Басты бет » Басты жаңалықтар » Тұтынушы өз құқығыңды білесің бе?

Тұтынушы өз құқығыңды білесің бе?

Қазір нарықта тауардың түрі көп. Оның ішінен іздеген затыңның сапалысын таңдап алу — ең маңызды нәрсе. Бірақ, көп жағдайда сатып алған бұйым сапалы болып шыға бермейді. Бұндай кезде  тұтынушы не істеу керек? Алған затын кері қайтарып бере ала ма? Қайда хабарласу керек?  Жалпы тұтынушының құқығы қандай? Көпшіліктің көкейінде жүрген осындай сұрақтарға жауап іздедік.  

 САПАСЫЗ ТАУАРДЫ ҚАЙТА ТАПСЫРУҒА БОЛА МА?

Бұрын тұтынушылардың құқын қорғаумен санитарлық-эпидемиологиялық орган айналысатын. Биыл мамыр айынан бастап бұл құзырет  Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополиялар, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне берілді. Құқығы бұзылған ақтөбеліктер енді аталған комитеттің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тұтынушылардың құқығын қорғау бөліміне хабарласады. Бұл жерде бөлім мамандары азаматқа тегін кеңес береді.  Департамент басшысының орынбасары Сағындық Иргалиеевтің айтуынша, соңғы жылдары өз құқын қорғай білетін тұрғындардың қатары көбейген. Мәселен, бұрын тұрғындар сатып алған тауардың сапасы төмен екенін білсе немесе қандай да  бір заңсыздыққа ұшыраса қайда хабарласарын білмейтін. Тіпті білген күннің өзінде де салғырттық танытатын. Ал қазір көпшілігі құқығының тапталғанын қаламайды. Мәселен, мамыр айынан бастап жедел желі арқылы 191 адам қоңырау шалса, 77 тұрғын кеңес алған. Бөлшек сауда саласы бойынша — 219 адам, тұрмыстық қызмет көрсету бойынша 26 адам шағым түсірген.

Тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің міндеті — келген тұрғындарға кеңес беру, заң бойынша құқығын қалай қорғау керектігін түсіндіру, бағыт көрсету. Мәселен, сауда орнынан сатып алған зат сапасыз болып шықса, тұрғын бірден тұтынушылардың құқығын қорғау бөліміне хабарласқаны жөн. Бөлімнің бас маманы Жұлдыз Ереннің айтуынша, соңғы жылдары ұялы телефонға қатысты шағымданушылар көбейген. Оның ішінде ең көбі — «iPhone» маркалы телефоны. Департамент мамандарымен тілдесуге барғанда біз де бұған куә болдық. Аты-жөнін айтудан бас тартқан азамат Ақтөбе қаласындағы «Alser» дүкенінен 136 мың теңгеге телефон сатып алған. Телефонды сөреден алып берген сатушы оның жаңа екеніне сендіреді. Сатып алушының ашылмаған қораптан алып бер дегенін тыңдамайды. Бір аптадан кейін телефон істен шығады. Осы мәселені айтып келген азаматқа Жұлдыз Ерен көмектесті.

— Бұндай кезде азаматтар бөлімге келіп наразылық парақшасын толтырады. Оған алған заттың істен шыққанын, сапасыз екенін жан-жақты жазады. Бұндай парақшаны азаматтардың өздері де толтыруларына болады. Бірақ олар заң баптарын білмейді. Сондықтан бізге келгені жөн. Парақшаны екі дана қылып толтырып, бірін дүкеннің сатушысына қалдырады, екіншісін өзінде сақтайды. Өзінде сақтаған парақшаға сатушы «қабылдап алдым» деп жазып, қолын қою керек. Парақшада көрсетілген мерзім ішінде дүкен иесі затты ауыстырып немесе ақшасын қайтарып бермесе, яғни тұтынушы үшін қандай да бір мүмкіндік қарастырмаса, азамат істі сотқа жібереді. Кейінгі кезде «iPhone» маркалы телефонын түпнұсқа деп сататындар көп. Тұрғындар оны арзанға сатып алады, біраз уақыт өткеннен кейін істен шығады.  Бірақ қазір түпнұсқаның да, түпнұсқа еместің де сапасына сын айтатындар көп. Жаз айында жиһаз жасаушылардың үстінен арыз түсіретіндер көбейеді. Тұрмыстық техниканың сапасы бойынша да хабарласатындар жиі кездеседі, — дейді Жұлдыз Ерен.

Маманның айтуынша, заң бойынша тауардың сапасына көңілі толмаған тұтынушы оны кері тапсырып, ақшасын қайтып алуына толық құқығы бар. Ол үшін затты сол жерден сатып алғаныңды растайтын  құжат, яғни фискалды чек, тауар чегі, түбіртек секілді құжат болу керек. Осындай құжаттар болған жағдайда жаңа тауарды алған күннен бастап 14 күннің ішінде  ауыстырып немесе ақшаңызды кері қайтаруға сауда орны міндетті. Егер чек бермейтін базар болса, бұндай кезде камера немесе қасыңызда затты сатып алғаныңызды растайтын адам болу керек. Жұлдыз Ереннің айтуынша, егер 14 күн өтіп кеткеннен кейін барып алынған заттың сапасыздығын білсе, тұтынушылардың құқығын қорғау бөліміне хабарласып, наразылығын білдіруге болады. Егер наразылық парағында көрсетілген  күннің ішінде жауап бермесе, сотқа шағымдана алады. Ал соттасқан жағдайда Ұлттық тұтынушылар лигасындағы заңгер тұтынушының құқын қорғауға көмектеседі.

— Көп жағдайда тұрғындар «чек берілмеді» деп наразылық білдіреді. Бұндай мәселені мемлекеттік кірістер департаменті қарайды, — дейді бас маман.

ТҰТЫНУШЫ НАЗАРЫНА!

ҚР Тұтынушылардың құқытарын қорғау туралы заңының 30-бабы

Сатушының (дайындаушының) тиісті сападағы да тиісті емес сападағы да тауарды сату кезіндегі міндеттері.

  1. Мыналарды:
  2. дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды;
  3. іш киімді;
  4. шұлық, ұйық бұйымдарын;
  5. метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп, матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы қоспағанда егер тиісті сападағы азық-түлік емес тауар пайдаланылмаса, оны тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандайда бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуі тиіс.

САТУШЫҒА АЛДАНҒАН ЖАҒДАЙДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Департамент басшысының орынбасары Сағындық Иргалиеев тұтынушы кез келген тауарды сатып аларда мұқият болу керектігін айтады. Әсіресе, келісімшарт жасасқан кезде мүмкіндігінше үтір, нүктесіне дейін қалдырмай оқып шығу керек. Бірақ көпшілігіміздің көп қағазды оқып отырғаннан сатушының сөзіне сенетініміз анық.

—  Бүгін таңертең зейнет жасындағы әйел адам «Селф клиник» орталығының үстінен шағымданып келді. Қазір бұл орталықтың үстінен тоғыз адам арыз түсірді. Аталған орталық адамдарды телефон арқылы хабарласып, шақырып алады екен. Келгеннен кейін өздерінің косметикасын жарнамалайды. «Мына косметикалық емді қабылдасаң, шашың жақсарады, мынадан бетіңнің терісі ағарып, әжімі кетеді» дейді. Осылайша адамдарды сеніміне кіргізіп, оларға 200-300-500 мың теңгеге дейін несие алғызады екен. Зейнет жасындағы әйел адам 500 мың теңге несие алған. Банк оны бірден орталықтың есепшотына аударады. Әйел екі-үш рет ем  (процедура) алғаннан кейін ешқандай өзгерістің нышанын байқамайды. Осыдан кейін келісімшартты бұзайын десе, олар «сіз 375 мың теңгеге ем қабылдадыңыз» дейді. Сөйтсе, олар шартта, егер шарт бұзылған жағдайда емнің бағасы басқаша есептелетінін жазған және ешқандай бағаны көрсетпеген. Келген тұтынушыға кофе, шай беріп алдап, қайткен күнде де келісімшартқа қол қойдырып алады. Сатушының сөзіне сенген тұтынушы оны дұрыс оқымайды. Тағы бір тұтынушы да осындай оқиғаға тап болады. Ол адам 116 мың теңге төлейді. Қазір департамент хабарлама шығарды. Егер бір мекеменің үстінен 10 адам шағымданса, сол мекеменің үстінен іс қозғалады. Оларға алдын ала заң бұзғандығы жөнінде хабарлама жіберіледі, істі түземесе, айыппұл салынады. Осыдан соң тұтынушы сотқа шағымданып, ақшасын кері қайтарып алуына болады. Бұл жерде аталған орталық тұтынушыны алдап тұр. «Осы емді жасасаңыз сізде бәрі жақсы болады» дейді. Бірақ нәтиже керісінше, тіпті бет-ауызына жара шығып кеткендер бар екен. Бұндай жағдайда тұтынушыны алдағаны үшін орталық заң алдында жауап береді.

Осы ретте бір айта кетерлігі, адамдардың көпшілігі «келісім шартқа қол қойдым, осымен бәрі бітті» деп ойлайды. Егер ол мекеменің қызмет сапасы ұнамаса тұтынушының шартты бұзуға толық құқы бар. Оның қызметінен бас тартуға болады. Егер қызмет сапасына көңілі толмаған жағдайда кез келген келісімшартты заң аясында бұзуға болады. Дегенмен, ескеретін жайт, тұтынушы келісімшартқа қол қоярда мұқият болғаны жөн. Біздің елімізде заң тұтынушыны толықтай қорғайды. Мен бұны жүз пайыз сеніммен айта аламын. Қазір көпшілік түсініп келеді. Қай жерде құқығын қалай қорғау керектігін біледі. Осы бізді қуантады, — деді Сағындық Иргалиеев.

КЕПІЛГЕ АҚША ТӨЛЕГЕН ДҰРЫС ПА?

Қазір тұрмыстық техниканы сатып алудың да түрлі жолы бар. Несиеге алуға немесе бөліп төлеуге болады. Заңдылығында сауда орны затты сатқан кезде кепілдік талон беру керек. Егер талон бермесе, заң бойынша тауарға автоматты түрде екі жылға кепілдік беріледі. Екі жыл ішінде сапасы дұрыс болмаса, бұзылып қалса, сынып қалса, ауыстырып алуға болады.

— Жуырда базарға бардым. Бір жігіт техника сатып тұр. «Бағасы — бес мың. Егер бір жылға кепілдік берсем, алты мың теңге төлейсің» дейді. Бұл жерде жігіт заңды бұзып тұр. Сатушы кепілдік бермесе де  оған заң екі жылға кепілдік береді. Сондықтан босқа ақша төлеудің қажеті жоқ, — дейді департамент басшысының орынбасары.

Қаладағы ірі сауда орындарында да тұрмыстық техникаға кепілдік беріледі. Ол үшін сатып алушы қыруар ақша төлейді. Сағындық Иргалиеев бұған кепілдік алып, қаржы төлеудің қажеті шамалы екенін айтады. Әлгі айтқандай заң екі жылға кепілдік береді.

Тұтынушы өз құқын білуі керек. Егер кәсіпкер тарапынан заң бұзушылық болса наразылық парағын толтырып, ескертуі тиіс. Кәсіпкер де өзінің ісіне теріс көзқарас туғанын қаламайды. Сондықтан мәселені шешуге тырысады. Жалпы тұтынушы қандай жағдайда да үмітін үзбеу керек. Осыдан біраз уақыт бұрын бір әйел  хабарласты. Баласы 30 мың теңгеге туған күніне гүл сатып әпереді. Үйге әкелген соң гүлден аллергия береді. Әлгі әйел гүл сататын дүкеннің үстінен наразылық парағын толтырды. Бұл жерде  сатушы гүлдің аллергия тудыратынын ескертуі керек еді. Ескертпеген жағдайда тұтынушы денсаулығына зиян келгені үшін шағымдануына, сотқа жүгінуіне толық құқы бар, — деді Сағындық Иргалиеев.

P.S. Құқығы бұзылған тұтынушы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополиялар, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің тұтынушылардың құқын қорғау бөліміне 54-93-29 телефон нөмірі арқылы хабарласуына болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*