Басты бет » Білім » Білікті басшы биікке жетелейді

Білікті басшы биікке жетелейді

5 қазан — Дүниежүзілік мұғалімдер күні

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ақтөбе қалалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Жәния Мұхамбетова — білікті басшы, өз ісінің маманы. Биыл қадірлі ұстаз 70 жасқа толады.

Жәния Мұхамбетова алғашқы ұстаздық қызметін Орынбор облысы, Соль-Илецк ауданы, Первомайский елді мекеніндегі мектептен бастаған. Екі жылдан кейін сол мектептің тәрбие ісі жөніндегі ұйымдастырушысы болып тағайындалады. Бірнеше жылдан кейін ол мектеп директорының негізгі жұмыс жөніндегі меңгерушісі болып қызмет етеді. Жұмыстың қиындығына қарамастан Жәния Жарылғапқызы көп жыл ұжыммен белсенді жұмыс жасайды. Он бес жылдық тәжірибесі бар ұстазды кейін аудандық партия комитетіне ауыстырып, Орынбор облыстық білім бөліміне қызметке шақырады. Алайда ол науқас қарт анасын тастап кете алмайды.

1978 жылы анасы дүниеден өткен соң, ағасының қасына Ақтөбеге қоныс аударады. Бұл жерге келген соң ол №6 орта мектепке аға пионер-тәлімгер болып жұмысқа орналасады. Төрт айдан кейін оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. 1991 жылы №17 мектепке ауысып, әдістемелік жұмыс меңгерушісі болып қызмет атқарады. Бір жылдан кейін қалалық білім бөліміне әдіскер болып жұмысқа орналасады. Білім бөлімінде жеті жыл еңбек етіп, кейін №26 мектепке директор болып барады.

— 1997 жылы Ақтөбеде небәрі 48 мектеп болды, соның ішінде №26 мектеп соңғы орында тұрды. Бір жылдан соң мектеп 20-шы орынға көтерілді. Ал екі жылдан кейін №26 мектеп үздік он мектептің қатарына қосылды. Уақыт өте мен зейнеткерлікке шықтым. Алайда жұмысымды тастамадым. Зейнеткерлікке шыққан соң төрт жыл осы мектепте еңбек еттім. Кейін қалалық білім бөлімі мені қызметке шақырып, содан ғылыми-әдістемелік орталықтың директоры болдым. Бүгінге дейін міне, осы орталықта қызмет етіп келемін. Биылғы жыл — мен үшін мерейлі жыл. Себебі менің педагогтік қызметіме 50 жыл болса, өзім 70 жасқа толамын.Осы жасқа келгенше,шаршамай, қажымай еңбек етуім — менің айналамдағы жастардың арқасы. Себебі олармен жұмыс жасап жүріп, мен де көп білуге, белсенді жұмыс жасауға тырысамын. Көп ізденіп, көп оқимын, — дейді кейіпкеріміз.

Ұлағатты ұстаз, білікті басшы — бүгінде аяулы ана, ардақты әже. Ол екі ұлынан 4 немере сүйіп отыр. Болашақта ол немерелерінің бірі Адия өзінің жолын жалғастыратынына сенеді. Себебі ұлағатты ұстаздың барлық қасиеттері осы немересінің бойынан табылады.

  • Қазір уақыт талабы, сұранысы басқа. Бұрын мұғалім өзін көрсетіп, сауатты болуға тырысса, қазір мұғалім балаларды кез келген жағдайдан шешім шығаруға, табыскер болуға бағыттайды. Менің үнемі мұғалімдерге айтатыным — сіздер балаларға кеңес беріңіздер, бағыттаңыздар, олар өздері алға ұмтылады, сіздерді де алға жетелейді. Себебі қазіргі балалардың ойы алғыр, қиялы ұшқыр. Тіпті кішкентай балаға сұрақ қойсаңыз, ол сізге таңқаларлықтай жауап береді. Осыған қарап кейде мен: «Қандай алтын ұрпақ өсіп келеді?», — деп қуанамын,— дейді тәжірибелі ұстаз.

Ол жоғары оқу орындарына педагогикалық кадрларды даярлаудағы ереже-талапты өзгертіп, үштілділікті енгізу керектігін айтады. Себебі жоғары білімді, болашақ педагог мектепке үш тілді меңгеріп баруы керек.

  • Мектепке креативті, сыни тұрғыда ойлай алатын мұғалім қажет. Мектепке магистр, аспирант, доктор сияқты ғылыми дəрежесі бар мамандарды, оқытушыларды тарту қажет. Сол кезде шынайы білім сапасы болады. Неге Ресей мектептерінде педагогика ғылымдарының кандидаты сабақ береді. Себебі нағыз ұстаз – мектепте, — дейді білікті басшы.

Жәния Жарылғапқызының айтуынша, ертеңгі мұғалім бүгіннен-ақ өз мамандығына ниеттеніп, ықыластанып дайындалуы керек. Мектептер мен жоғары оқу орнының арасында келісім жасалып, түлектерді кейін өз мектебіне еңбек етуге бағыттау қажет. Осыдан келіп, жас мамандардың бойында үлкен жауапкершілік, өз мамандығына деген сүйіспеншілік туады. Сондай-ақ, бұл —  рухани сабақтастық үлгісі.

—  Ұстаздық — қиын болса да, тағылымы мол, қадірлі мамандық. Сол себепті қоғамда ұстаз мəртебесін көтеріп, жастарды бүгіннен марапаттап, оларды әр кез ынталандырып отыру қажет, — дейді ол.

Мейрамгүл ТҰРҒАНБАЕВА.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*