Басты бет » Тарих » Өшпес ерліктің өнегесі

Өшпес ерліктің өнегесі

Бір сәт осыдан жетпіс төрт жыл бұрынғы тарихи оқиғаға көз салайықшы.

Бұл соғыстың ауыр кезеңі болатын. Отанымызға қауіп-қатер төнген шақ. Майданның ең бір қызған шағы. Миллиондаған кеңес жауынгерлері қолдарына қару алып, жанкештілікпен Отанымызды қорғауда.

Сол жолда қазақтың қаршадай қызы Мәншүк Мәметова да шыбын жанын шүберекке түйіп, ерлермен бір қатарда жүр. Ол 100-атқыштар бригадасының құрамында Ржев түбіндегі шайқастан аман шығып, Невель майданына қарай ойысқан.

Бұл 1943 жылдың 15 қазаны болатын. Біздің әскерлеріміз Псков облысындағы орыстың байырғы қалаларының бірі — Невель үшін күрес жүргізіп жатқан-ды. Немістер өздері орналасқан шептен айырылып қалмау жолында жан салуда. Ұрыс күндіз-түні бір толас таппай тұр. Біздің жауынгерлеріміз жеңіске жету үшін бар амалды қолдануда. Олардың арасында ержүрек пулеметші қыз Мәншүк Мәметова да бар еді. Оның жасы енді ғана жиырмаға толған-ды. Ол пулеметтен оқты қарша боратып, өз бөлімшесінің ілгері жылжуын қамтамасыз етуде.

Бірнеше күнге созылған ұрыс екі жақты да бірдей әлсіреткендей. Дегенмен, біздің жауынгерлер алдағы қыратты жаудан босатуға күш салуда. Осы белгіленген межені басып алу жеңіс тағдырын шешуге үлкен ықпал ететінін олар сезген еді. Міне, осы кезде алға қарай жау шебін бетке ұстап жауынгер қыз жүгіре жөнелді, іле-шала: «Менің соңымнан алға!» деген жігерлі үні естілді. Бұл Мәншүктің дауысы еді. Сөйтіп, ол қаруластарын кескілескен ұрысқа бастады. Осы бағытта өзі де ауыр жараланды. Есінен танып, әлсіреп жатса да, жау солдаттарының жақындағанын сезеді. Осыдан жүрегінің соғуы тоқтағанша фашистерге қарай оқ жаудыра береді. Үш бірдей пулеметпен кезекпе-кезек соңғы оғы қалғанша төтеп береді.

Мәншүктің артынан іздеп келген жолдастары оның қолының саусақтарын пулемет тұтқасынан әзер дегенде ажыратып алады. Осылайша қазақтың батыр қызы жаудың жетпістен астам солдаты мен офицерін майдан даласында жер жастандырып, жастығын ала кеткен еді…

Мәншүк Мәметова Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында Жәңгір ханның ставкасы орналасқан өлкеде өмірге келген. Оның балалық шағы Семей, Алматы қалаларында анасы Әминаның қолында өтті. Ол кешкі жұмысшылар факультетінде оқып, медицина институтына оқуға түседі. Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің аппаратында қызмет етеді. Мәншүк жас та болса, өзін көрсете біледі, өзіне тапсырылған міндеттерді абыроймен орындайды.

Неміс фашистеріне қарсы күресте көрсеткен ерен ерлігі мен батылдығы үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық 1944 жылдың 1 наурызында жария болады. Шығыс қыздарының арасынан жұлдыздай жарқырап шыққан оның ерлігі талайға үлгі ретінде көрінді.

Ол өмірді аса құштарлықпен сүйген еді. Бұл ыстық сезім Отанға деген зор махаббатпен астарласып, дами түсті. Туған еліне деген зор сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін Мәншүк қан майданның ортасында, жаумен айқаста көрсете білді. Ажалды қаймықпастан майдан өтінде қарсы алды.

Ол дүниеге келген Орал өңірінде де, ақтық демі таусылған Невельде де Мәншүкке ескерткіш қойылып, оның атына мектеп, көше берілді. Алматыда аяулы қос батырымыз — Әлия мен Мәншүкке қойылған ескерткіш жас буынды жігерлі болуға жетелеп тұрғандай.

Ақтөбе қаласындағы 11-шағын аудандағы Мәншүк Мәметова көшесі тұрғындары бүгінде батыр есімін иеленген аумақта қоныс тепкендерін мақтан тұтады. Он бес жылдан бері №27 мектепте Әлия-Мәншүк мұражайы жұмыс істеп келеді. Батыр қыздың 95 жылдығына орай Ақтөбе медициналық колледжіне оның есімі берілді.

Мәншүкті дүниеге әкелген киелі топырақ — Ордада оның 95 жылдығы кең ауқымда аталып өтті. Сайқында ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Ал Оралда сонда көшірілген ескерткіш орнына Әлия, Мәншүк, Хиуаз бейнелері бой көтерді.

Өткен жылы Қобда аудандық кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен Семей университетімен телекөпір іске қосылып, ерлік сабақтастығы кеңінен әңгіме болды. Осындай шара Орал, Невель қалалары мұражайларымен арада да орнады.

Мәншүк Мәметова осы қазан айында дүниеге келіп, қазанда өмірден өтті. Ақтөбеде облыстық спорт мектебінде «Қос аққу» спорт клубының бастамасымен республикалық еркін күрестен жарыс қанат қақты.

Мәншүктің есімі — ерліктің өзіндей мәңгілік. Қазақтың батыр қызының өшпес ерлігі алдағы ғасырларға да ұласа бермекші.

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

«Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*