Басты бет » Әдебиет » Мұхтар Құрманәлиннің туғанына — 90 жыл

Мұхтар Құрманәлиннің туғанына — 90 жыл

Ол қазақ поэзиясын үлкен биікке көтерген, Сырбай, Ізтайларымен жарқырай көрінген буынның өкілі еді. Сол буынның деңгейіне лайық ақын еді…

Ақын Мұхтар Құрманәлиннің туғанына 90 жыл толып отыр. Ол 1927 жылы 10 қазанда қазіргі Әйтеке би ауданы аумағындағы Аралтөбе елді мекеніне таяу  ауылда туған. Өз қолымен жазып қалдырған мағлұматта: «Біздің атақоныс, мекенжайымыз — Қарабұтақ пен Аралтөбенің аралығындағы «Заготскот» деген жер» — дейді. Балалық шағы Қазалы өңірінде өткен. Жетіжылдық мектептен соң Қазалыдағы педогогикалық училищені бітірген. Туған жерге 1948 жылы оралған. Біраз жыл ауыл мектебінде ұстаздық етті. 1958 жылдан бастап журналистік қызметке ауысты. Ақтөбе облыстық және Батыс Қазақстан өлкелік газеттерінде жұмыс істеді. 1971-1987 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі болды.

Ақын 2011 жылы, 85-ке қараған шағында дүниеден өтті. Жарты ғасырдан астам уақыт Ақтөбе қаласында өмір сүрген ол ақтөбелік қаламгерлердің жетекшісі, қамқоршысы, алдындағы өнегесі ретіндегі игі істерімен де үлкен құрметке бөленді.

Оқырманға ақын өлеңдерінің топтамасын ұсынамыз.

Әкемнің көзін көрген кісінің әңгімесі

Келіп ем құлақ аспақ кеңеске түк,

Шыққандай енді, міне, белеске тік,

Бейнесін ерте кеткен жан әкемнің,

Отырмын көз алдыма елестетіп.

 

Лүпілін жүрегінің бақылаған,

Болыпты ол жұрт білетін ақын адам.

Көрінсе керек мынау тіршілікте,

Шабыты шаруадан жақын оған.

 

Артында қалмағанмен мол мұрасы,

Жетіпті біраз жерге жыр-құлашы.

Күрсінді, кішіпейіл кісі еді деп,

Әкемнің көзін көрген тұрғыласы.

 

Білімсіз күн жоқтығын сезді білем,

Ертерек сауат ашқан өздігінен.

Малы сол — алдындағы,

Ақ қағазға

Маржандай тізеді екен сөзді кілең.

 

Айналса жыр жолына дара, мықты,

Жанына дәйім содан нәр алыпты.

Қалдырмас жайбарақат қанатты сөз,

Жұртына сәлем хаттай таралыпты.

 

Іздемей көлеңкені, күншуақты,

Өлеңмен өмір кешкен ынтымақты.

Белсенді біреулердей билік құмар,

Әйтеуір шен-шекпенге ұмтылмапты.

 

Қалдырсын қапылыста көштен, мейлі,

Шын жүйрік шабысыңнан сескенбейді.

ЬІрғызға жолаушылап бара жатып,

Бір қызбен айтысқа да түскен дейді.

 

— Әлдилеп даламыздың байтақ әні,

Аз болмас бұл өмірде байқағаны.

Жоғалмай жеткен бізге термелерін,

Жыраулар жиын-тойда айтады әлі.

 

Тағдырдың бұзған солар тас бөгетін,

Тыңдаған сайын көзге жас келетін.

Танылған талай жерге ақын еді,

Көрмеді демесең тек баспа бетін…

 

Көзім жоқ көркем ойды аңдамаған,

Оқимын,

Журнал бетін мен де бағам.

Білемін, қаламыңның жорғасы бар,

Емессің қара жаяу сен де, балам.

 

Соңынан қайда барса қалмас бір күн,

Құрекең тапқан менің алғаш құрбым.

Жақсының көзі екенсің, айналайын,

Жарайсың, әке жолын жалғастырдың…

 

…Есімді білер-білмес жаста қалдым,

Дидарын деуші ем кімге ұқсатармын.

Әкемді тірілткендей болды мынау,

Әсерлі әңгімесі ақсақалдың.

 

Біздің ұрпақ

Айтшы, кәне, не білдің,

Дедің-ау сен, алпысым.

Біз өткерген өмірдің

Алды — бейнет,

Арты — сын.

 

Кезең еді ол кектенер —

Ерте ойландық,

Кеш күліп.

Үлкен міндет жүктеді ел,

Үлгірмей-ақ ес біліп.

 

«Қара жұмыс» дөп келсе,

Қашпадық біз сайыстан.

«Қара қағаз» біткенше

Қабырғамыз қайысқан.

 

Айтпас ешкім енді өкпе,

Сөкпес бізді сол «Дихан».

Мектепте емес,

Еңбекте

Тапсырғанбыз емтихан.

 

Көз алдында — мұнар күн,

Самайында — бозқырау.

Қырықыншы жылдардың

Құлыншағы біз мынау.

 

Қатал тағдыр сорлатпай,

Қалдық содан дін аман.

Соғыс бізді солдаттай

От пен суда сынаған.

 

Жамап жыртық, кемісті,

Жылағанмен егіліп.

Алып келдік Жеңісті

Арбасына жегіліп.

 

Қара бала бекінді,

Қалғанымен жұтап сан…

Майдан жолы секілді

Менің еңбек кітапшам.

 

Жер мен көктің арасын

Шолмай қайтсін жабырқап.

Бейбіт күннің бағасын

Білетін де сол ұрпақ.

 

Сөз

 

                                                  «Сөз сүйектен өтеді»

                                                                         Халық мәтелі.

Құдіретті екен ғой бұл сөз деген.

Оның күшін бұрын қалай сезбегем?!

Сөздер… сөздер… мір оғындай атылып,

Нысанаға тиіп жатыр көздеген.

Мына бір сөз шарпып өтті жалындай,

Мына бір сөз ыстық адам қанындай,

Мына бір сөз өткір, ащы мысқылды,

Мына бір сөз қара нөсер жауындай.

Мына бір сөз ақыл екен байсалды,

Мына бір сөз нақыл екен, ой салды.

Мына бір сөз суырылғанда семсердей

Қаһарынан қатыгез де тайсалды.

Құлағына ілмеді ешкім арзанын,

Меруерттей ойға тізді маржанын.

Жан-жүйеңді тебірентпей қоймайтын

Қасиетті қаншама сөз бар, жаным!

Сөздер… сөздер… алға бастар ұрансың,

Жыр жолында тамылжыған бір әнсің.

Кейде орынды сөз реті келгенде

Тура айтпай қалай шыдап тұрарсың,

Азаматтың абыройы, арысың.

Шынтуайтта, болса егер намысың.

Ұғынарсың сөздің түпкі мәнісін.

Қатуланса қамал бұзар екпіні,

Кейде жібек, дерсің кейде оқ мұны,—

Сөздер… сөздер… қасиетті қазынам,

Тек қана оның мылжыңдарға жоқ құны.

 

***

 

Асығыс айтып біреу ойдағысын:

— Көрінбей кеттің,— дейді —

Қайда жүрсің?

Бейкүнә бұл сұрағы,

Аз да болса,

Көңілге келетінін қайдан білсін.

 

Сағынған ұсамайды ол жақыныңа,

Берерсің қандай жауап «батырыңа».

Кім, сірә, көруі үшін көлденең жұрт,

Үйінің шығып отыр шатырына?!

 

Көгерген кезі емес пе көсегенің,

Қырда — мал,

Кең алқапта өседі егін.

Жұмысқа жұмылғанда жұртың жаппай,

Жүреді жайбарақат көшеде кім.

Келмейді көзге түсіп ұрандағым,

Халқым бар қызметімнің ұғар мәнін.

Көрінбей кеттің деп сен кінәлама,

Шығуы оңай емес шығарманың.

Қиялың тұғырына әрең қонып,

Жатамыз кешіп бастан кілең «жорық».

Өтейтін өз борышын ел алдында,

Одан да көрінейін өлең болып.

 

 

Көңіл күнделігінен

 

                                                                       Кәкім Өтепбергеновке

 

Көк өзендей тасып бойда күш деген,

Көкіректен көктем жайлы ұшты өлең.

Жадыңда ма жас мұғалім сондағы,

Көне күрте иығынан түспеген?

 

Деніміз сау,

Қайтеміз сол басқаны,

Бізді қинап көрген емес бас қамы.

Жалғыз сандық — бар жиһазы жігіттің,

Қара сырнай — көңіл аулар аспабы.

 

Келмеді еске көз тоймайтын көп пайдаң,

Кедей болып табанымыз жоқ тайған.

Тост айтпай-ақ,

Тары көже үстінде

Тату құрбы тұңғышыңа ат қойған.

 

Түрен тимей бұғып жатты бай алқап,

Алақанда ештеңе жоқ аяр тап.

Сонда-дағы бір болатын еншіміз,

Орта мектеп,

Орта білім,

Бәрі ортақ.

 

Қайсарлық қой ер жігітке керегі,

Жүзе бердік өрге салып кемені.

Тағдыр дейтін тар дүние қысқанмен,

Пейіліміз, пейіліміз кең еді.

 

Жұт жылдардың құшағына жүз еніп,

Жарты құртты жарып жеген біз едік.

Альпинистей білек түріп биікке,

Жеңдік бәрін,

Біртіндеп бой түзедік.

 

Қиын кезде қолтығыңнан демеген,

Құрбыларды еске алмайын неге мен.

Соның бәрін ұмыттырып бір сәтке,

Мойныма кеп асылуда немерем.

 

Қайран жастық, қалғанымен жырақта.

Жауап берді талай қиын сұраққа.

Сол жылдардың көргің келсе бейнесін.

Көңіліңнің сен күнделігін парақта.

 

 

Ұстазға хат

«Ешқашан бәрін өзім білем деме,

Рухани азық керек өлеңге де», —

Деп маған біраз кітап жіберіпсіз,

Апырай, қандай қымбат сәлемдеме!

 

Қияға құлаш сермеп, қуған білім,

Шәкіртің бұл сыйлыққа қуанды мың.

Ұмытпай және мені құттықтапсыз,

Жүр екен жадыңызда туған күнім.

 

Сәбиді балап қонған жыл құсына,

Анамның ие болып алғысына.

Өзіңіз Ыбырай деп ат қойдыңыз

Өмірге келген кеше тұңғышыма.

 

Аймалап ақ көңілмен әр уақыт,

Жүресіз жаныңыздан жалын атып.

Сіз үшін бұл, әрине, дағдылы іс қой,

Мен үшін осылардың бәрі бақыт.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*