Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Нұрдәулет СӘДУОВ, Ақтау қаласындағы «Интер-Строй-Ақтау» фирмасының директоры:

Нұрдәулет СӘДУОВ, Ақтау қаласындағы «Интер-Строй-Ақтау» фирмасының директоры:

— Ауылда туып-өскен біздердің армандарымыз алысқа жетелейтін. Жоғары білім алып, белгілі бір мамандық иесі болсақ дейтінбіз.

Соның бәріне қол жеткізген кезімізде заман өзгерді, нарықтық қатынастар үстемдік ете бастады. Біз де уақыт ағымына сай қозғалыстар жасауға ұмтылдық.

Бүгінде сонау Ақтау қаласында еңбек етіп жатырмын. Мен жетекшілік ететін Маңғыстау өңіріндегі «Интер-Строй-Ақтау» фирмасы құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

Өмірден өз орнымды таптым дегенмен, туған жерге алаңдап отырасың. Мен де солаймын. Мүмкіндік болса елге келіп, бір игі іске араласқым келеді.

Осы кезге дейін өзім туып-өскен Шалқар ауданының бірқатар шараларына қатысып, қолдау жасап келемін. Бегімбет ауылында мешіт үйін тұрғызып, ақсақалдардың батасын алдым.

Бұл шаруаларды атқару менің перзенттік парызым, азаматтық борышым деп білемін. Қазақта азамат атқарған жұмысын айта бермейді. Мен сөз реті келіп қалған соң тілге тиек етіп жатырмын.

Ал Ақтөбеде өткен «Туған жер» республикалық форумы бізді жаңа істерге жетелеп отыр. Осы форумның үстінде-ақ біраз ойлар туындағандай. Расында да «мен туған жеріме не істей аламын?» деген сауал көкейде тұр. Оны алдағы уақыт көрсетеді.

Ең бастысы, жан-жақтағы жерлестер басымызды қосып, пікірлесіп, бір жасап қалдық. Ақтөбе қаласының бүгінгі көркіне мақтаныш сезімімен қарадық.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*