Басты бет » Жаңалықтар » «Экотон-Батыс» «Алтын сапа» сыйлығынан үміткер

«Экотон-Батыс» «Алтын сапа» сыйлығынан үміткер

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ақтөбелік газды блоктар өндірісі компаниясы үміткер болып отыр.

«Экотон-Батыс» ЖШС-ның жұмыс істей бастағанына оныншы жыл. Осы жылдар ішінде елеулі табыстарға қол жеткізілді. Бүгінгі күні облыс аумағында салынып жатқан барлық үйлердің құрылысында дерлік компанияның өнімдері қолданылуда. Бұдан басқа Батыс және Оңтүстік Қазақстан аймақтарында да ақтөбелік өнімге сұраныс жоғары. Таяуда ғана газды блоктар шығысқа да жол тартты. Құрылыс материалының жоғары сапасы мен көлемінің дәлдігі ерекше бағалануда.

«Экотон-Батыс» қазірдің өзінде Қазақстанның үздік 30 экспортшылары қатарына енді.

Компанияның бас технологы Александр Вавиловтың айтуынша, неміс жабдықтары арқылы шығарылатын газды блоктар Ақтөбеде 2008 жылдан шығарыла бастады. Өндірісте әк, цемент, құм секілді қазақстандық экологиялық таза шикізаттар ғана пайдаланылады. Соның нәтижесінде барлық режимдер сақталып, технологиялық өлшемдерге, жоғары беріктік көрсеткіштерге қол жеткізілді және сапалы өнім алу мүмкіндігі туды.

«Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 230 мың текше газды блоктарды шығаруға мүмкіндік береді. Әзірге экспортқа осы мөлшердің 10 пайызы ғана шығарылуда. Таяудағы уақытта оны көбейте түспекшіміз. Биыл өнімдерімізді Орынборға ғана жөнелтсек, келесі жылы Башқұртстан мен Самара облысын да қамтымақшымыз»,— дейді бас технолог.

Биыл «Алтын сапа» сыйлығын алу жолында «Экотон-Батыс» ЖШС-мен бірге ақтөбелік тағы екі компания — өртке қарсы жабдықтар зауыты мен мұнай жабдықтары зауыты бағын сынамақшы.

Н.ДӘУІРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*