Басты бет » Мәдениет » Ерке ЕСМАХАН: Менің көптеген әндерімнің авторлары — ақтөбеліктер

Ерке ЕСМАХАН: Менің көптеген әндерімнің авторлары — ақтөбеліктер

Жерлесіміз, танымал әнші Ерке Есмахан «Ақтөбе» газеті тілшісімен өрбіген екеуара әңгіме барысында репертуардағы әндерінің мазмұны, өнердегі үзеңгілестерімен дуэт айтуға көзқарасын, өзге қырлары, т.б. туралы айтып, оқырмандарына қолтаңбасын қалдырды.

— Ерке, сіздің Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі екеніңізді білеміз. Сондағы ұстазыңыз, талантты әнші Толқын Забирова қазіргі таңдағы шығармашылығыңызды қалай бағалайды?

— Шыны керек, ол апайыммен мерекелік кештерде, үлкен концерттерде ғана кездесіп тұрамын. Ұстазым мені көрген сайын мақтап, өзгелерге әрдайым шәкірті екенімді айтып жүреді. Бұл мені, әрине, қуантады. Ол кісінің менің өмірім мен өнерімдегі алатын орны зор. Өйткені өнер академиясында маған көп нәрсені үйретті, үлкен сахнаға алғаш шығып жүрген кезде ақыл-кеңесін аямады. Жалпы, күнде кездесіп тұрамыз демесем де, сәлеміміз түзу.

— Оны сұрап отырған себебім, Толқын вокалдық деңгейі жоғары, кең тынысты әнші ғой. Ұстазыңыз күрделі, барлық дауыс мүмкіндіктеріңізді көрсететін әндерді неге орындамайсың деп айтпай ма?

— Неге? Сіз айтып отырған кең диапазонды қажет ететін әндер менің репертуарымда көп. Мысалы, «Айша бибі», «Асыл арман», «Сандуғаш» сияқты әндерді атауға болады. Тыңдарманның сұранысына қарай, аталған туындыларды теледидар мен радиодан көп қоймайтыны болмаса, жер-жердегі есеп беру кештерімде міндетті түрде орындаймын.

— Репертуарға ән қосқанда талғампазсыз ба?

— Онсыз болмайды. Сөзі мен сазы үйлескен, стиліме сәйкес келетін әнді ғана шырқаймын. Шүкір, қазіргі таңда Ерке Есмахан ретінде өзімнің өнердегі бағытымды таптым. Ол қазақ тіліндегі, эстрадалық әндер ғой. Әйтпесе шетелдікін ұрлап, болмаса орыс тілінде ән айтатын ойым жоқ. Енді өзім қалыптастырған жолда еңбек етіп, бар күш-жігерді салу қажет. Мақсатым сол.

Әндерімді санап көрмеппін. Репертуарымда шамамен 30-ға жуық авторлық әнім бар.

— Тағы да дуэт жазып, елді «Алло» әніндей елең еткізу жоспарда бар ма?

— Әзірге жоқ. Төреғали Төреәліден кейін «Ханзада» тобымен ән жаздырдым. Қазіргі таңда сол туындыларды жер-жерде айтып та жүрміз. Бүгінде жеке репертуарымды молайтуға, әртүрлі тақырыптағы әндерді айтуға мән беріп жатырмын. Неге десеңіз, көп ұзамай Астана мен Алматы сияқты орталық қалаларда есеп беру кешімді өткізуді ойластырып отырмын.

— Байқауымша, жерлес ақын-сазгерлермен шығармашылық тандеміңіз мықты сияқты…

— Иә, репертуарымда өзім сияқты Ақтөбеден шыққан Қайнар Алагөзов, Құрал Молжанов, Аян Сейтовтердің жазған әндері баршылық. Бір-бірімізді тез түсінеміз, олардың ұсынған дүниесі бірден ұнап жатады. Кейде «Осындай тақырыптағы әндерді жазсаңыздар…» деп те тапсырыс беремін. Жақында тағы бір жерлесім — Жасұлан Жақсылықов біраз әндерімнің авторы атанды.

— Соңғы жылдары тележүргізушілік қырыңызбен де танылып, музыкалық бағдарламаларды тізгіндеп жүрсіз. Бұл Ерке болашақта киноға да түсуі мүмкін дегенді білдіре ме?

— Кезінде продюсерім болған Баян Мақсатқызы қанша кино түсірсе де, біреуіне де атсалысудың орайы келмеді. Өйткені киноға түссең, соған көп уақытыңды бөлу қажет. Ал мен үшін ең бастысы — әншілігім.

Алдағы уақытта, сәті түссе, комедиялық рөлді ойнасам деймін. Бірақ, режиссерлар тарапынан қалауымдағы кейіпкерді сомдауға ұсыныс түсе қойған жоқ.

— Ұлыңыздың осындағы ата-анаңыздың қолында екенін естідік. Туған жеріңізге жиі келіп тұратын боларсыз?

— Иә, айына бірнеше рет келіп тұрамын. Қолым қалт етсе, Ақтөбеге жеткенше асығамын.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*