Басты бет » Тарих » Ауыл шаруашылығының сардары еді…

Ауыл шаруашылығының сардары еді…

Тағзым

Кешегі кезде халықтың көз алдында, өз еңбегімен, білім-білігімен билік басына өрлеген азаматтардың есімдері үнемі бұқараның жадында жүреті анық. Жетпісінші жылдары мен өзге ауданда тұрып жұмыс істесем де, облысымыздың қалған аудандарындағы Ерсайын Әжібаев сынды басшы азаматтардың есімдерін жатқа білетінмін және олардың өмірбяндарынан да хабардар едім.

Сол сырттай таныс Ерсайынды біраз жылдардан кейін, 1987 жылы Исатай аудандық партия комиетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда алғаш көрдім. Ақтөбе қаласындағы мен танитын азаматтар, оның ішінде бұрын комсомол қызметінде болған қыздар мен әлі де кездесе қоймаған азаматтың есімін ерекше құрметпен, ыстық ықыласпен атайтын. «Ерсайын мына кездесуде былай деді, ана тойда ән шырқады» деп риза болып отыратын.  Бұл шақта әлгі комсомолдық қызметтен өскен сұлулар облыс орталығында партиялық қызметтерде болатын. Сондықтан мен «ел жақтаған, қыз мақтаған», Ерсайынды көруге қатты құмартып жүрдім.

Сөйтіп жүргенде іссапардың сәті түсіп, бір күні өзім бұрын көрмеген Қобда  ауданына жолға шықтым. Сол ауданның орталығынан тура батысқа қарай бұрылған жол ұзаған сайын бейтаныс өлке алдыман шыға берді. Бірден аңғарғаным, Исатай ауданының (бүгінгі Қобда ауданының бір бөлігі сол кезде осылай аталды) аумағына еніп, ілгерілеген сайын жер бедері өзгере береді екен. Жаздың кезі еді. Айнала егіс: биік шыққан бидай, арпа, басын күнге қарай иген күнбағыс аудан орталығы Ақырапқа жеткенше андыздап алдан шықты да отырды. Бұл көргенім әншейін екен, бітік егістің көкесін кейін аудан орталығынан әрі асып, «Краснояр», «Қазақстанның 15 жылдығы», «Жиренқопа» кеңшарларын аралағанда көріп қатты сүйсінгенім есімде. Жері шұрайлы, қара топырақты Орынбор өлкесімен қолтықтасып жатқан ауданның сол кездегі шаруашылығының шалқып тұрғанын әңгімелесем, мен тақырыптан алшақтап кетемін. Сондықтан осымен шектеліп, кейін оралайын.

Ақырапқа жеткен соң, осында аудандық газеттің редакторы болып қызмет істейтін әріптесім Жалғас Хасеновті іздедім. Тек әріптес емес, ойылдық, өзіммен онбіржылдықты бірге бітірген сыныптас дос еді. Сол үйден шай ішіп жайланғасын, әңгіменің мән-жайы белгілі болды. Бірінші хатшының редакторға ықыласы түзу, құрдас деп іш тартып тұрады екен. Жалғасым дастарқан басында бірінші хатшының кісілігі мен азаматтығын ашатын біраз әңгіменің басын қайырғасын, мені аупарткомға бастап баруға, таныстыруға ыңғай білдірді. Ол кезде бәрі орыс тілінде сөйлейді. Қандыағаш, Бадамша, Хромтау, Ақтөбе, Алға, Ембі қалаларында болған кезде көшелерінде қазақ тілінде тілдесетін адам ұдайы ұшыраса бермейтін. Тіпті қазақы аудандарға жатқызылатын кейбір аудандардың тұрғындарының өздері де орыс тілінде сөйлеуге бейім еді. Осындай жағдайда, Ресеймен шекаралас жатқан Исатай ауданының жағдайы айтпаса да белгілі ғой. Бірақ, менің таңғалғаным, ауданның бірінші хатшысы кабинетінде қабылдаған кезде, орысша қоспай таза қазақ тілінде сөйлеп қарсы алды. Алды кең, сөйлегенде күлімдеп адамды өзіне тартып тұратын басшы, қыздар аузынан тастамаса тастамайтындай, келісті, келбетті азамат екен. Еңселі, қайың қаптал, бидай өңді, қара мұртты, үнемі шат, күліп сөйлейтін Ерекең «отызында орда бұзған, қырқында қамал алған» дейтін қазекемнің өлшеміне сыйып тұр. Бір көрген адамына да ағынан жарыла беретін мәрт мінезді, бәрін дос, бауыр санайтын басшы елге де қадірлі, сыйлы екен.

Сол сапарда бірінші хатшымен бірге, біраз шаруашылықты аралап, ауыл тұрғындарымен жүздестік. Кейін мен жол очерк  жазып, ауданның іскер басшысын әр қырынан көрсетуге тырыстым. Әңгімелескен кезде өзім түйген ойларын газет бетіне шығардым. Сөйтіп көпшілікке жақсы танымал азаматпен бір көргеннен-ақ таныс-сырлас болып кетіп едік. Одан кейін де  Исатай ауданына  талай барып жүрдім. Бірде «Победа» аталатын ұжымшардың егіншілік жұмысын сынауға тура келді. Себебі, бұл кеңшардың көрші Ақбұлақ ауданының  (Ресей) егісімен арасын дала жолы ғана бөліп жатыр. Әлгі ауданның егісі белуардан жайқалып тұр. Оның жанындағы победалықтардың егісі бойлап өспей қалған. Осыны мен агротехникалық шаралар сақталмайды, күтіп-баптау жоқ деп сынап жаздым. Жазуын жазғанмен, біразға дейін Ерекең ренжиді-ау деп уайымдап та жүрдім. Алайда ол мұны кейін кездескенде есіне де алмады. Әр нәрсеге адалдық көзімен қарау, баға беру табиғи жаратылысына тән мінез екен.

Ерекең Мәртөк ауданына қиын кезде бірінші басшы болды. Бұл  қоғам ауысып жатқан өтпелі кезең еді. Кешегі кеңестік шаруашылықты ұйымдастырудың шеберіне ұжымдық шаруаны бытыратып, жеке шаруа құрылысын өрбіту қайдан жеңіл болсын!? Бірақ Ерсайын басқаларға қарағанда, қоғамның жаңа лебін ерте сезініп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  тапсырмасын жергілікті жерде жүзеге асыруға ыждағатты кірісті. Аз уақытта облыстың өзге өңірлерімен салыстырғанда, бұл ауданның елді мекендері тәртіпке тез келіп қалды. Тап сол тұста халық қонысын тастап қалаға ауған жоқ. Қайта аталған ауданның әр ауылына облыстың шалғай аудандарынан босқан ел көшіп келе бастады.  Мұны көргесін, білгесін айтып отырмын. Сол тұста талай мәрте  бұл ауданға барғаным бар. Сонда аудан әкімі Ерсайынмен де талай әңгімелескенмін. Өзге жерлерге қарағанда басшылықтың дұрыстығынан мәртөктіктердің әл-ауқаты сол қиын кездің өзінде жоғары болды. Наубайханасы жұмыс істеп, май зауыты халыққа өнімін уақытылы беріп тұрды. Ақтөбе қаласынан іссапарға барған адамдар  қайтарда нан мен майды осы ауданның орталығынан сатып алатын.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында ауданның жаңалықтары көп болды.1996 жылы мамыр айында іссапармен барғанымда ауданның нарық жағдайына бейімделіп жатқанын өзгелерге үлгі етіп газетке материалдар дайындағаным есімде. Ол үлкен форматпен шығатын газетте ( «Ақтөбе», 25 мамыр 1996 жыл) бір бет болып шықты. Соның ішінде «Нарық жағдайына бейімделу — өмірдің талабы осы» деген тақырыппен Мәртөк ауданының әкімі Ерсайын Ысқақұлы Әжібаевпен сұхбатым да бар еді.  Ерекеңнің  сондағы мына әңгімесінен көп жайларды аңғаруға болады: «Біз адамдарға жағдай жасау, әлеуметтік мәселелерді шешу жайын сөз еткенде, жаңаша тұрғыда ойлай бермейміз. Әрине, ол ең әуелі елдің күш-қуатына байланысты. Бұл — өз алдына әңгіме. Сонымен бірге әрбір адамның, әрбір ауыл аймақ, ауданның әрекетіне, тыныс-тіршілігіне қатысты болатын жағы да бар. Жергілікті жерде шаруа түзелмей, әлеуметтік мәселелер жақсармайды» деген еді. Жиырма жылға жуық бұрын айтылған  Ерекеңнің осы сөзіне ой жіберсек, бүгінде оның бүкпесіз шындыққа айналғанының куәсі боламыз. Расында да, қазір елдің күш-қуаты артты, жергілікті жерде шаруа түзелді. Осының арқасында әлеуметтік жағдайды ойлауға мүмкіндік туды. Қазір жер-жерде, ауыл-ауылда балабақша, мектеп, мәдениет үйлері, спорт кешендері салынып жатыр. Газ тартылып, су құбырлары үй-үйге кіргізіліп берілуде. Асфальт жолдар төселуде. Көшелер қайта жөнделуде.

Ол жеке шаруаның психологиясын да ерте байқаған болатын. Мәселен, осы сұхбатта былай дейді: «Ал меншіктің ұжымнан бөлініп шыққан жеке түрлеріне көз салалық. Олар ойға-қырға шауып, қысқа өздері қамданды. Ешкімнен тамғы күтпей, қол да жаймай өз күштеріне сенді. Қарап отырсақ, шаруасы ұжымдық шаруашылықтардан артық болмаса, кем емес. Малы да қыстан азбай, күйлі шықты».

Екі тілге бірдей, ойлау қабілеті ерекше жоғары, көп оқып, үнемі ізденісте жүретін басшы қандай тақырыпқа әңгімелессең де үнемі дайын жүретін. Әрине, өзінің оң жамбасына келетін мал, егін мәселесінде алдына жан салмайтынын айту керек. Сонымен бірге ол экономиканың ұңғыл-шұңғылын да жетік білетін еді. Бірде тосын барған маған тың және тыңайған жерді игеруге байланысты облыстың қызық деректерін жатқа айтып бергені бар.

Таудың түбінде тұрсаң келбетін тұтас көре алмайсың. Адамдар да солай, тау тұлғалы адаммен бірге жүргенде оның болмысын зерделей бермейсің. Өмірден өткен соң қапы қалып жататынымыз да содан. Мен шынымды айтсам, күнде дерлік, облыс әкімдігінің асханасынан бірге тамақтанып, жиі дидарласып тұратын  құрдасымызды бұлай өмірден ерте кетіп қалады деп ойлағаным жоқ. Басқарма бастығы болған, одан кейін әкімшілікте қызметте болған жылдары Ерекең бастықпын демей, көпшілікпен бірге «Дастархан» асханасынан түскі ас ішетін. Бұл да бұқарадан шығып, халықпен біте қайнасқан азаматтың  шынайы  қарапайымдылығы еді.

Халық айтса, қалып айтпайды. Сол халық: «Қайрымды, ақкөңіл адамдардың жүрегі нәзік келеді» дейді. Дәрігерлік жақтан алып қарағанда да, мұнысында шындық бар. Мұндай адамдар бәріне көмектескісі келіп тұрады. Өзі түгілі, өзгенің қайғысын, ауыртпалығын да жүрегімен қабылдайды, қиналады. Осының бәрі жүрекке салмақ түсіреді, әрине. Кейінгі жиырма жылда Ерекеңнің жүрегіне түскен салмақтың ауыр болғанын сезінеміз. Күйіп-жанған мемлекеттік қызмет жауапкершілігі, кездейсоқ соққан отбасының қайғысы (баласының мезгілсіз өмірден өтуі) жаратылысында қайратты соғылған азаматты да қатты қажытқан сияқты.

Атпал азаматтың дүние салғанын мен кеш естідім. Қайда жерленгенін де білмейтінмін.  Бірер жылдықта жақын туысым өмірден озған еді. Бестамақ қорымының басына бет сипайын деп барсам, марқұм Ерекеңнің жанына түскен екен. Туысыммен бірге, құрдасыма да бет сипадым. Зайыбы, балалары  басына ерекше ескерткіш орнатыпты. Мәрмәр тастың бетін бидайдың сабағы салынған суреттермен бедерлепті. Мұнда біз білетін азаматтың елдің ырыздық-несібесі үшін ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қара нардай қайрат көрсеткен қайратты ердің болмысы тұр. Бұл көріністер бір жағынан адамды қамықтырады, екінші жағынан халық айтатын: «Жақсының аты өлмейді» деген рас екен–ау дегізіп, тоқтатады. Ауыл шаруашылығының сардары  Ерекең тірі болғанда, биыл жетпіс жасын атап өтер еді…

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Бір пікір

  1. Берік Дәндібаев

    иә Ерекең мен саноторияда бір көрші болып танысып едік әңгімешіл азамат еді кезкелген тақырыпта қозғай беретін ақжарқын азамат еді иманы жолдас болсын

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*