Басты бет » Жаңалықтар » Жемісті жылдар

Жемісті жылдар

Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова — еліміздің дамуына үлкен үлес қосып, жоғары кәсібилік пен іскерліктің үлгісін көрсетіп жүрген нәзік жанды қайраткерлердің бірі.

Еңбек жолын сонау 1976 жылы аға тәлімгер, бастауыш сынып мұғалімі қызметтерінен бастаған Сәния Мұсақызы ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді. Ол 1980-1988 жылдары комсомол ұйымдарында қызмет жасаса, 1988 жылдан бастап 1999 жылға дейін атқарушы билік органдарында, атап айтсақ, халық депутаттары Ақтөбе қалалық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, қала әкімінің бірінші орынбасары болып еңбек етті.

Сәния Мұсақызы 1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып, белсенді халық қалаулыларының қатарынан табылып, елімізде Заң жобасын әзірлеу, оларды талқылауға белсенді түрде атсалысты. Оның осы қызметтегі жетістіктерінің бірі — «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңдағы бес және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген, қалада тұратын аналарға 53 жастан зейнеткерлік демалысқа шығуға құқық беретін тармақты қостыртуы.

Сол кездегі депутат қалада тұратын аналардың жағдайын жақсы білетіндіктен, олардың 53 жастан зейнеткерлікке шығуына құқығы бар екенін дәлелдеп шығуды өзіне мақсат етіпті. Ақырында қайсар мінезді қыз әріптестерінің қолдауымен өз мақсатына жетіп, аталған Заңның қабылдануына қол жеткізген.

Депутаттық мерзімі аяқталған соң, ол туған жері — Ақтөбеге оралады. 2004-2012 жылдар аралығында қала әкімінің орынбасары, қаладағы №17 мектеп-гимназияның директоры, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы сынды қызметтерді атқарды.

2012 жылдан бастап облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарып келеді.

Өз жұмысына адал, іскер, батыл, қайсар хатшының ісі — көпке, әсіресе жастарға, жас қызметшілерге үлгі-өнеге.

Сәния Мұсақызы қызмет барысында біржақты жұмыстың жайын ғана ойлап қоймай, адамдармен жақсы қарым-қатынасты қатар алып жүруге көп көңіл бөледі. Адамдарды тани білу, оларды жақсылыққа, жаңашылдыққа шақыру, жастарға білмегенін үйрету, өз тәжірибесімен бөлісу —  мұның бәрі облыстық мәслихат хатшысының күнделікті жұмыстағы ұстанымы. Қызметте оның осы қасиетін жоғары бағалайтындар көп.

Сәния Мұсақызы қызметінен бөлек қоғамдық іс-шараларға да үнемі белсенді түрде атсалысады.

Өткен аптада Ақтөбе қаласында өткен «Туған жер» республикалық жерлестер форумын ұйымдастыруда, оны жоғары деңгейде өтуіне Сәния Мұсақызының қосқан үлесі зор. Оның әр шараның тиісті деңгейде өтуіне, ізгілікті істердің жүзеге асырылуына жанашырлықпен қарап, барлық іс-шаралардың басы-қасында жүруі — оның туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен өз жұмысына берілгендігінің көрінісі.

Сәния Мұсақызының жемісті еңбек еткен жылдары ел Тәуелсіздігінің нығаю жылдарымен тұспа-тұс келеді. Оның тәуелсіздік жылдарында еліміздің дамуына, өңірдегі әлеуметтік мәселелерді, халық арасында түйткілді түйіндерді шешуге қосқан үлесі зор.

Облыстық мәслихат хатшысы бүгінде әртүрлі салада арнайы құрылған комиссиялармен, депутаттармен жұмыс жасап, оларды халықтың мүддесі үшін қызмет етуге жұмылдырып, үнемі игі істердің ұйытқысы болып жүреді.

— Менің саналы ғұмырым, ең жемісті қызмет еткен жылдарым тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келеді. Ойлап қарасам, біз әлі де Тәуелсіздіктің қадірін терең түсіне алмай келе жатқан секілдіміз. Өз Елбасың, өз Парламентің, өз жеріңнің төрінде өз астанаң, өзіңнің төл ақшаң болуы қандай бақыт! Бізден кейінгі буын өткен 25 жылдық тарихқа жаңа көзқараспен қарайды. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғынатын, сезінетін ұрпақ келеді. Әрине, олар біз жүріп өткен жолды саралап, өз бағаларын береді. Мен, ең бастысы, елімізде тыныштық пен бірлік болса екен деймін. Өйткені халқымыздың ынтымағы мен бірлігі — Тәуелсіздігіміздің басты тірегі, — дейді С.Мұсақызы.

Отыз жылға жуық уақыт Ақтөбе қаласында, облыста басшылық қызметтер тізгінін ұстап келе жатқан Сәния Мұсақызының еңбек жолында жеткен жетістіктері жетерлік. Ол — «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Сондай-ақ әр жылдары «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Ақтөбе облысының жыл адамы — 2011» белгілерімен марапатталып, «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атағын иеленіп, ел Тәуелсіздігінің 10, 20 жылдығына байланысты мерейтойлық медальдарын кеудесіне тақты.

Данагүл ТАУАНОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*