Басты бет » Денсаулық » Тұмаудан сақтан!

Тұмаудан сақтан!

Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тұмаудың алдын алу және вакцинациялауға  байланысты баспасөз жиынын өткізді.

Департамент басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев аурудың жұғу жолдарын айтты. Тұмау — тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Ауру адамнан адамға жөтелгенде, түшкіргенде ауа тамшылары арқылы жұғады.  Тұмаудың инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан жеті күнге дейін созылады. Аурудың басталуы жедел интоксикация синдромымен сипатталады. Бірнеше сағат ішінде дене температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, маңдай тұс пен қабақ үсті аймағының ауырсынуы, бас айналу, әлсіздік, буындар ме сүйек бұлшық еттері ауырады. Егер ауруды дер кезінде емдемесе,  соңы бронхит немесе пневмонияға соқтыруы мүмкін.

Биыл эпидемиялық маусымда А жән В типті тұмау вирусы белең алуы мүмкін. Жыл басынан бері сегіз айдың ішінде  жедел респираторлы вирусты инфекцияны 5523 адам жұқтырған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны — 2755. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 2,32 пайызға төмендеген.

Бүгінгі күні тұмаудың  ең тиімді және ғылыми негізделген әдісі — вакцинация. Биыл тұмауға қарсы 32 334 вакцина сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 28 179 000 мың теңге бөлінген. Облысқа тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасы әкелінген. Вакцинаны өндіруші ел — Ресей. Облыста тұмауға қарсы вакцинациялау бірінші қазаннан басталып, он бесінші қарашаға дейін жүргізіледі. Жергілікті бюджеттен ақысыз вакцинациялауға жататын адамдар: медицина қызметкерлері, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балалар, әлсіз және алты айдан асқан көп ауыратын балалар, балалар үйлері мен сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйіндегілер, мүгедектер, жүкті әйелдер және тағы басқалары. Ал тұмауға қарсы ақылы түрде вакцинациялау барлық қалалық емханаларда жүргізіледі.

Жиында дәрігрлер аурудың алдын алу мен оны емдеу жолдарын түсіндірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*