Басты бет » Жаңалықтар » Форум жұмысы басталды

Форум жұмысы басталды

Жиырма елден келген 400-ден аса адам «Aktobe Invest-2017» форумына қатысады.

Кеше Ақтөбеде «Aktobe Invest-2017» V халықаралық инвестициялық форумы басталды. Екі күндік форумның басты тақырыбы — «ЭКСПО-2017»: өңірлердің даму импульсі».

Форумның негізгі пленарлық отырысы кезінде «ЭКСПО-2017» көрмесінде өңірдің экономикасын дамыту үшін ұсынылған жаңа технологияларды пайдалану мәселелері  талқыланатын болады. Белгілі болғандай, Ақтөбе — «ЭКСПО-2017» инновациясын енгізу жағынан өңірлер арасында көш басында тұрған облыстардың бірі. Ақтөбедегі 25  кәсіпорында азық-түлік бағасын төмендетуге, еңбек өндірісін арттыруға, сонымен қатар облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.

Форумның негізгі пленарлық отырысының модераторы — «Атамекен» ҚР ҰКП комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов.

Форумға барлығы жиырма елден 400-ден аса адам қатысады. Олардың арасында ҚР Үкіметінің, салалық министрліктердің, облыс әкімдіктерінің, квазимемлекеттік сектордың, қазақстандық, халықаралық қаржы институттарының өкілдері мен отандық және шетелдік бизнестің топ-менеджерлері бар.

Облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлының айтуынша, форумның алғашқы қатысушылары Ақтөбе қаласына келіп үлгерді. Олардың қатарында Әзірбайжанның Қазақстандағы бас консулы, Македония елшісі, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің экономикалық кеңесшісі, қаржы институттарының, отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері бар.

Сонымен қатар «Алтын Қыран» компаниялар тобының бас директоры әрі құрылтайшысы, «Global Oil Investment Group» компаниялар тобының вице-президенті, «ВЕК» КТ (РФ) бас директоры, «MитМитМит» ЖШҚ (РФ) құрылтайшысы, «Al Qudra Holding» шетелдік компаниясының өкілдері, «Аль Масуд», «John Brown Engineering», SINOPEC компаниясының тобы келеді деп күтілуде.

Бұдан басқа, форумға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, Орынбор, Орск және өзге де қалалардың басшыларының қатысуы жоспарланып отыр.

Форум аясында жалпы құны 200 млрд теңге болатын 11 меморандумға қол қойылады деп күтілуде. Олардың қатарында Ақтөбе және Қостанай облыстары арасындағы өңіраралық серіктестік пен өнеркәсіптік кооперация,  желдік генератор шығаратын зауыттың құрылысы, фармацевтика өндірісін кеңейту жобасы, техникалық селитра мен кармабид  өндіретін зауыттың құрылысы туралы меморандумдар, мұнай-газ жабдықтарының кластерін құру, күйе өндіретін (сажа) зауыттың құрылысы туралы меморандумдар және басқалары бар.

 Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*