Басты бет » Білім » Ұлағатты ұстаз

Ұлағатты ұстаз

5 қазан — Дүниежүзілік мұғалімдер күні

Білім беру саласында қалтқысыз қызмет етумен қатар ізгі адами қасиеттерімен айналасының құрметіне бөленіп жүрген зейнеткер ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері Рабиға Батырованың өмірі өнегеге толы.

Ардагер ұстаз үшін осыдан 25 жыл бұрын ашылған Елек орта мектебінің орны бөлек. Себебі ол — тәуелсіздік алғаннан кейін ашылған аталған мектептің тұңғыш басшысы .

— 1989 жылғы Тіл туралы заң негізінде, сондай-ақ «Қазақ тілі» қоғамының арқасында ашылған ғимараттың өзіндік тарихы бар.

Ресми түрде құжат дайындау машақаты былай тұрғанда, құлдырау, дағдарыс орын алған 1992 жыл кім-кімге де оңайға соқпады. Мектепке құжат дайындау, оны таза мемлекеттік тілде әзірлеу, әрбір мекемемен келісімге келу, орыс тілдегі құжаттарды қазақшаға аудару, осының бәрі бастан өтті.Мектепке қажеттінің өзін іздеп тауып әкелерде де көлік тапшылығы, жағармай алатын ақшаның болмай, 128 баланың ата-анасымен жұмыс жасап, өзіміздің мұғалімдердің орыс мектебінде оқып жатқан балаларын қазақ мектебіне аудардық. Мұғалім тапшылығы пәндерді оқытуда қиындық туғызды. Мұғалімдерді іздеп тауып оларға жағдай туғызу, баспана, тамақ, психологиялық-моральдық жағын ескеру мойнымда болды, — дейді ол өткенді еске алып.

Рабиға Батырованың айтуынша, мектеп жаңадан ашылған уақытта таза орыс мектебінде оқығандарға, орыс контингенті ортасында өмір сүріп, өсіп өнгендерге қазақ тіл үйрету қиын болыпты. Мектепте ән сабағын тереңдетіп оқыту бағдарламасы таңдалып, мектептің ән-күй сабағының мұғалімі Мырзахмет Құрмановпен бірлесіп жылдық, апталық және сабақ жүргізу жоспарларын жасап, жүргізіпті.

  • I тоқсанда 5-сыныпта оқитын қызым Анар айнаға қарап тұрып: «Нұр жауып тұрған көктемде…» деп Мұқағалидың өлеңін айтып тұр. Мағынасын сұрап едім, білмеді, бірақ тілі жақсы келіп, нақышымен айтты. Ендігі жұмыс тіл мамандарына ауысты. Тілді сындырдық, енді пәнаралық байланыс және қазақ тілін тереңдетіп оқыту, үйірме жұмыстарын жандандыру мақсаты алда тұрды. Ұстаздар алдында әр баламен жеке жұмыс жүргізу қадағалануда болды. Үш лингофондық кабинет, компьютерлік кабинеттер, «Корвет» алғашқы кабинеттер жасақталды, — дейді Р.Батырова.

Ардагер ұстаз сол кезеңдегі жағдай мектеп тарихына өз әсерін тигізбей қоймағанын айтады. Мектеп 1997-1998 оқу жылында бюджет тапшылығынан Қурайлы селолық кеңесі басшылығының қаулысымен жабылып, оқушылар Георгиев орыс мектебінің үшінші ауысымында бір жыл оқып шығады. Кейін Рабиға Батырованың қайсарлығымен мектеп қайта жұмысын жалғастырады.

—  Сол уақытта «АқтөбеТрансГаз» мекемесі Бозой деген жерге мектеп салып, жәрдем еткенін естіп, Есет батыр көшесіндегі сол мекемені тауып алып, бас директоры Бағдат Алдабергеновке кіріп, бар мұң-мұқтажымды айттым. Ол кісі менің бетімді қайтармай, әкімшілікке хабарласып жағдайды білді. Сөйтіп көп ұзамай «Гипрозем» басшысы жеке қазандық жасауға ізденіс жүргізіп берді, ал мен олардың жарғысын қазақшаға аударып бердім. Жобалау институтының басшысы Орынбасаров шаруамды жүргізуге жәрдем етті. Қазандық салу үшін 380 вольт электр желісі керек болды. Оны жолдасым, марқұм Ескерген Батыров қолға алды. Одан басқа көптеген азаматтар осы мектептің қайта ашылуына үлкен үлес қосты,, — дейді зейнеткер ұстаз.

1998 жылы 18 желтоқсанда Елек орта мектебі қайта ашылып, балалар оқуға қабылданады. Бүгінде ашылғанына 25 жыл болған білім ордасында Рабиға Хасенқызының жолын жалғастырып келе жатқан ұстаздар қауымы жұмыс жасауда. Атап айтсақ, зейнеткер ұстаздар Г.Есентүгелова мен К.Құрманова, сондай-ақ М.Бұхарбаева, Р.Сеитова, К.Берденова, С.Мәлімбаев, Ә.Жолмұрзин, Л.Жылқыбаева, М.Разақов, Г.Жалғасова, Ә.Сенжанова, т.б.

Рабиға Хасенқызының ұстаздық жолдағы ұлағатты өнегесі мен шуақты шарапаты талай шәкірттің бойына тарады. Егер бүгінгі күні Елек орта мектебінің түлектері ізгілікті іс атқарса, осы кісінің үлгісі деуге болады.

Д.ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*