Басты бет » Рухани жаңғыру » Досжан ишан мешіті

Досжан ишан мешіті

 «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.Бұл рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру керектігін айта келіп, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеуді тапсырды.

Осыған орай ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы тамыз айының ортасында «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін ұсынды.Тізімде Ақтөбе облысы бойынша төрт нысан барын біз оқырмандарымызға хабарлаған едік.

Енді осы жоба аясында облысымыздағы республикалық маңызы бар ескерткіштер қатары тағы да бес ескерткішпен толықты. Олар: Темір ауданындағы Досжан ишан мешіті, Хромтау ауданындағы Ойсылқара қорымы, Қобда ауданындағы Исатай батыр кесенесі, Шалқар ауданындағы Есет-Дәрібай кесенесі және Әйтеке би ауданы аумағында сақталған Кенесары ханның қарындасы Бопайдың бейіті.

Досжан ишан — Қазақстанның батыс өңірінде ислам дінін таратуға өлшеусіз үлес қосқан, осы жолдағы қызметі, білімі, жеке басының қадір-қасиеті арқылы халық арасында зор құрметке бөленген тұлға. Тарихта ол батыс аймақ қазақтарының қажылық сапарын ұйымдастыру; әйгілі Құнанбай қажымен бірге тәкие үй салдыру; туған өлкесінде мешіттер салдырып, медресе ашып, бала оқыту, сондай-ақ ХІХ ғасырдың 80-жылдарында патша үкіметінен «қазақтар үшін бөлек мүфтилік» талап ету ісін ұйымдастыру, т.б. қайраткерлік істері арқылы қалды.

Досжан Қашақұлы 1815 жылы дүниеге келген. Әкесі Қашақ мұсылманша сауатты молда болған. Алдымен әкесінен сауат ашқан Досжан ғылым-білім жолына ерте түседі. Ол небәрі он алты жасында алғаш рет қажылыққа барған деседі. Досжан хазіреттің қай жерде білім алғаны жөнінде әртүрлі айтылып жүр. Зерттеушілердің бірі оны білім іздеп, Хиуа, Үргеніш, Бұқара жағына аттанған десе, екіншілері Орынбор жағында оқыған деседі.

Өзінің бірінші мешітін Доңызтаудағы Тасастау-Қайнар алқабында салдырған. Досжан ишанның өмірі мен қызметіне арнаған толғауындаақын ӘбубәкірКердері бұл туралы:
«Рұқсат пірден алып, болды ишан,
Сондай бол ізгілікке жанды қисаң.
Мақсатқа әр пендені ұшыра тұр,
Сүйеніп бір Аллаға нәпсің тыйсаң.
Мұнан соң мешіт салды Қарашыңға,
Мың сегіз жүз елуінші жылдың шамасында.
Тасастау — Қайнар деген бір терең сай,
Мағұлым Қарашыңның арасында», — дейді.
1868 жылы Досжан ишанДоңызтаудан Ойыл өзенінің жағасына қоныс аударады. Тарихшылар пікірінше, бұл Досжан ишанның өз қалауымен емес, сол кездегі саяси жағдайларға, яғни патша үкіметінің «Уақытша ереже» заңыненгізуіне байланысты болған. «Уақытша ереже» патша үкіметінің отарлауын күшейткен заң болды, оның үлкен қарсылық тудырары түсінікті еді. Сондықтан отарлаушылар Досжан ишан секілді ықпалдытұлғаны бақылауда ұстау үшін, сол кезде өздерінің үстемдігі орнаған Орал облысының жеріне көшіруді дұрыс көрген. Ақын ӘбубәкірКердерімұны да айтады:
«Қазаққа штат деген хабар тиіп,
Жылында алпыс сегіз хауа болды,
Қоныстан бірнешелер көшті үркіп,
Штаттың хабарынан білмей қорқып.
Падишаның әміріне қарсы болмай,
Досеке бермен көшті мейлі тартып».
Досжан ишан Ойыл өзенінің Шилі саласына көшіп келгеннен кейін, жаңа қонысында да мешіт-медресе салдырып, бала оқытып, имандылық таратқан. Бұл мешіттің бір бөлігі сақталып, Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдықтың оңтүстік жағында 5 шақырым жерде тұр. Жоғарыда айтқанымыздай, ол республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына еніп отыр. Бұған кейінірек ораламыз…

Досжан ишан — қажылыққа үш рет сапар шеккен адам. Үшінші рет 1874 жылы ұлы Абайдың әкесі Құнанбай бастаған топпен бірге Меккеге барыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде осы сапар туралы: «Орта жүзден тобықты Құнанбай бастаған жиырма кісі, Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан халфелер бар дейді. Қазақ мұнан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері көзге түсерлік әр таптың қасқа жайсаңы болғандықтан, көргендер таңғаларлық болыпты», — деген дерек қалдырған. Ал оның Құнанбай қажымен бірлесіп салдырған тәкие үйін 1905-1906 жылдар аралығында қажылыққа барғанда көргенін, үйдің Досжан хазірет атында екенін Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы жазып кеткен.
Ақын ӘбубәкірКердері бұл оқиғаны жырға былай деп қосыпты:
«Білерсің, Досжан деген ишаным бар,
Мәдина шаһарында үй салдырған.
Ол үйдің бірі жақұт, бірі маржан,
Әрқайысысы мың теңгелік, емес арзан.
Дүниеде мұндай сарай, ой болмас деп,
Ол үйге таңғалыпты көрген бір жан».
«Уақытша ереже» бойынша Батыс Сібір далалық облыстары мен Орынбор өлкесі қазақтарының діни істері «Орынбор мұсылман діни жиналысынан» шығарылып, жалпы азаматтық басқармаға берілген. Осыған байланысты Досжан ишан Қашақұлы бастаған топ қазақтарды мүфтият қарамағына қайта өткізу немесе қазақ жұрты үшін бөлек мүфтилік ашуды талап етіп, хұзырлы органдарға хат жазып, қуынады.

«Баршасыүшбулардыңпірімдеді,

Хазіретақылыдана, білімдіеді.

Патшаданқазақүшінмүфтисұрап,

Өзіненхалыққамынбұрынжеді», — дейді Әбубәкір Кердері ақын.

Соңғы жылдары зерттеушілер бұл істің мән-жайыннақты құжаттар арқылы анықтап отыр. Деректерде көрсетілгендей, ХІХ ғасырдың 80-жылдары осы істі қолға алған Досжан ишан патша үкіметі тарапынан қуғынға ұшырайды. Ол 1896 жылы дүниеден өткен.

Ал жоғарыда айтылған қазіргі Шұбарқұдық маңындағы мешітті Досжан ишан Бірман ұстаға салдырыпты.Құрылыстың негізгі жұмысына жергілікті халық көмектескен.Мешіталты күмбезді, сондай-ақ тоғыз күмбезді болған деген болжамдар айтылып жүр.Бұл күмбездер Кеңес тұсында құлатылған деседі.Деректер бойынша,мешіттің ұзындығы, шамамен, 28 метр, ені — 11 метр, биіктігі 5 метр болған. Мешіт ішінде жүз адам еркін тұрып намаз оқыған.Мешіт жанында 150 орындық медресе, қонақтарға арналған орын болған.

Мешіт бөлмелері ою-өрнекпен әшекейленіп, сырттан түскен жарықпен нұрланып тұрады екен. Аят, хадистер қызыл бояумен жазылған.

Әбубәкір Кердері бұл мешітті:

«Мешітті таңғажайып салды оңдап,

Ұстаны Бірман атты алды таңдап,

Ойы мен зейіні артық шеберлерді,

Қасына жүз шамалы қосты жалдап.

Бір жылда салып болды керегесін,

Қондырып кісі бойы терезесін.

Төбесі бөлме-бөлме іші бұрау,

Бағана асты-үстіне жоқ-ты, тіреу.

Қиық жоқ, белдігі жоқ үстін басқан,

Төбесін күмбез қылып бұрып қосқан.

Ғажайып нақыштары әрбір түрмен,

Жазулы аят, хадис қызыл сырмен.

Көргенде сүйек еріп, тәнің балқып,

Толғандай мұсылманның көңілі нұрмен»,— деп сипаттаған.

Кеңес үкіметі кезінде мешіт алғашқыда дүкен, кейін ат қора ретінде пайдаланылыпты. Бүгінде мешіт жанында тілеухана бар. Ал 2005 жылы Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдық кентінде Досжан ишан Қашақұлының 200 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Сондай-ақ, Досжан ишанның мөрі де сақталған.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*