Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Алғаш рет мәйіт донорлығы бойынша бауыр ауыстырылды

Алғаш рет мәйіт донорлығы бойынша бауыр ауыстырылды

«Туған жер» форумы аясында Ақтөбеде алғаш рет мәйіт донорлығы бойынша бауыр ауыстыру операциясы жасалды. Отаны ҚР Ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, академик, профессор, медицина ғылымының докторы  Жақсылық Досқалиев бастаған ақтөбелік хирургтер жасады.

— Ақтөбеде үлкен шара ұйымдастырылып отыр. Форумның мақсаты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға негізделген. Бұндай шара осы жерде туып-өскен азаматтардың туған жеріне деген перзенттік парызын орындауға мүмкіндік береді. Біз батыс аймағында алғаш рет мәйіт донорлығы арқылы бауыр трансплантациясын жасап отырмыз. Бұл — үлкен жетістік, Жалпы еліміздің игілігіне жұмыс істейтін Қазақстандағы алғашқы медициналық кластердің осы жерде құрылатыны да мені қуантады, — деді академик Жақсылық Досқалиев.

Мәйіт донорлығы бойынша бұған дейін бүйрек ауыстыру отасы жасалған болатын. Ал бауыр трансплантациясы бойынша бұл — алғашқы ота.

— Таңертең басталған ота түстен кейін аяқталды. Науқастың жағдайы қалыпты. Науқас ұзақ жылдар бауыр циррозы ауруынан зардап шеккен. Жасалған ем нәтижесін бермегендіктен  бауырын ауыстыруға тура келді. Бұған дейінгі бауыр  трансплантациясы кезінде науқастарға туған-туыстары ғана донор болды, — деді облыстың бас хирургі Ерлан Сұлтангереев.

Қазір ота жасатқан азаматтар дәрігерлердің бақылауында. Бас хирургтің айтуынша, форум аясында 25 бірегей медициналық операция жасалмақ. Оның екеуі —  мүше трансплантациясы.

Сонымен қатар Жақсылық Досқалиев туған жері Алға қаласында өт жолдарында ақауы бар үш науқасқа күрделі ота жасады. Бауыры ауыратын науқастарға кеңес берді. Оларға медициналық кластердің көппрофильді ауруханасы жанынан экстрипация және өңешті пластикамен қайта тігу бойынша төрт жоғары технологиялық операция жасалды.

Сондай-ақ бұл күні облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы мен облыстық балалар клиникалық ауруханасында Ашық есік күні өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандарды ересектер мен балаларды қабылдап, дәрігерлік кеңес берді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*