Басты бет » Жаңалықтар » «Aktobe Invest-2017» жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

«Aktobe Invest-2017» жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Брифинг

12-13 қазанда Ақтөбеде өтетін «Aktobe Invest-2017» V халықаралық инвестициялық форумы облыстың инвестициялық имиджінің қалыптасуына оң ықпалын тигізеді. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте мәлім етілді.

Биыл Ақтөбеде өтетін «Aktobe Invest-2017» V халықаралық инвестициялық форумына әлемнің 15 елінен 300-ден астам адам қатыспақ. Форумға қатысушылардың қатарында ел Үкіметі, министрліктер мен облыс әкімшіліктерінің, қазақстандық және халықаралық қаржы институттарының өкілдері мен отандық және шетелдік кәсіпкерлер болмақ.

Форум қарсаңында жергілікті атқарушы орган дайындық жұмыстарын қолға алып,  әсіресе кәсіпкерлерге облыста осындай үлкен шараның өту туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Соның бірі — дүйсенбі күні облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте бұқаралық «Aktobe Invest-2017» V халықаралық инвестициялық форумы аясында шағын және орта бизнестегілерді және стартап жобалардың иелеріне арналған бағдарламаны таныстырды.

Облыста инвестициялық форум жыл сайын өткізіледі. Мақсат — Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіншіліктерін көрсетіп, инвестициялық имиджінің қалыптасуына ықпал ету, отандық және шетелдік инвестицияларды облыс экономикасын дамытуға тарту. Сол сияқты, сырттан келетін қонақтарға Ақтөбенің инвестициялық әлеуеті таныстырылады. Сонымен қатар, форум шеңберінде жоғары оқу орындары студенттеріне, облыста ісін жаңадан бастаушылар мен шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған шеберлік кластары өткізіледі, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова.

Белгілі болғандай, инвестфорум кезінде танымал кәсіпкер, «Arman Holding» компаниялар тобының негізін қалаушы және президенті, Ernest & Yong  нұсқасы бойынша «Ресейдегі жыл кәсіпкері» номинациясының жеңімпазы Серікбай Бисекеев «Өзіңді өзің жаса» шеберлік класын өткізеді. Табысты кәсіпкер жүргізетін шеберлік класы 12 қазан күні сағат 16.00-де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде және 13 қазанда сол мезгілде Қазақ-орыс халықаралық университеті базаларында ұйымдастырылады.

Сол сияқты, форум шеңберінде «Fresh Biss» іскерлік креативті ойлау ойыны» тақырыбында шеберлік класы өткізілмек. Мұны Израиль, Мәскеу және Сколково қалаларында «Fresh Biss» ойыны бойынша оқып, арнайы сертификатталған жаттықтырушы Светлана Соболева жүргізеді.

Сонымен қатар форум аясында ұйымдастырылатын «Өзіңе өзің инвестиция жасау:  өзіңді дамыту бизнеске қалай әсер етеді?» тақырыбындағы шеберлік сағатын «Достық» кәсіпкерлер клубының негізін қалаушы және сертификатталған бизнес-тренер Саламат Данабеков, сондай-ақ, «Материалды емес активтер — инвестициялаудың негізі», «Networking Party» тақырыбындағы шеберлік сағатын «МаКонсальт» консалтингтік орталығының негізін қалаушы және директоры, маркетинг, HR сату мәселелері бойынша кеңесші, сертификатталған бизнес-тренер Марат Көпбергенов өткізбек. Аталған шебер кластары Ақтөбе қаласындағы «Атамекен» бизнес орталығында ұйымдастырылмақ.

Анар Даржанованың айтуынша, осындай табысты кәсіпкерлер өткізетін шеберлік кластары қатысушылар үшін ақысыз жүргізіледі.

Брифингте Саламат Данабеков пен Марат Көпбергенов шағын және орта бизнестегілер, әсіресе стартап жобалар иелері үшін мұндай кездесулердің кәсіпті дамытудағы пайдасы, бұл  мүмкіндікке жергілікті жерде қол жеткізудің тиімділігіне тоқталды.

А.Даржанова «Aktobe Invest-2017» V халықаралық инвестициялық форумы кезінде Ақтөбедегі іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы мен «Nice Hostel Aktobe» директоры Жанна Алтынбаеваның «Франшизалар — бизнес-ортаның индикаторы» тақырыбында кәсіпкерлер үшін шеберлік сағатын өткізетінін де хабарлады.  Оның айтуынша, мұндай шеберлік кластары кәсіпкерлердің біліктілігін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар облыс жұртшылығының кәсіп бастауға деген қызығушылығын туғызады әрі бизнестегілердің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

Бүгінгі күні Германияда жалпы ішкі өнімнің 67 пайызы шағын және орта бизнестің үлесінде, Қазақстанның түрлі өңірлерінде бұл көрсеткіш 20-дан 30 пайызға дейін өзгереді, ал біздің облысымызда экономикадағы жалпы ішкі өнім  20 пайызға тең. Бұл дегенің Ақтөбеде үлкен ресурстардың барын білдіреді. Біздің міндет — әлеуетті кәсіпкерлерге бизнесті дұрыс бастап, қалай жүргізу керектігін ақпараттандыру, — деді А.Даржанова.

Екі күнге созылатын инвестфорум аясында «Экспо-2017: өңірлердің серпінді дамуы» тақырыбында пленарлық отырыс өтпек. Бүгінде облыс экономикасын өркендетуде өнеркәсіп саласын дамытудың маңызы зор. Ең бастысы — бұл мәселеде жаңа технологияларды дамыту туралы Мемлекет басшысының берген тапсырмасына баса назар аудару қажет. А.Даржанованың айтуынша, форумның пленарлық отырысында облыс экономикасын дамытуда «Экспо-2017» көрмесіне ұсынылған мүмкіндіктер мен жаңа технологияларды қалай пайдалану керектігі, сондай-ақ, «жасыл» бастамаларды іске асыру және дамытудағы мемлекеттік қолдау шаралары сөз болмақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.    

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*