Басты бет » Білім » Ізденіс іздері

Ізденіс іздері

5 қазан — Дүниежүзілік мұғалімдер күні

Үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңашылдыққа жаны құмар ұстаз — Балия Жолаева. Ол — мектебіміздің мақтанышы. Ата-аналар да, оқушылар да оның еңбегін жоғары бағалап, құрметтейді.   

Мұғалім — мәртебелі әрі қоғамның ауыр жүгін арқалаған жауапты мамандық. «Ұстаздық ету — өзіңнің жаныңды, барыңды, уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық — ұлы нәрсе». Белгілі сөз зергері Зейнолла Қабдолов ұстаз еңбегіне осындай баға берген. Олай болса, осы жолда  еліміздің болашағын тәрбиелеп, аямай тер төгіп жүрген ұстаздарды неге мақтамасқа, неге олармен мақтанбасқа!

Жақсы мұғалім — ұжымның да, оқушының да, ата-ананың да мерейі. Білімі мен білігін қатар қолданып, талай шәкірттерін білім додаларына қатыстырып жүрген ұстаздарымыздың бірі — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балия  Жолаева. Ол еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы №33 қазақ орта мектебінен бастады. 1998-2003 жылдары А.Кенжеғұлованың авторлық бағдарламасын жүзеге асыруда өз пәнінің шебер мұғалімі екендігін облыстық, қалалық деңгейде көрсете білді. Білім саласында 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Балия Бабыққызы 2004 жылдан бері біздің мектепте жұмыс істейді.

Мұғалім беделінің, абыройының асқақ болуы шәкірттерінің жетістігіне тікелей байланысты. Бұл орайда Балия Жолаеваның мерейі үстем. Заман талабына сай білім берудегі озық технологияларды меңгерген мұғалімнің шәкірттері тек қана  мектебіміздің мақтанышы емес, сондай-ақ, дүбірлі додаларда облысымыздың намысын қорғап жүрген дарынды жастар.

Олардың қатарында пәндік олимпиадалар мен түрлі ғылыми жоба жарыстарында, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған  облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындарды иемденген, сондай-ақ топ жарып бәйге алған жеңімпаздар да жетерлік. Атап айтқанда, Әсем Таңатар, Шынар Қаражан, Гүлжанар Меңдібаева — республикалық олимпиада жеңімпаздары болса, Досжан Айтуғанов, Әлихан Жақсылық, Наргиз Нұрғалиева — ғылыми  жоба сайыстарының жеңімпаздары. Ал республикалық айтыста Нұрбол Жауынбаев топ жарса, мәнерлеп оқудан халықаралық деңгейде ұйымдастырылған жарыста  Назерке Мұханғали жүлдегер атанды. Сондай-ақ, ол дебат пікірталас сайысының жеңімпаздары Қырмызы Скендирова, Айша Нұрмахан секілді шәкірттерімен мақтанады.

Балия Жолаева республикалық ұлттық дебат орталығының Ақтөбе облысы бойынша «Үздік тренер» және «Үздік төреші» атақтарына ие болды. Шәкірттері облыстық дебат турнирлерінің жеңімпаздары және «Үздік спикерлері» атанды. Оқушысы Әйгерім Бекниязова  2009-2012 жылдары «Хабар» телеарнасындағы «Азамат» пікірсайыс клубына тұрақты қатысты.

Балаларға сапалы білім беру үшін мұғалім жан-жақты, кәсіби маман иесі болуы тиіс. Мұны жете түсінетін жоғары санатты педагог Балия Бабыққызы өзіне жоғары талап пен алдына айқын мақсат қоя біледі.

Республикалық деңгейдегі «Үздік авторлық бағдарлама», «Республикалық инновациялық педагогикалық идеялар фестивалі» сияқты кәсіби сайыстарда бағын сынап, еліміздің көптеген білікті мамандарымен тәжірибе алмасуы оның одан әрі  іздене түсуіне ықпал етті. Әсіресе, 2013 жылдың мамыр айында өткен Қазақстан филологтарының съезі Балияны ерекше көңілге бөледі. Өйткені, осы съезде оқыған баяндамасы  туралы өзгелердің оң пікірін естіп, қуанды. Сондай-ақ, осы алқалы жиында алғаш рет қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  майталманы Қанипа Бітібаеваны көрді. Аягүл Миразова, Фаузия Оразбаева сынды ұлағатты ұстаздармен тілдесіп, үлкен рухани көмек алды.

Тәжірибелі, ұлағатты ұстаздардан үйренгенім көп. Педагогтермен тәжірибе алмасу мақсатында бірнеше авторлық бағдарламалар жаздық. Жас мұғалімдерге  қолдау көрсету, үйрету — мықты ұстаздың өнегелі ісі. Өзі жас та болса, шығармашыл мұғалім  Гүлзат Мырзағалиқызымен бірге үнемі әріптестік байланыста бірнеше жобаларды жүзеге асырдық. Мысалы, «Сөз өнері», «9-класта стилистиканы оқытудың тиімді жолдары», «Олимпиада шыңы» авторлық бағдарламаларын жазып, 2009 жылдан бері республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» сайысына жүйелі  қатысып келеміз. Бағындыратын биіктеріміз әлі алда деп ойлаймын, — дейді Балия Бабыққызы.

Ол оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту мақсатында «Сөз өнері және сөйлеу мәдениеті»  авторлық бағдарламасын құрастырды. Бұл бағдарлама республикалық деңгейдегі «Ең үздік авторлық бағдарлама» номинациясында жүлделі орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, ол инновациялық-педагогикалық идеялар фестивалінде жүлделі орынға ие болды. Балия Жолаева 2009 жылы облыстық педагогикалық жетістіктер конкурс-марафонында «Облыстың ең үздік мұғалімі» атанды. Сонымен қатар, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының алғыс хатымен марапатталды.

Балия Бабыққызының ұлт болашағын тәрбиелеудегі еңбегі толағай табыстарға толы болып, биіктерді бағындыра беруіне тілектеспіз.

 

                                                         Гүлнар ТАЖЫҒАЛИЕВА, 

М.Құсайынов атындағы Ақтөбе

облыстық  дарынды балаларға арналған

мамандандырылған мектеп-интернат директоры.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*