Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Сексенінші жылдардың ортасы…

Сексенінші жылдардың ортасы…

1985 жылдың наурыз айында КСРО-да билік басына М.Горбачев келді. Ұзақ жылдар бойы экономиканы көтеруден гөрі, қорғаныс саласын нығайту, қарулану, дамушы социалистік елдерді қолдау мақсатына көбірек көңіл бөлініп, көбірек қаржы бағытталғандықтан, бұл тұста КСРО Батыс елдерінен кейіндеп қалған еді. Сондықтан Горбачев «қырғи-қабақ соғыс» саясатынан бас тартуды жөн көрді. Маскүнемдікпен күресті қолға алды. «Біздің күшіміз — шындықты айтуда» деген Лениннің сөзін алға тартып, жариялылыққа жол ашты.

1986 жылдың 25 ақпаны күні басталған СОКП-ның ХХVІІ съезінде 70-жылдар мен 80-жылдардың басындағы келеңсіздіктер туралы айтып, экономиканы жедел өсіру жолында халықты белсенділікке шақырды. Қаңыраған дүкендер мен қаптаған кезектен, тамыр-таныстықтың кең қанат жаюынан, құр ұран сөздерден шаршаған жұрт бастапқыда жаңа көсемді қуана қолдады.

Иә, жұрт бұл жаңалықтарға сенді. Мысалы, бүгінде 80-нен асқан журналист, газетіміздің ұзақ жылдар бойғы қызметкері Төлеміс Меңдіғали әріптесі Айдос Шөкішке берген сұхбатында: «…көпке дейін үнсіз жүрдім. Тек Горбачев жария еткен қайта құру жылдары… сөйлей бастадым. Сол қайта құруға мықты сенген едім» — деп еске алды. («Ақтөбе», 3 қазан, 2016 жыл.)

Сол кездегі басқа отандастарымен бірге ақтөбеліктер де КСРО-ның қуаты арта беретініне, алдағы жарқын болашаққа еш күмәнсіз қарады. 1985 жылы кеңес халқы Лениннің 115 жылдық мерейтойын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығын тойлады. Сонымен қатар, бұл жыл он бірінші бесжылдықтың қорытынды жылы еді…

902 жас шопан

Сол тұста облыстың Шалқар, Ойыл, Ырғыз, Байғанин және Мұғаджар аудандарында 902 жас шопан еңбек еткен. Бұлар, негізінен, жергілікті ұлт өкілдері тұратын аудандар еді. Осы бес аудандағы жас шопандар 262,2 мың қойды бағып-күткен. Олар әр жүз саулықтан 109 қозы алған. Мұның өзі облыстық көрсеткіштен 15 қозыға артық еді. Ал Шалқар ауданы «Айшуақ» совхозындағы «Жас жігер» комсомол-жастар бригадасы әр жүз саулықтан 166 қозы алған. Бұл облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш болатын.

Бұл деректер сол кездегі Қазақстан ЛКСМ облыстық комитетінің бірінші хатшысы С.Лапшиннің баяндамасынан алынып отыр. Сондай-ақ, баяндамада айтылғандай, облыс аумағындағы Шилісай фосфорит руднигі екпінді комсомол құрылысы ретінде жарияланған. Комсомолдық жолдамамен облыстан тыс жерлердегі екпінді құрылыстарға 83 адам кетсе, басқа облыстардан біздегі құрылыстарға небәрі 28 адам келіпті. Ал комсомол мүшесі, «Победа» совхозының сауыншысы Бәти Нұрышева КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған.

 Хат арқылы ойнау

Облыста хат арқылы шахмат жарысын ұйымдастыру қолға алынған. 1985 жылдың басында оның қорытындысын жарыстың бас төрешісі, республикалық дәрежедегі төреші Ж.Тәліпов хабарлады: «Облысымызда хат арқылы ойнаудың алғашқы біріншілігі ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде, облыс орталығынан И.Сулковский облыс чемпионы атанды. Екінші, үшінші орындарды октябрьлік А.Глуздов пен ақтөбелік В.Мостовщиков бөлісті.

Сол сияқты мұғаджарлық Ш.Әбдіразақов, мартуктік Қ.Хасенов, новоресейлік А.Классен жақсы нәтижелерге жетті»,  — дейді ол. («Коммунизм жолы», 23 қаңтар, 1985 жыл.)

Біз неге көрмейміз?

Қарапайым халықтың, әсіресе шалғай ауылдар тұрғындарының «бас ауруының» бірі — көгілдір экран еді. Бұл мәселе облыстық газеттерде жиі көтерілген. 70-жылдардың ішінде облыстың барлық дерлік өңіріне телевизия қызметі жеткізілген. Әйткенмен, Байғанин ауданы тұрғындары 1985 жылы облыстық «Коммунизм жолы» газетіне: «1973 жылдан бастап көгілдір экранды көре бастадық. Бір-бір қарамызды сатып, теледидар алдық. Бірақ қуаншымыз көпке бармады» — деп хат жолдағандай, халықтың қуанышы ұзаққа бармаған. Бір-бір қараның құнына алынған теледидарлар дыбысы болса, суреті болмай, суреті көрінсе, дыбысы шықпай, тілін тауып, «сөйлететін» адам тағы табылмай, жұрттың жүйкесін тоздыратын «жәшікке» айналған.

«Мен 1977 жылы телевизор сатып алған едім. Содан бері дұрыс көрсеткен күні жоқ. Сонымен кепілдік уақыты да өтіп кетті. Бірде телемастерге апарып едім, «онысы жоқ, мұнысы жоқ» деді. Ақтөбеден де таба алмадым» — делінген бір хатта.

«… көріп отырған тым жақсы дүниеміз сан күйге түседі. Бірде дауысын үзіп жіберсе, бірде орысша-қазақша араласып кетеді, не болмаса экран аппақ болып тұрып алады. Аудандық байланыс торабының бастығына барсақ, құлағын басып, басын шайқайды. Ол мен ештеңе білмеймін дегені», — деп жазыпты шалғай аудандардың бірінен хат жолдаған ардагерлер. Ал тағы бір хатта: «Біз Ырғыз даласын мекендеген, мыңдаған мал өргізіп жатқан еңбек адамдарымыз. Әртүрлі себептермен кейбіріміз орысша сауат аша алмай қалдық. Сондықтан республика еңбеккерлерінің игі істерін, өнер шеберлерінің концертін қазақ тілінде көргіміз келеді» — делінген.

Жөндеу мерзімі… үш жыл

«Кемшіліктерді түзеу үшін оны айту, көрсету керек». Ол кездің басты «ұраны» осы болды. Облыстық газет беттерін парақтағанда, жұрттың сан қилы мұң-мұқтажы алдыңыздан шығады. Мысалы, шалқарлық соғыс және еңбек ардагері Ш.Қарамергенов өзінің «Жигули» көмек сұрайды» атты хатында көліктері бұзылып қалған жерлестеріне оны жөндеп, қайта мінудің мұң болып жүргенін ашына жеткізіпті. «Шалқар қаласында ондаған автомобиль жамылғымен қымталып, қысы-жазы орнынан қозғалмай тұр. Сонау жапан түздегі малшылар ауылында да қаңтарулы тұрған машиналар аз емес… Ақтөбеге апарғанның өзінде жолың бола қойса жақсы. Соның азабын шеккендердің бірі — өзім. Үлкен қиындықпен Ақтөбеге жеткен «Жигулиім» бөлшек күтіп үш жыл тұрды. 1984 жылдың жазында ВАЗ станциясында 2,5 ай уақытымды өткіздім. Облыстық партия комитетінің араласуымен ғана әрең дегенде машинама жан енді» — дейді ол. (4 мамыр, 1986 жыл.) Сондықтан ол Шалқардан техникалық қамту стансасы филиалын ашу жөніндегі көпшілік тілегін жеткізеді.

«Сақалды» құрылыстар, қаңтарылған көліктен бөлек, кей ауылда нанды… кәдімгі дүкеннен сатып алудың өзі оңайға түспепті. «Бершүгір» совхозының орталығы — Қайыр селосының тұрғындары атынан жолданған шағымда ауылда нан дүкенде емес, наубайхананың өзінде сатылатыны айтылған. Сатылғанда да, мерзімді уақыт белгіленбей, өнімнің дайын болуына қарай сатыла береді. «Сондықтан да село тұрғындары ертеден кешке дейін наубайхана маңында жүреді», — делінген хатта. Ал нанды дүкенде сату туралы мәселе селолық кеңестің сессиясында да көтерілгенмен… іс жүзіне аспаған.

«Коммунизм жолы» газетінің 1986 жылғы 9 қыркүйектегі нөміріне Ырғыз аудандық газетінің тілшісі Р.Өтемісовтің «Жеті жүз адамға — жалғыз доп» атты мақаласы шыққан. Автор жуырда ғана ауданда «Ырғыз» газетінің жүлдесі үшін футболдан жарыс ұйымдастырылғаны жөнінде баяндайды. Жарыс қорытындысында аудандық агроөнеркәсіптік бірлестіктің «РАПО» командасы — бірінші, «Педагог» — екінші және автокөлік кәсіпорындарының «Автомобилисі» үшінші орынды жеңіп алыпты. Жүлдегер командалар мен жекелеген ойыншыларға бағалы сыйлықтар тапсырылған. Бәрі жақсы, алайда жарыс ұйымдастыру үшін, доп іздегенде, аудандық спорт мектебінен жалғыз-ақ доп табылыпты. Оның өзі, автордық айтуынша, «жамауы жалбыраған доп». Бүкіл жарысты сол жамауы жалбыраған жалғыз доппен өткізуге тура келген…

 Чернобыльге көмек

Кеңестер Одағында тұтас ұлттың үштен бірі аштан қырылып немесе атом бомбасы сынағы өтіп жатса да, жұмған ауыз ашылмайтын, шындық айтылмайтын. Сол «тәртіп» 80-жылдардың ортасында өзгерді. 1986 жылдың сәуірінде Украинадағы Чернобыль АЭС-інде апат болды. Бұл жөнінде бүкіл елге жария етілді. Ақтөбеліктер апат құрбандарына күн сайын дерлік көмек жинап жатты. Біреу — үш күндік, біреу екі апталық жалақысын көмек ретінде ұсынды. «Пушинка» фабрикасы ұжымы 1050 сом аударған. Ал Шалқардағы «Уралтрансгаз» бірлестігінің №11 компрессор стансасының агрегат машинисі Ұ.Мырзалин зардап шеккендер қорына 32 сом аударған, т.б.

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Деректер облыстық мемлекеттік мұрағаттан алынды.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*