Басты бет » Әлеумет » 19 шара: 547 адам қамтылды

19 шара: 547 адам қамтылды

Діни мәселерді кең көлемде түсіндіру бағыты бойынша Хромтау қаласында, сондай-ақ  осы ауданның Дөң, Қопа және Аққұдық ауылдарында 19 шара өтіп, 547 адам қамтылды.

Дөң ауылындағы орта мектепте 9-11 сыныптардың оқушыларымен және ата-аналармен өткен кездесуде «Дін және жастар», «Жастарымызды жалған діни идеологиядан сақтау» тақырыптарында әңгіме қозғалды. Бұл кездесуге 200-дің үстінде адам қатысты.

Тұрғындар арасында жүргізілген кездесулерде «Аңсар» орталығының теологтары мен оқытушылары олардың көкейтесті сауалдарына жауап беріп, әңгіме барысын сұрақ-жауап түріне көшірді. Дінтануға, этномәдениеттілік мәселелеріне қатысты көпшілікке ұғынықты тілмен түсінік берді.

Ал Бөгетсай ауылының «Ақнұр» мешітінде көпшілікпен өткен кездесуде әңгіме жаназа рәсімдері туралы тақырыпқа ойысты. Тек әңгіме, түсінік жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, ауыл тұрғындары арасында түрлі спорттық, мәдени шаралар ұйымдастыруға да мән берілді. Мұндай шараларға тұрғындар да көптеп қатысып, үлкен ынта, ықылас көрсетті.

Ауылдарда кездесулер өткізуге келген кезде, арнайы түсінік жұмыстарын жүргізетін топтар көрнекілікке айрықша көңіл аударып отырды. Кездесулер, семинарлар, әңгімелер құр өтпей, көпшілікке тақырыптық буклеттер таратылып, бейне роликтер көрсетілді, өзге де көрнекі құралдар ұсынылды.

Тек әлеуметтік мәселелерді талдаумен шектелмей, жергілікті жерлерде бизнесті дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Бұл мәселелердің де жалпы жұртшылық біле бермейтін қыр-сыры кездесу кездерінде кең қамтылды. Мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде қалай орындалып отырғанына назар аударылды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша гранттар алу, қаржы институттары тарапынан несиелер беру сынды мәселелерге байланысты кәсіпкерлерге, жергілікті тұрғындарға кеңестер берілді.

Топтың құрамында  түрлі мамандық иелері болды. Соның нәтижесінде, мәселен, Шалқар ауданының Көтібар ауылында облыстық аурухананың дәрігерлері бір ота жасады.

Көп жерде тұрғындардың «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасына қатысу тәртібін тереңірек білгісі келетіні байқалды. Олардың бұл өтінішін мамандар толық өтеді.

Ауылдық жердегі өткізілген кездесулерде жұмыссыздық жағдайына зерттеу жүргізілді. Мұндай адамдармен жеке-жеке әңгімелесіліп, оларды жұмысқа тартудың шарасы алынды. Осындай жандардың бірсыпырасы қоғамдық-ақылы жұмыстарға тартылды.

Еңбек заңдылықтарын түсіндіруге қатысты кездесулер өткізіліп, еңбек ұжымдарындағы нақты жағдайларға талдау жасалды. Қажет болған жағдайда еңбек заңдылықтарын, оның ережелері мен тәртібін  түсіндіру аясында қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру қажеттігі айтылды.

Осы кездесулердің аясында барлық елді мекендерде қайырымдылық шараларын өткізу де қарастырылды. Аз қамтылған отбасыларына, күнкөрісі ауыр жандарға материалдық қаржылай жәрдемдер көрсетілді.

Байғанин ауданының елді мекендерін аралаған  мобильдік топ елеулі жұмыстар тындырды. Ауыл арасының шалғайлығына қарамастан олар кең қамтуға күш салды. Ауыл тұрғындарын жаңалықтарға кенелтіп, түсініктерін кеңейтті.

Осындай топ Қарғалы, Мәртөк аудандарында да арнайы іс-шаралар өткізіп, көпшіліктің құрметіне бөленді. Бұлар негізінен құқық қорғау қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылды.

Облыстағы «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жұмысы алда да аудандардың қалған елді мекендерінде жалғасады.

 А.ШҰҒАЕВ.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*