айтуынша, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мақсаты — Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына көмектесу. Бүгінгі күні холдинг ірі кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру, т.б. бағыттарда жұмыс жасайды.

  • Биыл Қазақстан Республикасының Үкіметі холдингті дамытуға арналған жаңа стратегияны бекітті. Онда бір терезе қағидасы бойынша инвесторларға қызмет етуге басымдылық беріледі. Бұл қағида инвесторлар үшін тиімді болатынына сенеміз, — деді Дамир Мусин.

Ол жиналғандарға холдинг құрамындағы 11 еншілес ұйымның қаржыландыру, жобалау-сметалық құжаттарды өңдеу, борышқорлық лизингтік қаржыландыру, экспорттық қарызды сақтандыру, т.б. бизнесті дамытудың құралдары туралы мағлұмат берді.

Бұдан кейін сессияда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма мүшесі, басқарушы директор Ғабит Лесбеков облыста шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламаның нәтижелері мен жоспарлар туралы айтты.

— Бүгінгі күні «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнесті қолдауға арналған үш бағдарлама елімізде танымалдылыққа ие. 2010 жылдан бастап республикада «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жұмыс жасайды. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін тиімді, қажетті бағдарламалардың бірі — екінші деңгейлі банк арқылы несие бойынша пайыз мөлшерлемесін субсидиялау. Бұл кәсіпкерлердің қарыздық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, бір жағынан, мемлекет үшін де тиімді.

Субсидия екінші деңгейлі банктер арқылы 7 пайыздан 10 пайызға дейінгі мөлшерлемемен беріледі. Қазір Ұлттық Банк қайта қаржыландыру мөлшерлемесін төмендетуде, сондықтан екінші деңгейлі банктер де берілетін несиенің мөлшерлемесін төмендетіп жатыр, — деді ол.

Ғабит Лесбековтің айтуынша, бүгінге дейін біздің облыста 102,5 млрд теңгеге 744 жоба субсидияланған. Бүгінгі күні Ақтөбе облысы республика бойынша 4-орында тұр.
Өткен жылы шағын және орта бизнесті қаржыландыратын бағдарламаларға әкімдіктер арқылы 300 млн теңге қаржы бөлінсе, биыл оның мөлшері 500 млн теңгеге жеткен.

— Соңғы кезде несиеге кепілдік беру бойынша сұраныс көп. Бұл кәсіпкерлердің несие алу үшін кепілдік мүліктері жетіспеген жағдайда қосымша кепіл алуға мүмкіндік береді.

«Даму» қоры өз ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге 85 пайызға, яғни 20 миллион теңгеге дейін кепілдік бере алады. Ал жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер үшін 50 пайыз береді, — деді Ғабит Лесбеков.

Несиеге кепілдік беру бағдарламасы бойынша Ақтөбе облысында жалпы мөлшері 7 млрд теңгені құрайтын 249 жоба жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде бүгінде облыс республикада үшінші орында тұр.

Сонымен қатар бүгінге дейін облыста екінші деңгейлі банктер арқылы шартты түрде орналастыру бағдарламасы бойынша 2157 жоба іске асырылған. Оның жалпы құны — 93,8 млрд теңге.

Панельдік сессия барысында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысын қолдауға арналған құралдар туралы да мәселелер қаралды.

Жиналғандар аталған бағдарламаның мақсат-міндеті мен бағыттарына тоқталып, сол бағдарлама аясында облыста қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Сессия соңында кәсіпкерлер спикерлермен тілдесіп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*