Басты бет » Жаңалықтар » Ауылдарда ахуал тұрақты

Ауылдарда ахуал тұрақты

Елбасының халыққа арнаған Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қамтылған шаралардың жергілікті жерлерде жүзеге асырылуына қатысты көзделген шараларға байланысты Байғанин ауданының біраз елді мекендерін төрт күн бойы аралап, тұрғындармен кездесіп қайттық.

Таяудағы кезеңде елдің, аймақтың алдында тұрған мәселелер Ел Президентінің  біздің облысымызға жұмыс сапары  кезінде, қаламызда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен  өткен «Туған жер» тұңғыш форумында жан-жақты қамтылғаны белгілі. Біз осы халықтық маңызы бар көкейтесті  мәселелерді жергілікті жерлерге жеткізуге асықтық. Ауыл адамдарына кешегі форумға әлемнің түрлі мемлекеттерінен, еліміздің барлық аймақтарынан келген жерлестеріміздің ыстық ықыласын жеткізіп, олардың туған жерге көрсеткен жәрдемдерін айттық. Мемлекет пен кәсіпкерлердің байланысын, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саладағы облыста атқарылған келелі жұмыстарды баяндадық.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына қатысты ауылдың әр тұрғынының қосатын үлесін әңгімеледік. Елдің бірлігі мен тыныштығы, экономиканың көтерілуі әркімге де қатысты. Мұны біз кездескен ауылдардың тұрғындары да жақсы түсініп отырғанын көрсетті. Жергілікті жерлердегі халықтың түсінігі жоғары. Ел Президентінің сарабдал саясатын жақсы түсініп, оны жүзеге асыруға құлшынуда. Байғанин өңірінің біз болған өңірлерінде діни жат ағымның жетегіне ерген жастар жоқ. Мешіттер, оған баратын жамағаттар дәстүрлі дінімізге берік.

Жалпы ел азаматтары Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің қол жеткен табыстарын, оның ішінде Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі беделін айрықша бағалап, қадірлейтінін білдірді. Мәселен, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі туралы әңгіме өрістегенде, оның елімізге әкелген зор беделінен, экономикалық табыстарынан терең хабардар екендерін көрсетті. Бірсыпыра тұрғындар, мектеп оқушылары Астанаға барып, көрмені көзбен көріп қайтқан. Мұндай әлемдік шараны саяси тұрақтылығы күшті, ауызбіршілігі мықты, экономикасы тегеурінді дамыған ел ғана өткізе алады. Көрменің тарихына, одан бергі кезде көрмені мойындарына алып өткізген елдерге қарап отырсақ, осыны анық аңғарамыз. Осының өзі біздің еліміздің әлемдік деңгейдегі нығайғандығының  мықтылығының  бір жарқын көрінісі болды. Ел адамдары осыны айтады.

Әр аудан тұрғындары өзінше еңбек етіп, облысымыздың көркеюіне үлес қосып жатыр. Соның нәтижесінде аймақта биыл да елеулі игіліктер жасалды. Жақсы астық өсірілді. Өңірде мал көбейіп, ауыл шаруашылығы бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар табысты орындалды. Әр ауылда өткен кездесулерде бұл жөнінде, яғни облыстың әр салада қол жеткен табыстары жөнінде де жан-жақты әңгіме болып, тұрғындар толық ақпарат алды.

Тек ауылдар ғана емес, біз осы өңірде жұмыс жасап жатқан шетел мұнай кәсіпшілігінің  ұжымдарымен де кездестік. Бір қуанарлық жағдай, олар тарапынан маңындағы ауылдарға әлеуметтік қамқорлықтар туғызудың жақсарғанын білдік. Солардың бір парасы — ауылдарға газ жеткізіп беру, электр қуатын тартып көмектесу, қажет болған жағдайда, маусымға қарай техникадан жәрдем жасау. Мұны алда да өрістете бермек олар.

Төрт күндей аралап, кездесу өткізіп Қаражар, Жарқамыс, Ақтам, Бұлақтыкөл, Жаңатаң, Кемерши ауылдарымен бірге, шетелдік мұнай кәсіпшіліктерін, малды қоныстарды да қамти жүрдік. Олардың жағдайларының жақсы екенін, барлық жерде саяси ахуалдың тұрақты екенін көрдік.

  Келдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ,

 Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және

келісім кеңесі облыстық филиалының төрағасы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*