Ақтөбе

Мұхтар Құрманалин

Ақтөбе

Бір кезде жырақ кетіп ауылдастан,

Қаламсың қырық бес жыл бауыр басқан.

Жыр болып ұяладың жүрегіме,

Сен жайлы жазбасам да тәуір дастан.

 

Өмірдің татып талай бал-шырынын,

Думанды өтті сенде жыршы күнім.

Саяңа сән бергелі, бүршік жарып,

Біз де бір бойлап өскен тал-шыбығың.

 

Орныққан ақ бесігім ойда бекем,

Өзіңдей қайда қала, қайда мекен?

Тояттап толған айдай келбетіңе,

Әлия даңғылымен бойлап өтем.

 

Бәйгіге қоссаң баптап озады атың,

Кезің көп мәртебелі сөз алатын.

Арман не, сенің қамқор құшағыңда,

Бола алсақ лайықты азаматың.

 

Жырақта жүрек сыздап, сан аңсаған,

Бақытты-ау ордасына оралса адам.

Саяңа ұя салған қарлығаштай,

Жеткенше асығамын, қалам, саған.

 

Ақтөбе, сенсің менің сайран бағым,

Кетпестей кіндігімнен байланғанмын.

Табысың, тамашаң да толып жатыр,

Баяндап тауысайын қайдан бәрін.

 

Баршаның берік етіп босағасын,

Жалғайсың жүректерді, дос арасын.

Жетпісте біз қартайсақ ештеңе емес,

Сен — жігіт,

Жайнап мәңгі жасарасың.

 

Көркіңді досың түгіл жат мақтаған,

Жаныма сол бейнеңді сақтап бағам.

Төбе емес, тау тұлғалы биігімсің,

Арайлы ақ босаға, аппақ қалам!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*