Басты бет » Басты жаңалықтар » Агроөнеркәсіп кешендерінің әлеуеті мығым

Агроөнеркәсіп кешендерінің әлеуеті мығым

Халықаралық «Aktobe Invest-2017»  инвестициялық форумына қатысушылардың бір тобы мемлекеттік және жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істеп жатқан агроөнеркәсіптік кешендердің жұмысымен танысты. Олар алдымен Алға қаласындағы «Ақтөбе ет  кластері» ЖШС-ына ат басын тіреді.  Қонақтарды жылы шыраймен күтіп алған кәсіпорын басшысы Вахтанги Джиджиешвили бірден ет  комбинатына бастады.

— Біздің кәсіпорын мемлекеттік  үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында «Қазагроқаржы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен пайдалануға берілді.Ет комбинаты 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндіріс орнының мақсаты — ішкі нарықты сапасы жоғары ірі қара етімен қамтамасыз ету, сондай-ақ, облыстың агроөнеркәсіптік кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін арттыру. Кәсіпорын Германияның қондырғыларымен жарақтандырылған. Заманауи технология экологиялық таза ет өнімдерін өндіруге мүмкіндік беруде. Мұнда қалдықсыз технология қолданылады.  Малдың еті, ішек-қарыны, сүйегі, терісі, тұяғы мен мүйізі сияқты қосалқы өнімдерінің бәрі кәдеге асады. Ет өнімдерінен басқа сүйек майы, сүйек ұны, үй жануарларына арналған азық та осындағы қалдықтардан дайындалады, — деді ол.

Мұнда ірі қара малын сою, жартылай дайын және сорпалық өнімдер шығару, нақты тапсырыс берушіге дейінгі барлық жұмыстар атқарылады. Өнім ҚМДБ ХАССП «Халал даму» ЖШС-ның «Халал» стандарты бойынша өндіріледі. Кәсіпорын ХАССП қағидаттары негізінде  ИСО 22000 — 2006 азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі менеджмент жүйесін пайдаланады, яғни Швейцарияның SGS  сертификатына ие.Ет комбинатының жылдық қуаты 7200 тонна сиыр етін өндіруге мүмкіндік береді.

Форумға қатысушылар кәсіпорын өнімінің қандай елдерге экспортқа шығарылатынына, жұмысшылардың еңбекақысы қанша екендігіне  қызығушылық  танытты. Кәсіпорын директоры Вахтанги Джиджиешвили  ірі қараның қырыққатпары Қытайға, ал еті мен терісі Ресейге экспортқа шығарылатынын, жұмысшылардың орташа еңбекақысы 80 мың теңге құрайтынын, осында жұмыс істейтін 143 адамның 98 пайызы жергілікті тұрғындар екенін жеткізді.

Форумға қатысушылар кәсіпорынның 11 мың ірі қара семіртетін бордақылау алаңында  болды. Қазір мұнда 9 мыңға жуық ірі қара бордақылануда. «АкТеп» ЖШС директоры Арслан Исмановтың айтуынша, биыл 1 мың бас ірі қараны жалға беріпті.  Шаруашылық құрылымдары мен жекелерден күніне  тайынша сатып алынатын көрінеді. Шаруашылықтарға техника, тұқым сатып алып, беріп қолдау жасап, олардан мал азығын сатып алу арқылы есептеседі. Бордақылау алаңындағы ангус тұқымды ірі қараның әрқайсысы тәулігіне 2 келіге дейін, жергілікті ірі қара 1 келі шамасында қосымша салмақ қосады.

Форумға қатысушылар аялдаған екінші кәсіпорын — «Айбек» АӨК» ЖШС 2007 жылы құрылған, оның базасында Алға ауданының 10 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Мал сою цехы бір ауысымда 8 тонна ет өндіреді. Кәсіпорын өңірде мал сою, етті сақтау, өңдеу, шұжық өнімдерін жасау, консервілеу бойынша толық циклді ет комбинаты болып табылады. Ет комбинаты базасында үш цех: мал сою, шұжық жасау цехы мен консервілеу цехы және дүкен бар. Өнім «Sybaga» маркасымен Серіктестіктің бас технологі Татьяна Мельникова қонақтарды ет консервілерін шығаратын өндірістік технологиямен таныстырды. Оның айтуынша, ет консервілерін шығаратын өндірістік желіде тәулігіне 48 мың дана консерві шығаруға мүмкіндік бар. Әзірге кәсіпорын толық қуатына шыға қоймаған. Дегенмен кәсіпорын өнімдеріне сұраныс күн санап артып келеді. Әрқайсысы 350 грамдық консервінің 87 пайызы ет, ал 10 пайызы әртүрлі дәмдеуіштер. Қазір бұл ет консервілері ішкі нарыққа, аз-кем Ресейге шығарылады. Мұнда 20 адам жұмыс істейді. Бұл жобаға 550,0 миллион теңге қаржы жұмсалған.

Форумға қатысушылар облыстың сүт кластерін қалыптастырып отырған негізгі кәсіпорын  «Айс Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де барды. Зауытта табиғи сиыр сүтінен жасалған экологиялық таза 38 түрлі өнім  шығарылады.  Кәсіпорын директоры Қуаныш Ишанов  кәсіпорын туралы тереңірек түсінік берді. Оның мәлімдеуінше, 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында зауытта 1,0 миллиард теңгеге кәсіпорынды жаңарту  және қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде сүтті қабылдау мен бөліп құюға дейінгі жұмыстарды атқаратын толық өндірістік желі орнатылды.  Өндірісте жылына 18250 тонна өнім өндіріледі. Мұнда 210 адам жұмыс істейді.

Зауыттың шикізат базасы Мәртөк ауданының Саржансай ауылында орналасқан. «Айс» ЖШС сүт-тауарлы фермасында 1100  сиыр бар.  Тауарлы-сүт фермасы күн сайын 20 тонна сүтті қайта өңдеуге жөнелтеді. Шаруашылық қажетті жемшөппен өзін-өзі толығымен қамтамасыз етіп отыр.

                                               Сатыпалды СӘУІРБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*