Басты бет » Мәселе » Мектепке баратын балалардың 80 пайызының тісі бүлінген

Мектепке баратын балалардың 80 пайызының тісі бүлінген

Қазір балалар арасында тіс ауруы көп. Деректерге сүйенсек, республика бойынша балалардың 25 пайызының ғана тісі сау. Көпшілігі тіс жегісі және пародонтит ауруына шалдыққан. Тіпті аурудың асқынуынан балалардың бет сүйегі қисайып кету деректері де жиі кездеседі екен. Ақтөбедегі мектепке баратын балалардың сексен пайызының тісі бүлінген. Мәселен,  2015-2016 жылғы оқу кезеңінде 14 089 бала стоматологиялық тексеруден өтсе, соның 9 516-ның тісі сау емес. Ал 2014-2015 оқу жылында 6823 бала тексеруден өтіп, оның 4335-і әртүрлі тіс ауруына шалдыққан.

Балалардағы тіс ауруының көбею себебі неде? Бұл туралы Ақтөбе қалалық балалар стоматологиялық емханасы алдын алу бөлімінің меңгерушісі Анар Қыдырова жан-жақты айтып берді.

— Балалардағы тіс ауруының көбею себебі неде?

—  Балалардағы тіс ауруының ең бірінші себебі — ауыз қуысының гигиенасына байланысты.  Қазір ауыз қуысын тазартатын щеткалар мен сұйықтықтардың түрі көп. Бірақ көпшілік оны дұрыс пайдаланбайды. Әсіресе балалар тісті қалай тазартуды білмейді. Балалардағы тіс ауруының алдын-алу — ата-ананың міндеті. Себебі кішкентай бала тіс күтімін өз бетінше атқара алмайды. Сондықтан ата-ана баланы тамақтан кейін ауызды шаюға үйрету керек. Балаларға ауыз қуысының тазалығына қатысты ақпарат толық берілмейді. Мәселен, тісті тазалаудың да өз тәртібі бар. Тісті ұйықтар алдында тазарту керек. Ал таңертең асты ішіп болған соң тазалаған дұрыс. Ауыз қуысында микроб болмас үшін тістің арасында тамақ қалдықтары қалмауы керек.

Аурудың көбеюіне тағы бір себеп — жасанды тамақтану. Мәселен, біз бала кезімізде тек қана табиғи тамақтарды ішіп өстік. Сүт, айран ішіп, ет пен тары жедік. Ал қазіргі балалардың негізгі тамағы — құтыдағы сусындар. Кішкентайлар қораптағыны  ішсе, жасөспірімдердің қолынан «Пепси кола» түспейді. Бұндай сусындарды жиі ішу денсаулыққа зиян. Асқазан-ішек жолдарын бүлдіреді. Ішкі құрылыс зақымданса, тіске әсер етеді. Денсаулықтың  мықты болуы ең алдымен тіске байланысты.

— Ата-аналар балаларының табиғи тамақтарды жемейтінін айтады. Тіпті қазір ет жемейтін балалар көбейіпті. Бұл да тіс ауруына әкелуі мүмкін бе?

— Бұл рас. Ет жемейтін, үйдің сүті мен сары майын жемейтін балалар бар. Бұл —әлгі айтылғандай,  жасанды қоспалары бар тағамдар мен сусындардың салдары. Ата-ана алдын ала баланы дүкеннің шырыны мен сусындарына, дайын тағамдарына үйретіп қояды. Дүкенге барса міндетті түрде шырын немесе тәтті кәмпит, шоколад алып береді. Ал оның құрамындағы қоспаларға мән бермейді. Осылайша күн сайын баланың ағзасы жасанды тамаққа үйреніп алады. Сырты қызылды-жасылды сусындарды ішкен сайын ішкісі келіп тұрады. Бұдан кейін бала табиғи ет пен сүтті іше алмайды. Ал дәруменнің көзі — ет, сүт және балықта. Адам ағзасына қажетті дәрумендердің  барлығын осы үш тағамнан алуға болады. Ата-ана мүмкіндігі келгенше баланың дайын, құрамында қоспалары бар тамаққа деген әуестігін шектеу керек. «Ет жемейді» деп оны бермей отыруға болмайды, үйрету керек. Балалардағы тіс ауруының негізгі себебі — осы, яғни жасанды тамақтандыру.

Сондай-ақ қазір жаңа туған сәбилердің көпшілігі жасанды сүтпен қоректенеді. Ал бұндай сүтті ішкен  баланың тісі тез бүлінгіш келеді. Себебі сәби сүтке тез үйреніп кету үшін сүттің құрамына қант қосылады. Ал бұл бөтелкелік тіс жегісіне әкеледі. Қазір 2-3 жастағы балалардың басым бөлігінің тісі осылай зақымдалған. Балаға ана сүтін беру мен жасанды тамақтандырудың айырмашылығы өте көп. Мәселен, бала емшек емген кезде жақ бұлшық еттерінің барлығы қозғалысқа түседі. Ал емізік сорғанда бала сүтті бірден жұтады.  Емізік емген баланың ұрты салбырап тұрады. Ауыз қуысының шайнау, сору, сөйлеу қызметтері дұрыс атқарылмайды. Соның әсерінен қазір балалар дұрыс тыныс ала алмай, ауыздарын жартылай ашып жүреді. Ауаны ауыз арқылы жұтады. Бұндай балалардың көпшілігінің мұрнында аденойд бар. Лор дәрігерінде есепте тұр.

Ата-аналардың көпшілігі бұған мән бермейді. Айтсаң ренжитіндері бар.

— Көп жағдайда ата-аналар баланың сүт тісіне мән бермейді. Бұл қателік емес пе?

— Баланың сүт тісі алты айынан бастап шығады. Бірақ баланың өсіп, жетілуіне байланысты кейде төрт ай, кейде сегіз айлығында да сүт тістер шыға береді. Барлығы жиырма сүт тіс шығады. Екі жарым жасқа дейін сүт тіс толық  қалыптасып болады. Оның тұрақты тістермен ауысуы алты, кейде бес жастан    басталады. Оған дейін  баланың сүт тісін сақтау керек. Сүт тіске салғырт қарау тұрақты тістің бұзылуына әкеледі. Сүт тістердің эмалі, яғни сыртын қаптап тұратын қатты тіні тұрақты тіске қарағанда жұқа болады. Сондықтан қабыну кезеңі тез жүреді. Алты жаста баланың алтыншы тісі, яғни азу тісі шығады. Стоматологияда бұны окклюзияның алтын кілті деп атайды. Егер бұл тіс бүлінсе, бала ортодонтиялық аномалияға ұшырауы мүмкін, яғни тістер қисық шығады, ауыз қуысының патологиясын әкеледі. Ата-аналардың көпшілігі бұны сүт тіспен шатастырады. Тіпті дәрігермен тайталасып тұратындар бар.

Қандай тіс болмасын алғашқы кезде эмалі жұқа болады. Бір жылдан кейін ғана қатаяды. Осы уақыт ішінде ата-ана балаға тісті күтуді үйрету керек.

Сондай-ақ созылмалы аурулар, дәрі-дәрмектерді көп ішу, антибиотиктерді жиі қабылдау да — тістің бүлінуіне бірден бір себепкер.

— Бала тісінің саулығы ата-анаға байланысты. Бірақ көпшілігі бұған мән бермейтін тәрізді.

— Әрине, барлығы ата-анаға байланысты. Ата-аналардың салғырттығынан көп жағдайда балалар зардап шегеді. Тіс жегісі пайда болғаннан бастап оны емдетуге асықпайды. Жұмысты, тағы басқа да шаруаларды сылтауратып жүріп алады. Ауру асқынып, ірің сүйекке жеткен кезде ғана емханаға келеді. Бұл кезде баланың тісін жұлудан басқа амал қалмайды. Тіс бір бұзылса, ол әрі қарай емдегенше тоқтамайды. Сондықтан ата-аналарға осыларды жан-жақты түсіндіріп айтамыз. Әрбір тіс — созылмалы стоматологиялық ошақ. Баспа, гайморит аурулары тіспен байланысты. Мәселен, қант диабеті, лейкоз секілді ауру түрлеріне шалдыққан балалар бар. Оларда стоматит ауруы жиі  пайда болады. Ата-аналары осындай  дертке шалдыққан балаларды уақытында тіс дәрігеріне қаратып алғаны жөн.

Балалардағы ең жиі кездесетін тіс ауруы — тіс жегісі. Мектеп жасындағы балалардың басым көпшілігі тіс жегісінен зардап шегеді.

Сондай-ақ соңғы жылдары балаларда тісжегісіз тістің бүлінуі жиі кездеседі. Бұның негізгі себебі — аналарының жүкті кезінде дәрі-дәрмектерді жиі қабылдауы. Антибиотиктерді  көп мөлшерде ішу құрсақ ішіндегі балаға теріс әсерін тигізеді. Кейін тістің сары болып шығуына, түрлі патологиядағы аурулардың туындауына әкеледі. Сондықтан жүкті аналар алдын ала тіс дәрігерімен кеңесіп алғаны жөн. Қандай дәрі тіске кері әсерін тигізетінін білген дұрыс.

— Емхана ауыл балаларына да көмек көрсете ме?

— Әрине, емханаға ауылдан келетін балалар көп. Оларға жан-жақты көмек көрсетіледі. Жалпы, жасыратыны жоқ, ауылдық жерде балалар тіс дәрігері тапшы. Жазда Шалқар, Мәртөк аудандарына бардым. Емханаларда арнайы кабинет бар, қажетті құрылғылар да жеткілікті. Бірақ маман жоқ. Себебі баланың тісін емдеу, нақты диагноз қою өте күрделі әрі жауапкершілікті қажет етеді. Қарапайым тіс дәрігерінен балалар тіс дәрігері екі есе артық білуі тиіс. Ал үлкендерге қызмет көрсететін маман баланың жылағанынан-ақ қорқады. Сондықтан тісті жұлғанымен емдеу шараларын жасату үшін баланы  облыс орталығына жібереді.

Сондай-ақ үш жылдан бері емхананың жылжымалы «Стомкар» көлігі ауыл-аймақтарды аралап, стоматологиялық қызмет көрсетеді. Мамандар шалғай ауылдарға барып, балалардың тістерін қарайды, жұлады. Емдеуді қажет ететін балаларға қалаға келуге кеңес береді. Қазір көлік Шалқар ауданын аралап жүр. Байқадам, Айшуақ ауылдарына барып, балаларды қабылдайды.

Сонымен қатар соңғы жылдары мектептерде арнайы кабинеттер ашылды. Бұл бала тісінің саулығы үшін өте дұрыс қадам болды. Бала тісі ауырса, дәрігерге жүгіріп келеді. Стоматолог жоспарлы түрде оқушыларды қарап, тісі бұзылған балалардың ата-аналарына ескерту жасайды.  Түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастырады. Қазір Ақжар, Жаңақоныс, Заречный аудандарындағы мектептерде стоматологиялық кабинеттер жұмыс істеп тұр. Алайда, бір қиындығы —  маман тұрақтамайды. Жастар қағаздың көптігіне шыдамай, жұмыстан бас тартады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*