Басты бет » Денсаулық » Скандинавиялық жүрістің пайдасы қандай?

Скандинавиялық жүрістің пайдасы қандай?

Соңғы кезде ақтөбеліктер спорттың жаңа түрі — скандинавиялық жүріспен әуестене бастады. Бұған себеп — қаланың Батыс-2 ауданында ашылған «Денсаулық» саябағындағы  жаз бойы өткен жаттығулар. Арнайы нұсқаушылар тұрғындарға көмектесіп, жаттығудың қыр-сырын үйретеді. Тіпті жасы сексенге таяған қариялар да жаттығуға жиі келеді. Сонымен бұл қандай жүріс? Денсаулыққа пайдасы қандай?

БҰЛ ҚАНДАЙ ЖҮРІС?

Скандинавиялық жүріс —  спорттың жаңа түрі. Бұл жүріспен еуропалықтардың әуестене бастағанына көп болған жоқ. 1990-жылдары ғана Еуропаға кеңінен таныла бастады. 2000 жылы Халықаралық скандинавиялық жүріс одағында  тек қана үш мемлекет болса, қазір оның қатары жиырмадан асады. Одақтың штаб-пәтері фин қаласы Вантада орналасқан.

Скандинавиялық жүрісті «солтүстік жүріс», «норд жүрісі», «фин жүрісі» деп те атайды. Бұл жүрістің ерекшелігі —  шаңғы таяқтары секілді таяқты пайдалана отырып жүру. Скандинавиялық жүрістің жай жүрістен айырмашылығы — денедегі барлық бұлшық еттер қозғалысқа түседі. Бұл жүрістің авторы — фин шаңғышысы Юхе Мието. Ол алғаш рет өзінің елінде шаңғының екі таяқшасын алып, ойлы-қырлы жерлермен журуге арналған дайындық өткізеді. Юхе Миетоның өзі әлденеше рет олимпиадалық чемпион атағына ие болған. 1976 жылы 4-тен 10 километрге дейінгі аралықтағы эстафетада чемпион атанды.

Мамандардың айтуынша, скандинавиялық жүріс  омыртқаға жақсы әсер етеді.  Адамның дене бітімін жақсартып, денені түзу, жинақы ұстауға септігін тигізеді. Қан тамырлары мен жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартады. Қарапайым жүрістен бұл жүрістің айырмашылығы өте көп. Бұл жүрісте жылдамдық маңызды емес, жүріп келе жатып тынығып, жаттығулар жасауға болады. Осылайша адам өзін төзімділікке, шапшаңдыққа үйретеді. Бұл спортта  өзін-өзі бастан-аяқ қалыпты ұстап, жүрістің заңын бұзбаған жүргінші ғана артық салмақтан арылып, жақсы нәтижеге қол жеткізе алады.

ОМЫРТҚАҒА ПАЙДАЛЫ ЖҮРІС

Ақтөбедегі скандинавиялық жүріспен шұғылданып жүрген тұрғынның бірі — Несібелі Қарымсақова. Жасы жетпістен асқан ардагер дәрігер күніге бірнеше сағат осы спорттың түрімен айналысады. Жүрісі — тың, қимыл-қозғалысы — ширақ. Зейнет демалысына шыққанымен, әлі де болса ақ халаты мен ақ қалпағын тастамаған. Құлақ, мұрын, тамақ ауырса, білікті дәрігер ретінде Несібелі Қарымсақованы жұртшылық тауып алады. Үйне дейін келіп ем алады. Дене бітімі сымбатты, сұңғақ бойлы, еңсесін тік ұстап жүретін әже, енді қазір көпшілікке скандинавиялық жүрістің пайдасын айтып жүр. Ақтөбеліктер білікті дәрігердің бір кездері облыс орталығындағы балалар ауруханасына қарасты 40 мектеп пен 25 балабақшаны бақылап, 43 мың баланың денсаулығына алаңдағанын жақсы біледі.

— Қазір жастар аурушаң. Оның себебі көп. Олардың ауырмағанын қалаймын. Қолымнан келгенше көмектесіп, не нәрсенің пайдалы, ненің зиян екенін айтып жүремін. Осы қылығымды бір түрлі көретіндер бар. Ал мен үшін жастардың ауырмағаны, олардың денсаулықтарын күткені жақсы. Менің скандинавиялық жүріспен шұғылданып жүргенімді білетіндер пайдасын сұрайды. Бар білгенімді айтамын.

Ақтөбеге бұл спорт түрін әкелген адам — белгілі дәрігер Ізбасқан Аймағамбетов. Бұл спорттың денсаулыққа тигізер пайдасының көп екенін білген соң, өзі бастап, жұртшылыққа үйретіп жүр. Әріптесімнің бастамасын мен де қолдай кеттім. Себебі, жасың үлкейген сайын денсаулығың сыр бере бастайды. «Қартайдым екен» деп қарап отыруға болмайды. Скандинавиялық жүрістің нәтижесі өте жақсы. Біріншіден, бел омыртқаға пайдалы. Жас кезінде көпшілігі денсаулығына алаңдамайды, ауыр жұмыс істеп,  заттар көтереді. Үлкейгенде соның бәрі сыртқа шығады. Омыртқаның жігі ашылады, яғни «протрузия», «остеохондроз» деген аурулар пайда болады. Адамның мүсіні бұзылады, үнемі белі немесе құйымшағы сыздап ауырып жүреді. Ал скандинавиялық жүріс осы ауруларға ем. Екіншіден, жүрек-қан тамыр ауруларына оң әсерін тигізеді. Зат алмасуды реттейді, ағзадағы қанның айналымын жақсартады. Тынысың ашылып, қанның тазаруына, оттегінің мол бөлінуіне ықпал етеді. Екі-үш айдың ішінде скандинавиялық жүрістің тиімді екеніне көзім жетті. Денсаулығымдағы өзгерісті байқадым. Қазір тұрақты түрде айналысамын. Саябаққа баруға уақытым болмаса, үйдің ауласында жүремін. Менің қылығымды немерелерім қызық көреді. «Әже бүгін көп жүрдіңіз» деп айтып отырады, — дейді Несібелі Қарымсақова.

Дәрігердің айтуынша, скандинавиялық жүріс жүрегі ауыратын адамдарға да пайдалы. Себебі олар көп жүгірмеуге тырысады. Ал бұл жүріс жүректің ырғағын, қан айналымын жақсартады. Тізе, буын ауруларына шалдыққандарға да осы жүріс тиімді. Өкпенің, жүректің жұмысын жақсартады. Скандинавиялық жүріспен еуропалықтар жиі шұғылданады. Мәселен, Германияда жамбас, бел омыртқаға жасалған оталардан кейінгі оңалту шараларына міндетті түрде скандинавиялық жүрісті қосады екен. Омыртқа сүйектерінің қалпына келуіне, ауырсынуды басуға көмектеседі.  Сколиоз, остеопороз, невроз, гипертензия, атеросклероз секілді түрлі аурулар мен тірек-қимыл жүйелеріне ем. Бұл жүріс әсіресе, артық салмақтан зардап шегетін адамдарға өте пайдалы.

— Спорттың бұл түрі жас талғамайды. Кез келген адам айналыса береді, әрі ол үшін айтарлықтай дайындық пен көп нәрсенің қажеті жоқ. Екі таяқшасын сатып алсаң, кез келген жерде жүре беруге болады. Жүрудің өз тәртібі бар. Денені тік ұстап, қолыңдағы екі таяқты кезек алға 45 градуста сермеп, соған аздап сүйене жүресің. Оң аяқ қозғалғанда  сол қол жұмыс жасайды, сол аяқ қозғалғанда оң қолдағы таяққа сүйенесің. Осылайша денені тік ұстап, өкшеге салмақ салып, адымдап жүресіз.  Бұрылғанда да тік бұрыласың.  Таяқша қолға ыңғайлы болу керек. Оның ұзындығын бойыңа байланысты таңдайсың. Қысқа немесе ұзын таяқша жүрісті бұзады, — дейді Несібелі Қарымсақова.

Қазір базарда таяқшаның құны 3 мың теңгеден басталады. Егер денені шынықтырып, артық салмақтан құтылғыңыз келсе, бұл жаттығумен күніне 40-45 минут айналысу керек екен.

100 ТАЯҚТЫ ТЕГІН БЕРДІ

Батыс-2 ауданындағы аумағы 1,4 гектар болатын «Денсаулық» саябағына тұрғындар жиі барады. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ашылған саябақтың ішінде алдағы уақытта  воркаут, футбол, үстел теннисі алаңдары, велосипед жүретін жол және  субұрқақтар салынады. Дәрігерлер саябақ аумағына 1500-ден аса тал-терек екті. Қазір олардың барлығы жайқалып өсіп тұр. Скандинавиялық жүріспен айналысатын тұрғындар да осы жерге жиі келеді. Себебі саябақта аптасына екі рет спорттың жаңа түрінен жаттығу сабағы өтеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қаланың 100 тұрғынына спорттық таяқты тегін таратты. Оның ішінде қариялар да бар. Басқарма басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, саябақ ашылғалы 500 ақтөбелік скандинавиялық жүріспен айналыса бастаған.

—  Йога, шейпинг, скандинавиялық жүріс бойынша арнайы сабақтар ақысыз беріледі. Мәселен, скандинавиялық жүріс кезінде дене бұлшық етінің тоқсан пайызы қозғалысқа түседі. Бұл ешқандай диетасыз  денедегі артық салмақтан арылуға көмектеседі. Инсульт алған адамдарға да өте пайдалы.

Халықты  спортпен, денешынықтырумен айналысуға  баулып жатырмыз. Негізгі мақсат — тұрғындардың өз денсаулықтарына деген жауапкершілігін арттыру, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. «Денсаулық» саябағы да осы мақсатта ашылып отыр. Медицина қызметкерлері саябақты өз қарауларына алды. Дәрігерлер осы аумақты  көгалдандырып, тағы да тал-терек  егіп, оларды күтіп, айналаны жарықтандырып және халық денсаулығын жақсартудағы жұмыстарын жалғастыра береді. Бұдан бөлек саябақта салауатты өмір салтын насихаттайтын түрлі акциялар өтеді. Мысалы, тұрғындардың қан қысымын өлшеу, қан құрамындағы глюкоза мен холестеринді жедел анықтау шаралары ұйымдастырылады, — дейді басқарма басшысы.
Саябаққа үлкен кісілер де жиі келеді. Олар таң атысымен осы жерге жиналуды әдетке айналдырған. Ешкім оларды міндеттемейді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*