Басты бет » Басты жаңалықтар » Оңалту орталығы салынады

Оңалту орталығы салынады

Конференция

Мүмкіндігі шектеулі жандардың «Салтанат сарайы» мейрамханасында  «Ашық әлем» конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Жиында «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» ұйымының төрайымы Құралай Бәйменова ұйымның атқарған жұмыстарын баяндап, облыс әкімдігі тарапынан мүгедек жандардың мәселесіне баса назар аударылып жатқанын айтып, алғысын білдірді. Облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік қолдау бөлімінің басшысы Рита Сиражетдинова  мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, оңалту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес техникалық оңалту құралдары сатып алынған. Оның ішінде  көру қабілеті нашар мүгедектерге арналған компьютерлік тифлокомплекс, Брайль жүйесі бойынша оқытатын машина бар. Өткен жылмен салыстырғанда мүгедек жандардың мұқтаждығын қамту үшін бөлінетін қаржы көлемі екі есеге өскен. Сондай-ақ оларға  «Инватакси» қызметінің қолайлы болып тұрғанын айтты. Биыл 700 адам осы такси қызметін пайдаланған. Бұрын тек қана қалада болса, қазір аудандарда да «Инваткаси» қызметі жұмыс жасайды. Мәртөк ауданында осындай екі көлік бар. Келер жылы Мұғалжар мен Алға аудандарынан ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жиында басқарманың  Мәртөк ауданындағы бөлімінің жетекшісі Гүлзада Алматбаева аудан бойынша атқарылып жатқан шаруаларды айтты. Мәртөк ауданында 987 мүгедек азамат болса, оның 88-і — бала. Оларды емдеу, сауықтыру шаралары уақытында жүргізіліп отырады. Конференцияда Ауған соғысы жауынгер-интернационалистерінің қоғамдық бірлестігі жетекшісінің орынбасары Жанболат Орманов мүмкіндігі шектеулі азаматтардың толыққанды өмір сүруі, олардың кез келген жерде дені сау адамдар тәрізді қызмет алуы үшін бірнеше ұсыныстар айтты. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмира Сражова облыста мүгедектер үшін барлық жағдайдың жасалып жатқанын баяндады. «Растемка» бірлестігі аутист балалардың мәселесіне назар аударуға шақырды.

Жиынның соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Атырау қаласында өткен бесінші республикалық паралимпиада ойындарында алтын медаль алып келген спортшыларды Алғыс хат және «Ашық әлем» сыйақысымен марапаттады. Сондай-ақ облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бағытында қолға алынған шаруаларды айтып өтті.

Мемлекеттің негізгі саясатының бірі — мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау. Елбасы әрдайым әлеуметтік салаға мән береді. Осы ретте біздің елімізде  бұл бағыттағы шаруалар оң шешімін тауып жатыр. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында облыста да қыруар жұмыстар атқарылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Әрине, барлығы жақсы деп кесіп айтуға болмайды, әлі де атқарылар шаруалар көп.  Мүмкіндігіміз келгенше оларды біртіндеп шешуге тырысамыз. Қандай қиындықтар болмасын бұл салаға бөлінетін қаржы азаймайды, керісінше ол жыл сайын көбейеді.  Биылдан бастап облыста оңалту орталықтарын ашуды қолға алдық. Алдымен 100 балаға арналған сауықтыру орталығы ашылды. Қазір ол жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта сал ауруына шалдыққан балаларды иппотерапия арқылы сауықтыру үшін арнайы орталық ашу көзделіп отыр.  Қазір құрылыстың құжаттары реттеліп жатыр. Облыста 500-ден астам сал ауруына шалдыққан бала болса, қазіргі күні оның 200-ге жуығы иппотерапия емін алып жүр. Орталық ашылған кезде Өскемен қаласындағы сияқты кең көлемде ем жүргізуге болады. Сонымен қатар қазір «Орыс мыс» компаниясымен келісім жасалуда. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде оңалту орталығы салынады. Үлгерсек биыл, олай болмаған жағдайда келер жылы құрылыс басталады. Бұл жерде мүгедектер өз денсаулықтарын оңалтуға мүмкіндік алады. Тек қана қала емес, аудандардан да азаматтар келеді. Жаңа аутист балалар туралы айтылды. Бұл мәселемен де жақсы таныспын. Кәсіпкер тауып, аутист балаларды емдеуге арналған орталық саламыз, — деді облыс әкімі.

Жиын соңында мүмкіндігі шектеулі жандар облыс басшысына ықыластарын жеткізді. Атырауда өткен паралимпиада ойындарында  пауэрлифтингтен алтын медальға ие болған Гүлім Құрманбаева қуанышын жасырмады.

— Атырауда өткен жарыста үш алтын, бір күміс жүлдеге ие болдық. Бұл — біздің ұзақ уақыт бойы жаттығуымыздың жемісі. Бұндай жарыстар, басқосулар біздерге үлкен қуаныш сыйлайды, өмірге деген құлшынысымызды арттырады. Алғаш рет 2015 жылы паралимпиада ойындарында пауэрлифтингтен күміс жүлдеге ие болдым. Осыдан кейін менің спортқа деген құлшынысым тіптен арта түсті. 2016 жылы спорт шебері атандым. Арманым көп. Әлем жарыстарына қатысқым келеді, — деді Гүлім.

Гүлім 45 келі салмақ дәрежесінде сынға түседі. Кішкентай қыз 65-70 келіге дейінгі тасты көтеріп жүр.

Конференцияның соңында фуршет ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектелуі болса да өнерге жақын жандар ән айтып, би биледі.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*