Басты бет » Редакция қонағы » Бопай ханымның іздеушісі

Бопай ханымның іздеушісі

Имандылық пен ізгілікті ілгері ұстанып жүретін Ислам қажы Мырзабекұлы есімі ақтөбеліктерге де жақсы таныс. Ол — елдік пен ерліктің, өткеніміз бен өнегеміздің жоқтаушысы ретінде үнемі шаруа тындырып, жол үстінде жүретін адам.

Атырау облысы Жылыой ауданындағы Ақмешіт атауына ие Бекет Ата мешітінің имамы ретінде имани істердің ұйытқысы болумен қатар Ислам қажы өткен тарихымыздың да жоқтаушысы.

Жақында газет редакциясында қонақта болған онымен сұхбатымыздың негізгі желісі Әбілқайыр ханның сенімді серігі болған Бопай ханымның тағдыры, оны зерттеу, халыққа таныту мәселесі төңірегінде өрбіді.

 

— Біз сізді дін шырақшысы деп білеміз. Ал қазақ тарихындағы ерекше бір тұлға, Бопай ханым деген есімі елдің құлағына жақын естілетін аяулы адамның арғы-бергі тарихын зерттеуге ұмтылуыңызға не себеп болды?

— Еліміз Тәуелсіздік алғалы жадымыз жаңғырығып, тарихымызды түгендеуге кірістік. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылды Ұлттық тарихымыздың ұлықталатын жылы деп атауы көп қозғалысқа жол ашты.

Сол жылы жазда Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» деген аумақта үлкен жиын өтті. Соған қатыстым, шара барысында біраз ой түйіндедім көңілде.

Оның алдында Астанада «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» деген тақырыппен үлкен конференция ұйымдастырылған болатын. Сол жиынның материалдары да маған қатты әсер етті. Сонда айтылған әңгімелерді зерделеп оқып шықтым.

Менің көңілімде шын мәнінде ханым дәрежесін иеленген, мемлекеттік қайраткер, саналы саясаткер, сондай-ақ көкірек көзі ашық мәмілегер Бопай ханым тарихтан өзіне лайық бағасын алып үлгерді ме, бүгінгі ұрпақ оны қаншалықты біледі деген сауалдар көптен бері оянған-ды.

Бопай ханымның дүниеден өткеніне екі жарым ғасырға жуықтапты. Уақытта тоқтау жоқ екені белгілі. Бүгін біз атқармаған шаруалар ертеңгі ұрпаққа тіпті қиынға соғады. Менің жаным тыным таппай, өзімше жүгіріп жүруімнің де бір сыры осында.

— Ендеше қандай тірліктер атқарғаныңызды нақтылап айта кетсеңіз дұрыс болар еді.

— Негізінде бұл бір адамның тындыратын жұмысы емес. Мен осы мәселеге қатысты Ақтөбенің азаматтары Игілік Сағиев, Келдібай Еспағамбетұлы, Алтай Тайжанұлы, Жәнібек Әнішұлы секілді азаматтармен ақылдасып, олардың да пікірлес екенін білдім. Сөйтіп, «Бопай ханым ізімен» деп аталатын шағын ынталы топ құрдық.

Өткен жылдың қыркүйек айында Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан шақырылған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге Бопай ханым жерленген Орынбор облысының Елек ауданындағы Дмитровка ауылына ат басын тіредік. Мұнда қадірменді ақсақал Ұлықпан Есжанұлының бастауымен қорымға жетіп, Құранымызды бағыштап, көңілімізді бірлегендей болдық.

Бір айта кететін жайт, зират әскерилердің қорғауындағы аймақта қалған екен. Ал оған қарай енген адамның «ескертусіз атылатыны» көрнекі етіп жазылып қойылған. Біз тәуекелмен қорымға қарай бет алдық. Аруақ қолдап-қорғаған шығар, жолымызда кедергі кездеспеді.

Содан кейін көп ұзамай Орынборға қайта барып, құлпытас орнатып, қабір басына темір қоршау жасадық.

— Сонда сіздерге дейін Бопай ханымның басына елден ешкім іздеп бармағаны ма? Әлде ондай деректер қолыңызға түспеді ме?

— Асыл адам іздеусіз қалмайды ғой. Бұрын да іздеушілері болған шығар, ол жағын анық білмедім. Ал көпті көрген Ұлықпан ақсақал біздің осында келуші үшінші топ екенімізді айтты.

Алғашқы топты қазақтың біртуар ұлы, қабырғалы қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев бастап 1995 жылдың жазында келіпті. Оның жанында Батыс Қазақстан облысының бірқатар көрнекті азаматтары, кейініректе Парламент Мәжілісінің Төрағасы болған Қабиболла Жақыпов, журналист Жұмабек Мұқанов секілді кісілер болыпты.

Сол кезде қадірлі Әбекең «Екі арманым бар. Бірі — Бопай анамызды жарыққа шығарып, рухын риза ету» деген екен. Менің бір мақсатым — осы жолда аянбай қызмет ету.

2008 жылдың жазында келген екінші топ құрамында сол кездегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Еркін Құрманбеков, мұражай қорының меңгерушісі Зада Мұқашева, басқа да тарихты зерттеушілер болыпты. Бұл топ мүшелері Орынбор облысы аумағында бірнеше күн аялдап, сондағы мемлекеттік мұрағаттан және жергілікті қарт адамдардан деректер жинайды.

Осындай ізденістердің нәтижесінде мұражай қорындағы Бопай ханымға қатысты жазбалардың жалпы мөлшері 400 беттен асып жығылады. Бұл да шек болмайды деген ойдамыз.

— Сіз енді Бопай ханымды зерттеп жүрген соң оқырмандарымызға тарихта айтылатын екінші Бопай туралы да дерек бере кетсеңіз.

— Біздің айтып отырған Бопайымыздың Әбілқайыр ханның қосағы екенін жұртшылық жақсы білер деп ойлаймын. Егер В.Витебскийдің «Неплюев және Орынбор губерниясы» кітабындағы дерекке сүйенсек, «Бопай ханым — Әбілқайыр ханның бас бәйбішесі, мемлекетті басқаруға араласатын қайраткер, саясаткер, мәмілегер. Ғасырға жуық ғұмыр сүрген, төре әулетінде зор беделге ие, Адай руының қызы».

Одан әрі толықтырсақ, Бопай ханым — Сүйіндік қызы, Табынай ұрпағы, Мырзатай батырдың қарындасы. Оның азан шақырып қойылған аты Бәтима екен, кішкене кезінде борпылдап жүретін болғандықтан, әке-шешесі еркелетіп Бопай деп кетсе керек.

Ал екінші Бопай — атақты Кенесары ханның қарындасы. Оны да ғалымдардың нақты тұжырымымен айтайық. Тарихшы Ермақан Бекмаханов: «Өзінің әскери ерліктерімен Кенесарының қарындасы Бопайдың да даңқы шықты» дейді. Ал профессор Серік Негімов «Ұлы қолбасшы Кенесары Қасымұлының қайраткер қарындасы, дала көкжалы Бопай Кенесарының барлық ірі шайқастарына қатысты. Кенесары Бопайдың ақыл-кеңестеріне құлақ асқан» деп жазады.    

Елбасымыздың «Біз – ананы, әйелді әр уақытта құрметтеп, жоғары бағалаған халықпыз. Батыр аналарымыз ел басына күн туғанда ер-азаматтармен бірге қолына қару алып, Отан қорғаған. Ел үшін ер-азаматтармен бірге жауға шапқан Бопай ханым, Хиуаз Доспанова, Әлия, Мәншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бәріміз жақсы білеміз»,— деуі де бізге тарих тағылымын ұмытпауға бағдар береді.

— Бопайтану қаншалықты дәрежеде жүріп жатыр деп ойлайсыз?

— Шүкір, біраз іс басталып кетті. Алматыда тұратын білгір ғалым Ирина Ерофееваның қолынан шыққан елеулі еңбек ел игілігіне қызмет етеді деген ойдамыз. Орал қаласы маңындағы бір кентте, Маңғыстау облысындағы Бейнеуде көше аттары берілді. «Өзен-Түркменбашы» теміржол желісіндегі бір бекет Бопай есімімен аталады. Жақын маңда Құлсарыда Бопай ханымға арнап үлкен ас берілмекші. Осының бәрі Бопайтануға қосылған, соған себепші болатын үлес деп ойлаймын.  

* * *

…Елдіктің көзге көрінбейтін көп ісін атқарып жүрген Ислам қажы Мырзабекұлы өткен аптада Ресей жеріндегі Бопай ханым мәңгілік тыныс тапқан зираттан алған топырақты Құлсары жеріне жеткізді. Тарихқа адалдық, өткенді іздеу жолындағы оның бұл кезекті қадамы жалпы жұртшылықтың рухани әлеміне сөнбес сәуле түсірері анық. 

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.   

 

 

 

 

     

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*