Басты бет » Жаңалықтар » Жылумен қамтамасыз ету уақытында жүзеге асады

Жылумен қамтамасыз ету уақытында жүзеге асады

2017-2018 жылғы жылыту маусымына қатысты мәселелер қаралған жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 15 қазанға дейін тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуді тапсырды.

— 15 қазанға дейін барлық көп қабатты үйлерге жылу берілуі тиіс. Жылыту маусымына жауапты барлық басшыларға жеке жауапкершілік жүктелетінін ескертемін. Аудандардың әкімдері әлеуметтік мекенжайларға жылу берілу жайын көздерімен көріп, сұйық және қатты отын қорын қадағалауы тиіс, — деп атап көрсетті ол.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дастан Аманов 6 қазанға облыстағы тұрғын үйлердің 67 пайызы, мектептердің 90, балабақшалардың 97 және денсаулық сақтау ғимараттарының 94 пайызы жылу жүйесіне қосылғанын хабарлады. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 944 тұрғын үй (56%), 49 мектеп (98%), сондай-ақ барлық денсаулық сақтау және балабақшалар жылуға қосылды.

Облыстың энергия көздері отын қоймаларында 38,5 мың тонна көмір (100%), 3,2 мың тоннадан астам дизель отыны (жылыту маусымына қажеттіліктің 80%-ы шамасы) дайындалды. Байғанин және Ырғыз аудандарында дизель отынымен қамтамасыз ету баяу қарқынмен жүруде.

Облыс басшысы сұйық отын қорымен толықтыруды жеделдетудің, сондай-ақ қазандықтарды резервтік отынмен қамтамасыз етудің (қазіргі жабдықталуы — 62,2%) барлық қажетті шараларын алуды тапсырды.

Облыстың барлық ірі коммуналдық кәсіпорындарының басшылары қысқы маусымға әзірлік барысы туралы баяндады.

Ағымдағы жылы коммуналдық инфрақұрылымдар ғимараттарын әзірлеуге кәсіпорындар мен жергілікті бюджеттен 8,3 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күні 239,5 километр жылу желісі (100%), 273,6 километр электр желілері (103%) жөнделді, 638 қазандық әзірленді (100%), таяу уақытта 331,5 километр сумен жабдықтау және су тарату желілерін жөндеу жұмыстары аяқталады (6 қазанға 318,5 километр жөнделді немесе 96%).

Жиын барысында сондай-ақ егін орағы науқаны қорытындылары қаралды.

Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алаңы 14%-ға ұлғайтылып, 656 мың га құрады.

512 мың тоннадан астам астық жиналды. Гектар өнімділігі 13,2 центнер құрады деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.

Жалпы алғанда орақ науқаны жақсы қарқынмен және төтенше жағдайсыз өтті. Қазіргі уақытта алқапта күзгі жұмыстар жүргізіліп, болашақ егіннің қамы жасалуда.

Облыс әкімі баяндаманы тыңдап, ауыл шаруашылығы басқармасы алдына бірқатар міндеттер қойды. Бұл бағытта мал азығын дайындауды жалғастырып, келесі маусымға әзірленетін тұқым сапасын тексеруді, егіс алқаптарын және суармалы жерлерді ұлғайтуды, ауыл шаруашылығы кооперативтерін, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамытуды тапсырды.

— Біз келесі жылы облысты толығымен жергілікті көкөніспен, етпен және сүтпен қамтамасыз етуге тырысуымыз керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ жиында ағымдағы жылдың 9 айындағы облыс бюджетінің орындалу мәселесі талқыланды. Облыстық қаржы басқармасының мәліметінше, есепті кезеңде облыс бюджеті кірісі бойынша 105%-ға орындалып, нақты 72 536,7 миллион теңге түсті. Бюджеттің шығыс бөлігі 150 929,2 миллион теңгеге немесе 99,1%-ға орындалды.

Бердібек Сапарбаев бюджет қаржысының жұмсалуын қатаң бақылауда ұстауды талап етіп, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдеріне қаржыландыру жоспарына сәйкес толық және тиімді игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс басшысы жиын қорытындысында «Туған жер» республикалық форумы барысында жасалған келісімдер мен меморандумдардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауға тапсырма берді.

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» аттас арнаулы жобасы аясында ұйымдастырылған форумның қорытындысы бойынша 76 миллиард теңгеден астам сомаға 20-ның үстінде меморандумға қол қойылғаны белгілі, сондай-ақ форум қатысушылары тағы да 5 миллиард теңгені демеушілік көмек ретінде облыстың дамуына қосуға ниет білдіруде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*