Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Мемлекеттік хатшы жаңа мектептің ашылуына қатысты

Мемлекеттік хатшы жаңа мектептің ашылуына қатысты

Кеше «Туған жер» республикалық форумының ашылуынан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы әлеуметтік ғимараттарды аралап, Сазды ауылдық округіндегі жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Алдымен Мемлекеттік хатшы Кірпішті ауданында орналасқан «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығына барды. Орталықты аралап көріп, жастармен тілдесті.

Биыл маусым айында ашылған орталықта бүгінгі күні балалар үйінің 16-29 жас аралығындағы 91 түлегі тұрып жатыр.

  • Орталық аумағында 5 корпус орналасқан. Оның төртеуі пәтер ретінде болса, бесіншісі — әкімшілік корпус. Орталықтың әкімшілік бөлігінде кәсіпкерлер палатасы арқылы шағын цехтар ашылды. Қазір жастар осы цехтарда жұмыс жасап жатыр. Біздің орталықтағы жастардың дені — ер балалар. Олардың 60 пайызы жұмыс жасаса, қалғаны оқу орындарында оқиды. Біз мұнда жастарға мүмкіндігінше үйдегідей жайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз, — дейді орталық директоры Жанна Дүйсенбина.

Айта кету керек, «Мейірім» орталығы «Сәби» қайырымдылық қорының бастамасымен ашылған. Жоба құны — 1,7 млрд теңге. Жалпы аумағы — 4400 шаршы метр.

Бұдан кейін Гүлшара Әбдіқалықова Есет батыр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжіне барды. Ғимараттың ішін аралап, колледж ауласында жаңадан салынған спорт алаңын қарады.

Мемлекеттік хатшы Сазды ауылдық округінде салынған Ш.Құдайбердіұлы атындағы №66 орта мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Шарада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөз сөйледі.

  • Бүгін «Туған жер» республикалық форумының аясында бірнеше іс-шараларға қатысып жатырмыз. Соның ішінде мектептердің ашылуы, іске қосылуы — қуантатын жағдай. Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 26 жыл толады. Осы жылдардың ішінде Ақтөбе облысының өзінде 120 жаңа мектеп салынған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша рухани баюдың бір кепілі — ол білім ордасының салынуы, балаларға сапалы білім беру, жастарды алға тәрбиелеу.

Бүгінгі күні мектептерде қандай мәселелер бар? Біріншіден, мектепке дейінгі жастағы балаларды арнайы балабақшалармен қамтамасыз ету. Екіншіден, мектеп жасындағы балалар үшін үш ауысымды мектептерді жойып, екі ауысымдық білімге көшу, апаттық жағдайдағы мектептерді болдырмау. Осының барлығы облыс бойынша қолға алынып, үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мына жаңа ауданда шетелдерден келген қандастарымыз келіп тұрып жатыр екен. Олардың ішінде көпбалалы аналар бар. Сондықтан жаңа мектеп балалардың игілігіне, еліміздің болашақ азаматтарының тәрбиеленуіне жұмыс істейді деп сенеміз. Осы мектептен Серік Ақшолақов, Жақсылық Досқалиев сияқты дәрігер мамандар, бизнесте жүрген белгілі кәсіпкерлеріміз сияқты азаматтар шығады деп ойлаймын. Озық отыз елдің қатарына қосыламыз десек, алдымен балаларға сапалы білім беруіміз керек. Сондықтан мектеп ұжымына, оқушыларға табыс, сәттіліктер тілеймін, — деді Г.Әбдіқалықова.

Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.

  • Әрбір мемлекеттің болашағы, дамуы білімді, денсаулығы мықты, мәдениетті азаматтарына байланысты. Сондықтан әрбір мемлекет өзінің болашағы үшін осы салаларға ерекше көңіл бөледі. Өткен ширек ғасырда Қазақстанда әлеуметтік салалардың қалай дамып жатқанын сіздер жақсы білесіздер. Елімізде мыңнан астам мектеп, балабақша салынды. Басқа мемлекеттерде жоқ Назарбаев зияткерлік мектебі, Назарбаев университеті, Гүлшара Наушақызы басқарып отырған комиссия жылына кем дегенде екі мың жақсы оқитын балаларымызды дүниенің ең мықты деген университеттеріне мемлекеттің атынан оқуға жібереді. Бұның барлығы — болашақ үшін жастарға жасалып отырған жағдай, Мемлекет басшысының халыққа, болашақ ұрпаққа деген жүргізіп отырған саясаты.

Біз Елбасының берген тапсырмасын орындай отырып, жылдан-жылға өңірдегі мектептердің материалдық базасын нығайтып, үш ауысымдағы, апатты жағдайдағы мектептерді азайтып келеміз. Бұл мектеп — биыл облыста ашылып отырған оныншы мектеп. Жыл аяғына дейін тағы 4 мектеп пайдалануға беріледі. Биыл біздің өңірде 23 мектеп салынып жатыр. Мұндағы мақсатымыз — 2020 жылға дейін Ақтөбе облысында үш ауысымды, апатты жағдайдағы мектептерді жою.

Облыс басшылығы атынан барлығыңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді Б.Сапарбаев.

Өз сөзінде облыс әкімі республикалық форумның маңыздылығына тоқталып, Мемлекеттік хатшыға облыс халқының атынан алғысын білдірді.

Шарада мектептің өнерлі оқушылары әннен шашу шашып, ата-аналар қауымы Елбасына, облыс әкіміне шынайы ризашылықтарын білдірді.

Мектептің ашылу лентасы қиылған соң Мемлекеттік хатшы жаңа ғимараттың ішін аралады, ұстаздар мен ардагерлермен тілдесті.

— Өзіміз көргендей, мектептердің бәрінде оқушыларға да, ұстаздарға да барлық жағдай жасалған. Сіздер, ардагерлер, осы мамандықтың қыр-сырын меңгергенсіздер,  сондықтан алдағы уақытта жас мамандарға көмектесесіздер деп ойлаймын. Өйткені жастардың арасында сын көп. Қазір оқулықтарға да, стандарттарға да сын бар. Сондықтан сіздерден жастардың үйренері көп, сол үшін оларға қолдау білдіріңіздер! — деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы бастаған топ Сазды ауылдық округінде құрылысы жүріп жатқан 50 адамды қабылдауға есептелген дәрігерлік амбулатория мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған балабақшаға барды. Сондай-ақ ауыл шетінде су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін салынған тұрғын үйлерді қарап, ауыл тұрғындарымен тілдесті.

Мемлекеттік хатшы қоныстойын тойлап жатқан Кабаровтар отбасын қуаныштарымен құттықтап, отбасы мүшелеріне жүрекжарды лебізін білдірді.

Айта кету керек, биыл облыс әкімінің тапсырмасымен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жаңа тұрғын үй салу үшін Ақтөбе қаласының сыртынан 107 жер телімі берілді. Сондай-ақ тұрғындарға құрылыс материалдарын сатып алу үшін «Қолғанат Ақтөбе» қоры арқылы қаржылай көмек көрсетілді.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияровтың айтуынша, Сазды селолық округінен 13 отбасыға жер телімі берілген. Тұрғындар бүгінде үйлерінің құрылысын аяқтап, қоныс тойын тойлап жатыр.

Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ 11-шағын ауданда орналасқан «Олимп» хоккей модуліне де барды. Ғимараттың ішін аралап, жас спортшылардың мәнерлеп сырғанаудан көрсеткен өнерін тамашалады.

Құрылысы биылғы жылдың маусым айында аяқталған ғимаратта барлық жағдай жасалған. Мұнда жастар шайбалы хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерімен айналысады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*