Басты бет » Басты жаңалықтар » Баспасөзге жазылу басталды

Баспасөзге жазылу басталды

9 қазан — Дүниежүзілік пошта күні мерекесіне орай «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалының бас ғимаратында «Басылымдарға жазылу» Ашық есік күні өтті. Шараға пошта қызметкерлерімен бірге «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС құрамындағы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері және басқа да басылымдардың өкілдері, оқырмандар жиналды.

Алдымен сөз алған «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Қосыбек Бөлекбай әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

— Біздің кәсіби мереке жазылу науқанымен тұспа-тұс келеді. Сол себепті де, басылымдарға жазылу мақсатында Ашық есік күнін өткізуді дәстүрге айналдырдық. Мақсат — басылымға жазылуды насихаттау, — деді Қосыбек Бөлекбай.

Шара барысында сөз алған облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Өтеулиев пен Айгүл Нұркеева пошта қызметшілерін мерекелерімен құттықтап, серіктестерінің еңбектеріне табыс тіледі.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, облыстық басылымдардың тарихы тым әріден басталады. Екі жылдан соң «Ақтөбе» газеті 95 жылдық мерекесін тойлайды. Ал келесі жылы «Актюбинский вестник» басылымы 100 жылдық мерейтойын өткізеді. Газетіміздің тұрақты оқырмандары көп. Біз әр кез өз оқырмандарымызға рақмет айтамыз. Басылым бетінде тек қана жақсы жаңалықтармен бөлісуге жазсын, — деді Бауыржан Өтеулиев.

Бұдан кейін облыстық екі газеттің бас редакторлары «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің атынан қалалық, аудандық байланыс бөлімшелерінің, басылымдарды тарату учаскелерінің қызметкерлеріне «Алғыс хат» және бағалы сыйлықтар тапсырды. Олардың арасында қос газеттің тұрақты оқырманы Асхат Жұмағали мен Александр Корват бар. Сондай-ақ, Жансұлу Боранова (Шалқар), Роза Дабылқызы (Әйтеке би ауданы), Алтынай Баймұратова (Ойыл) сынды бір топ  пошта қызметкерлері де марапатқа ие болды.

Облыстық «Ақтөбе» газеті — отбасымыздың сүйікті басылымы. Бірнеше жылдан бері үзбей жазыламыз. Басылымның әр нөмірін асыға күтемін.

Жалпы, «Ақтөбе» газетінде мазмұнды мақалалар көп жарияланады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халықтың тұрмыс-тірлігі, қоғамдағы түрлі мәселелер туралы жан-жақты жазылған материалдар жарық  көреді. Сондай-ақ, ел игілігі үшін қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты жөніндегі тұшымды материалдарды да осы «Ақтөбе» газеті арқылы оқып, білеміз, — дейді Байғанин ауданының тұрғыны Айнагүл Маханова.

Акция аясында басылымдарға жазылу жүргізілді. Мерзімді басылымдарды тарату бөлімінің басшысы Сағира Шалабаева облыстық газеттердің оқырман қолына кешіктірілмей тиетінін айтады.

«Ақтөбе» газетін облыс орталығындағы оқырман газет шыққан күні алады. Сондай-ақ, Шалқардан басқа облыстағы 11 ауданның орталығына да басылымдар жарыққа шыққан күні жеткізіледі. Шалқар ауданына газет пойыз арқылы жіберіледі. Ондағы оқырман газетті келесі күні оқиды. Ең шалғайдағы ауылдардың өзіне газет үш күнде жеткізіледі, — дейді С.Шалабаева. Оның айтуынша, үш ауданда — Шалқар, Әйтеке би, Ойылда газетіміздің оқырманы көп. Әрі олар газетке жыл бойы үзбей жазылады. Аталған аудандарда «Ақтөбе» газетінің таралымы да тұрақты.

Айта кету керек, газет-журналдарға жазылу науқаны қазанның 2-сі күні басталды.

Сағира Шалабаеваның айтуынша, кәсіпорындар, түрлі мекемелер қоғамдық-саяси газеттерге көбірек жазылады екен. Сондай-ақ, қазағы басым ауалдарда да басылымға жазылу белсенділігі жоғары.

Мереке барысында пошташылар лотерея ойынын өткізіп, оқырмандарға сыйлықтар тарту етті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*