Басты бет » Білім » Мұғалім мәртебесі — ел мерейі

Мұғалім мәртебесі — ел мерейі

5 қазан — Дүниежүзілік мұғалімдер күні

Бүгін — Дүниежүзілік мұғалімдер күні. Әлемнің 100-ден астам елі дәл осы күні ұстаздар мерекесін тойлайды.

Ұлт болашағын тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосатын ұстаздар қашанда үлкен құрметке, зор қолдауға лайық.

Облыс мектептерінде жалпы 17 129 педагог еңбек етеді. Олардың 2644-і — жоғары санатты (15,4 пайыз), 4659-ы — І санатты (27,2 пайыз). Жоғары санатты мұғалімдер жөнінен Ақтөбе қаласы көш бастап тұр. 5154 мұғалімнің 1007-сі  жоғары санатқа ие. Одан кейінгі кезекті Мұғалжар ауданы еншілейді (358). Алғашқы үштікті Шалқар ауданы түйіндейді (239).   

Бүгінде мұғалім мәртебесін арттыра түсуде ел көлемінде үлкен жұмыстар

атқарылып жатыр. Жыл сайын үздік педагогтерді анықтау мақсатында республикалық, облыстық конкурстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қомақты қаражат беріледі. Мысалы, биыл біздің облыстың 4 педагогі ел көлемінде ұйымдастырылған «Үздік мұғалім» конкурсында жеңімпаз атанды. Олар: Райса Аяуова (облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатыны), Мадина Утенова (Ақтөбе қаласындағы №51 гимназия), Наталья Прохорова (Ақтөбе қаласындағы №29 мектеп) және Ержан Өтеулиев (Ақтөбе политехникалық колледжі). Оларды Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев марапаттайды, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова. Оның айтуынша, 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Үздік мұғалім» республикалық конкурсында біздің облыстан осымен 26 педагог жеңімпаз атанған.

Биыл министрлік тарапынан сый-құрметке бөленетін мұғалімдер мұнымен шектелмейді. 3 педагог Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен, 2 педагог «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталады. Сондай-ақ, 11 мұғалімге министрліктің Құрмет грамотасы, тағы 11  адамға министрліктің алғыс хаты беріледі.

Облыстық тамыз кеңесінде де бір топ ұстаздың мерейі өсті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үздік педагогтерге ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілерін табыс етті. Сондай-ақ,  облыстағы үздік мұғалімдерді, үздік білім беру мекемелерін арнайы сыйақымен марапаттады.

«Ең үздік мектеп» конкурсында «Инновациялық мектеп» номинациясын жеңіп алған Шалқар ауданындағы №5 мектепке 19 миллион теңгенің сертификаты тарту етілді. Сондай-ақ, Темір ауданындағы Шұбарқұдық гимназиясы 4 миллион теңгенің, ал Ақтөбе қаласы Новый мектебі,  Байғанин ауданындағы Т.Жармағамбетов  атындағы мектеп, Ойыл ауданындағы Ж.Жүсібалиев атындағы мектеп, Хромтау қаласындағы №6 мектеп, Қобда ауданындағы Қобда гимназиясы 2 миллион теңгенің сертификаттарын иеленді.

Гүлжан Құлыбекованың айтуынша, жас мамандарға да үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 426 түлегі мен Ақтөбе гуманитарлық колледжін бітірген 366 түлектің 262-сі жұмыспен қамтылған. Соның өзінде облыс мектептеріне, әсіресе шалғайдағы ауыл мектептеріне мұғалім қажет. Шағын жинақты мектептерге математика, орыс тілі, химия пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс бар.

Дәл қазір олардың орнында  мамандықтары сәйкес келетін басқа пәндердің мұғалімдері, зейнеткерлер сабақ беруде, — дейді бөлім басшысы. Оның айтуынша, педагог тапшылығы ауыл мектептерінде сағат санының аздығына байланысты.

P.S. Бүгін педагогтердің кәсіби мерекесі облыс көлемінде тойланады. Ауқымды шара барысында бір топ мұғалімнің мерейі көтеріледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*