Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Жекпе-жек сарайындағы тұңғыш сайыс

Жекпе-жек сарайындағы тұңғыш сайыс

«Туған жер» форумына келген қонақтар Жекпе-жек сарайында дзюдодан ҚР Президентінің жүлдесіне арналған халықаралық турнирдің ашылу салтанатына қатысты.

Байрақты бәсекеге қатысу үшін палуандар әлемнің 9 елінен жиналған. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Маратбек Мықтыбеков, сондай-ақ, Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Юрий Мельниченко, т.б. арнайы келді. Жаһандық жарыста алғаш боп сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алған «Туған жер» форумы аясында Ақтөбеде Жекпе-жек сарайының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Турнирге қатысушыларға ыстық ықыласымды білдіремін.

Бүгінгі іс-шараға Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Юрий Мельниченко сияқты ел мақтаныштары, әлемдік спорттың саңлақтары қатысып отыр. Ол бізге өте үлкен қуаныш. Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған халықаралық турнирдің осынау жаңа спорт сарайында өткізілуінің символдық мәні бар. Өйткені Мемлекет басшысы жас кезінен күреспен айна-лысқан, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп келе жатқан жан-жақты тұлға. Оның еліміздегі спорт саласының дамуына ұдайы қамқорлық жасап отыратынын жақсы білесіздер. Бұл орайда бүгін есігін ашқан заманауи кешен ел Президентінің жүзеге асырылып жатқан саясатының көрінісі деп білемін, — дей келе, елімізде бұқаралық спортты дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Әр ұлттың, мемлекеттің атын шығаратын, ол — спорт. Осыдан 37 жыл бұрын қасымызда тұрған бауырымыз қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қазақтың атын бүкіл әлемге танытты. Оның ізін жалғап келе жатқан інілеріміз бар.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа қалай көңіл бөлетінін өздеріңіз жақсы білесіздер. Біз де сол Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында өңірімізде спорттың материалдық-техникалық базасын нығайтып, өзіміздің спортшыларға жағдай жасап жатырмыз. Біздің арман — осы Ақтөбеден Олимпиада чемпиондары шықса екен. 

Облыс басшылығы атынан «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге, оның ішінде Шамиль Каспрановқа бізді қолдағаны үшін мың да бір рақмет! Осы ғимарат-қа 1,5 миллиард теңге жұмсалды, спорт сарайы халықаралық талаптарға сай келеді.

Спортшыларға табыс тілейміз! Ұлтымыздың, мемлекетіміздің даң-қын асырып жүре беріңіздер. Барлығы құтты болсын! — деп жылы лебізін білдірді.

Одан соң даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіров осынау игіліктердің бәрі Тәуелсіздіктің, елімізде жүргізіліп отырған дұрыс саясаттың арқасында екенін айта келе, өзінің соңынан ерген жастарға сәттілік тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын өткен баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар дүниежүзілік додаға Оңтүстік Корея, Ресей, Украина, Грузия, Қырғызстан, бас-аяғы 9 елден 60-қа жуық команданың бақ пен бабын ортаға салатынын хабарлаған еді. Жиында Олимпиада чемпиондары — Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Юрий Мельниченколар Ақтөбедегі спорттық ахуалдың соңғы жылдары айтарлықтай жақсарғанын, бұның барлығы осы салаға жасалып жат-қан жағдайдың арқасы екенін атап өткен. «Осыдан шамамен 5 ай бұрын Ақтөбеге келгенде Жекпе-жек сарайы енді салынып жатқан еді. Айналасында да осындай зәулім ғимараттар болған жоқ. Енді, міне, аздаған уақыттың ішінде осындай кең, іші жарық, барлық талаптар-ға сай келетін спорт сарайында халықаралық жарыстың ашылуы болып жатыр. Бұның бәрі айналып келгенде басшыға байланысты деп айтар едім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, қай сөзінде болсын, туған жерді ұлықтау керектігін ұдайы айтады. Болашақ ұрпақ үшін осындай ғимараттар салынуы тиіс. Соның арқасында көптеген жастар рухтанады, спортпен айналысады. Меніңше, осының барлығы Тәуелсіздіктің арқасы. Соны ұмытпай, әрдайым айтып жүруіміз керек, — деді Ж.Үшкемпіров.

Жекпе-жек сарайы Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданында орналасқан. Аумағы — 5878,6 шаршы метр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*