Басты бет » Басты жаңалықтар » «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қайтадан өріс алды

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қайтадан өріс алды

 

Мемлекет басшысының халықтың өзекті мәселелерін шешу, экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет ету бойынша тапсырмаларын орындау аясында облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жалғасын тапты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мәртөк ауданында болған жұмыс сапары кезінде Тәңірберген, Мәртөк және Родников ауылдық округтерінде халықпен кездесу өткізді.

Ауыл тұрғындары сауалдарын қойып, жеке өтініштерін айта отырып, кездесуге келген құзыретті тұлғалардан — құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары арқылы жауаптарын алды.

Арнайы топ құрамында облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай, облыс прокуроры Марат Қайбжанов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  ұлттық бюросының департаменті басшысы Қайрат Сүнтаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті басшысының міндетін атқарушы Рустам Неталиев, облыстық ішкі істер департаменті басшысының міндетін атқарушы Арыстанғали Заппарев, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айбек Паяев, облыстық әділет департаментінің басшысы Берік Беркімбаев болды.

Б.Сапарбаев осындай кездесулердің негізгі мақсаттарының бірі — халық сенімін арттырып, атқарушы және мемлекеттік биліктің жергілікті органдарымен бірлесе өзара әрекет ету екенін атап өтті.

Облыс әкімі мен мемлекеттік органдар басшыларының  Мәртөк ауданы тұрғындарымен бетпе-бет әңгімелесуі кезінде жол құрылысы, жұмыспен қамту, елді мекендерді ауызсумен, газбен қамтамасыз ету және тағы басқа мәселелер талқыланды.

Облыс басшысы ауыл тұрғындарының өтініштерін мұқият тыңдап, қойылған сұрақтардың барлығы шешіліп жатқанына және әрі қарай да жоспарлы түрде шешілетініне сендірді.

Өз кезегінде Б.Сапарбаев жергілікті тұрғындарды кәсіпкерлікпен белсендірек айналысуға, ауыл шаруашылығының дәстүрлі және дәстүрлі емес түрлерін меңгеруге, өңірдегі және жалпы елдегі экономиканың дамуына күш салуға шақырды.

— Мәртөк ауданының ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің өсу әлеуеті зор. Осы саланы әрі қарай дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, барлық жерлерді түгендеуді аяқтап, суармалы алқаптар алаңын  ұлғайту керек. Пайдаланылмаған жер телімдерін тиімді айналымға енгізу, суару, шағын шаруашылықтарды өндірістік кооперативтерге біріктіру жолымен нығайту — азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын төмендетіп, экспортын арттыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті облыс әкімі.

Мәртөк ауылында облыс әкімі Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Лавренюктің үйіне барды. Василий Демьянович жеңісті 1945 жылы Германияда қарсы алған, кейін Жапониядағы үш айға созылған соғысқа аттанған. «Жауынгерлік ерлігі үшін» төсбелгісімен, «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Бердібек Сапарбаев 90 жастағы ардагерді Қарттар күнімен құттықтап, оған зор денсаулық пен көтеріңкі рух тіледі.

Сондай-ақ, Мәртөкте аймақ басшысы аудандық соттың жаңа әкімшілік ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.

— Осы жерде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын әділетті әрі салмақты шешімдер қабылданарына сенімдімін, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев өзінің құттықтау сөзінде.

Ғимараттың ашылуынан соң облыс әкімі осында құқық қорғау, сот және кейбір қадағалау органдарының басшыларымен қысқа жиналыс өткізді. Ол жиналысқа қатысушылардың назарын халықпен байланысты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінінің сақталуын қамтамасыз етуге, дәстүрлі емес бүлдіргіш дін ұстанушылармен жұмысты күшейтуге аударды.

— Халықпен тығыз байланыста болу оң нәтижесін беріп жатыр. Осы жылдың тоғыз айы ішінде облыстағы қылмыс саны 27% төмендеді. Бұл — мемлекеттік билік органдарының жұртшылықпен өзара терең байланыс орнатуының нәтижесі. Біздің міндетіміз — заңдылық пен құқықтық тәртіпті әрі қарай күшейту үшін осы жұмысты жалғастыру, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*