Басты бет » Басты жаңалықтар » Биыл 330 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылады

Биыл 330 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлуді тапсырды.

Облыс әкімдігінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында мүмкіндігі шектеулі жандарды қозғалыс құралдарымен қамтамасыз ету мен оңалтуға байланысты мәселелер талқыланды.

Облыста мүмкіндігі шектеулі 24 мың азамат тұрса, оның үш мыңы — балалар.

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша, мүгедектерді қозғалыс құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету үшін биыл 869 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Мүмкіндігі шектеулі жандар протездік-ортопедиялық бұйымдармен, шипажайлық-курорттық сауықтырумен, жеке көмекшілердің, ым-ишара мамандарының қызметтерімен қамтамасыз етілген. Айта кетейік, ағымдағы жылы осы мақсатты қаржыландыру екі есеге өскен болатын. Тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге сегіз электрлі арба, зағип жандарға 40 компьютерлік тифлокешен мен 40 Брайльмен оқитын машина және тағы басқа құралдар сатып алынды.

Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында психоневрологиямен ауыратын 18 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылып, 18 жастан асқан азаматтарға арнап 150 орындық медициналық-әлеуметтік мекемелер ашу шаралары қабылдануда.  Облыстағы 18 әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің мамандары Ақтөбе қаласында, Мәртөк, Қобда, Ойыл аудандарында тұратын 763 мүгедек пен мүгедек балалардың үйлеріне барып қызмет көрсетеді. Аталған жұмыс үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданында тұратын 700-ден аса мүгедек азамат жыл басынан бері  «Инватакси» қызметін қолданған, осындай қызметтерді Мұғалжар мен Алға аудандарында да ашу жоспарда бар.

Мүгедектерді оңалту мақсатында төрт әлеуметтік жоба жүзеге асырылды, олардың қатарында ым-ишара тілі аудармашыларының қатысуымен есту қабілеті нашар жандарға арналған бейнетелефондық диспетчер қызметі, иппотерапия, аудандарда сурдоаудармашы болып жұмыс істеу үшін ым-ишара тілінің мамандарын оқыту курсы бар.

Биылғы жылы облыстың халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша кешенді жоспарына сәйкес 330 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 466 мүгедек жұмыспен қамтылған. Өткізілген 84 бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша 45 мүгедек жұмысқа орналастырылып, 30-ы уақытша қоғамдық жұмыстарға жіберілген, 13-і әлеуметтік жұмыс орындарына орналасса, 72 адамға кеңес берілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

— Олардың әрқайсысы мемлекеттік қолдау алуға, белсенді қоғамдық өмірге тартылуға тиіс. Бұл жұмысқа еріктілерді, жастарды, үкіметтік емес ұйымдарды тарта отыра, істі  тұрақты түрде жүргізіп тұру қажет. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз проблемаларымен жалғыз қалмаулары тиіс. Қозғалыс құралдарымен қамтуға және оңалтуға бөлінген қаражат жүз пайыз игерілуі керек, — деп Б.Сапарбаев құзырлы орган басшыларына нақты тапсырма жүктеді.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*