Басты бет » Мәдениет » Ырысты СҮЛЕЙМЕНОВА: Дәстүрлі әнге деген көзқарас бұрынғыдай емес

Ырысты СҮЛЕЙМЕНОВА: Дәстүрлі әнге деген көзқарас бұрынғыдай емес

Ақтөбеден шыққан Ырысты Сүлейменованың есімі ұлттық өнерді ұлықтайтындарға етене таныс. Өткен аптада республикалық «Туған жер» форумына қатысу үшін елордадан арнайы келген дәстүрлі әнші редакциямыздың қонағы болған еді.

— Өзіңізбен «Туған жер» форумы аясында жүздесудің сәті түсті. Жерлестердің басын қосқан осынау үлкен шарақалай өтіп жатыр деп ойлайсыз?

— Біріншіден, осы форум маған үлкен әсер қалдырды. Өйткені мұндай шара елімізде тұңғыш рет өткізілді. Жер-жердегі жерлестерді алғашқы боп жинаған өңір — Ақтөбе деп білемін. Сондықтан осындай ұйымшыл, бір-бірін іздейтін облыстан шыққаныма қатты қуандым. Екіншіден, барлығымызға да оның берері көп деп ойлаймын. Жан-жақтағылардың қосылып, өзара пікір алмасып, қайтсек туған жерімізді гүлдендіреміз деген ойталқысының өзі үлкен істерге жетелейді. Экономика саласындағы келісімдерді айтпағанда, өнердегі әріптестерімізбен шүйіркелесіп, білгенімізбен бөлісудің өзі неге тұрады?!

— Елге келгенде, көпшілік секілді қонақ болумен шектелмей, жас талаптарға шеберлік сыныбын өткіздіңіз…

— Иә, облыстық халық шығармашылығы үйі ғимаратында жас әнші-термешілермен, жалпы домбырашылармен кездесіп, оларға көрген-білгенімді айттым, сұрақтарына жауап бердім. Шыны керек, мұндай шеберлік сағаттарын оқушылар мен студенттерге талай өткізіп жүрмін ғой. Бірақ туған жерімдегі әрі осындай ауқымды шараға қатысуым бірінші рет болды. Сонысымен бұл оқиға мен үшін ерекше.

— Қателеспесем, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ бересіз. Шәкірттеріңіздің арасында ақтөбеліктер қаншалықты көп?

— Негізгі жұмыс орным — Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблі. Қосымша ретінде сіз айтқан оқу орнында жұмыс істеймін. Шәкірттерге келсек, соншалықты көп демесем де, жерлес іні-сіңлілерім бар. Бұған дейін оқуын тәмамдап, дипломын қолына алғандар да, қазіргі күні студент боп жүрген ақтөбеліктер де аз емес. Тіпті «сіздің қоластыңызда оқу үшін келдім» дейтіндер де кездеседі.

— Дей тұрғанмен, үлкен сахнаға шығып жүрген ақтөбелік дәстүрлі әншілерді түгендесек, бір қолдың саусағына да жетпейтін шама. Сіздің ойыңызша, бұның себебі неде?

— Осыдан 10-15 жыл бұрын дәстүрлі әншілерді сирек кездестіретін едік. Қазір жағдай басқа. Мәселен, Астананың өзінде музыкалық мектептер көп. Олардың

әрқайсысында дәстүрлі ән, домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Яғни бұл — өнерлі жастар өсіп келеді деген сөз. Ақтөбеде өткен шеберлік сыныбында да байқағанымдай, музыкалық мектепте тәлім алатын кішкентайлардың саны біршама екен. Осының бәрін ескере келе, сіз айтып отырған мәселе уақытша құбылыс деп ойлаймын.

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы, Мұхит Мералыұлы атындағы байқаулардың лауреатысыз. Домбыра ұстаған әншілердің әлеуетін бағамдайтын осындай додалар көп пе, әлде аз ба?

— Меніңше, жеткілікті. Әр ән мектебі, тіпті көрнекті композиторлардың атындағы байқаулар бар. Шынымен өнерімді көрсетемін дегендерге мүмкіндік бар деген ойдамын.

— Ал Батыс ән мектебінің өкілі ретінде қалай ізденесіз?

— Осы салада жүргендіктен, өзімді Батыс ән мектебіне тән әндерді білуге міндеттімін деп есептеймін. Біздің жақтың әндерінің 98 пайызын білемін десем, өтірік айтқаным болмас. Бірақ оның бәрін сахнада орындай беруге мүмкіндік жоқ, әрине.

Репертуарымда жалпы саны 200-дей ән бар.

Республикалық «Туған жер» форумы аясында жерлесіміз, дәстүрлі әнші Ырысты Сүлейменова өнерлі жастарға шеберлік сабағын өткізді. Облыстық халық шығармашылығы үйі ғимаратында ұйымдастырылған шараға жұртшылық көптеп жиналды.

Мақсат — ән өнеріне қызыққан жастарға қазақ музыкасының тарихы, оның орындалуы мен жалпы халық әндерінің мән-мазмұны төңірегінде жан-жақты мағлұмат беру, осы сала бойынша білім алып жүрген қыз-жігіттердің таным көкжиегін кеңейту. Шеберлік сабағына Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері мен А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқушылары қатысты.

— Шыны керек, жастардың тарапынан ерекше ынта-ықыласты байқап, көзайым болып отырмыз. Залда ине шаншар жер болмай,сұрақ қоюшылардың легі біразға дейін толастаған жоқ. Қазақтың дәстүрлі әндеріне қызығушы өскелең ұрпақтың қарасы қалың екен. Ендігі дәстүрге айналған осындай шеберлік сабақтарын алдағы уақытта да жалғастырамыз, — дейді облыстық халық шығармашылығы үйінің қызметкері Гүлнар Сейталина.

Екі сағатқа созылған шара барысында Ырысты Хасенқызы дәстүрлі әндер мен термелерді құйқылжытып қана қоймай, бірнеше күйді де төгілтті. Сондай-ақ, Батыстың ән мектебінің теориясына, домбыраны шебер ойнау техникасына да тоқталып, қатысушылардың әрқилы сауалдарына жауап берді.

— Ақтөбе қаласында соңғы рет 2010 жылы жеке концертіңізді ұйымдастырыпсыз. Келесісін қай уақытқа жоспарлап отырсыз?

— Сосын араға бір жыл салып, 2011 жылы Қандыағаш қаласында шығармашылық кешімді бергенмін. Шынымен жерлестерімнің алдында ән салмағалы біраз болыпты. Бұйыртса, 1-2 жылда концертім болып қалар, жалпы жоспарда бар.

— Сұхбат соңында, өнеріңізден бөлек, жеке өміріңізге де тоқталсаңыз.

— Мұғалжар ауданының Ақсу ауылында туып-өстім. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде, артынша Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алдым. Жолдасым екеуміз 3 баланы тәрбиелеп отырмыз.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*